Басты бетБИЛІК ПЕН БИЗНЕСЕЛ ІШІҚАРЖЫ СЕКТОРЫҮЛКЕН СҰРАҚХАЛЫҚТАН ХАТ

ЖАҢАТҰРМЫСТА ҚЫЗЫЛША ЕККЕН КӘСІПКЕР ӨЗ ӨНІМІН ӨТКІЗЕ АЛМАЙ ӘУРЕ

ЕШ КЕТКЕН ЕҢБЕК

ЖАҢАТҰРМЫСТА ҚЫЗЫЛША ЕККЕН КӘСІПКЕР ӨЗ ӨНІМІН ӨТКІЗЕ АЛМАЙ ӘУРЕ

Жамбылда жергілікті кәсіпкер есіл еңбегім еш кетті деп жыларман күйде. Биыл тәтті түбір еккен Болат Испанқұлов   өз өнімін не жинай, не өткізе алмай әуре.   Тұрар Рысқұлов ауданы, Жаңатұрмыс ауылының тұрғыны  20 гектар алқапқа  қант қызылшасын еккен.  Былтыр мемлекеттен  500 мың теңге субсидия алып, өз шаруасын бастаған екен. Енді жиған-тергенім  далаға кетті деп дабыл қаққан дихан   көмек көрсетпеді деп  билікке өкпелі. Өйткені, қаңтардың қақаған суығында қызылшаларының біраз бөлігі  үсіп кеткен.  Алқаптан алуға тиіс  150 тонна   тәтті түбірдің   қазір 80 тоннасы  дала жатыр.  Ал, қалған 70 тоннасы қазылмаған күйі тоңда жатыр.     Айтуынша,  оған қызылша егу кәсібімен айналыс деп   аудандағы атқамінерлер үгіттеген. Жиын-терімге жәрдем жасап, қажетті техникамен қамтамасыз етеміз деп уәдені де үйіп-төккен екен. Бірақ, жеме-жемге келгенде жер сипап қалдым деп отыр.

 

«Жартылай үсіп, бәрі былжырап жарамай жатыр. Мұны қайда апарамын? Не шыққан шығынымды өтей алмай, не техника жоқ, аудан әкімшілігіне айтсам түк те көмек жоқ.    Техника өзің тауып ал дейді. Мен оны қайдан табамын? Мен көмек береміз деген соң, ектім, алдым. Енді қыстың көзі қырауда  қаңтар да болды. Қант зауыты болса, біздің жұмыс тоқтап тұр дейді. Кімге өткіземін, бәленбай ақшаны қайдан тауып беремін» деген  Болат Испанқұловтың базынасына билік бей-жай қарап отырған ұқсайды.

Иә, диханның шаш етектен шығынға батуына бір жағынан жергілікті  қант зауыты жұмысының  тоқтауы себеп көрінеді.  Зауыт  5-ші қаңтарда   тоқтағандықтан, өнімін   өткізе алмай сарсаңға түскен.  Жеке кәсіпкердің мүшкіл жағдайын жергілікті әкімдігіне айтып көрдік. Тұрар Рысқұлов аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысы  кәсіпкердің кінәлауы орынсыз деп отыр. Оның бұлай тығырыққа тірелуін  науқаннан кешіккен өз  қателігі  дейді.  Айтуынша,   оған тұқым себуден бастап, барынша көмек көзі көрсетіліпті. Тек, техника бөлу мәселесіне байланысты келісім де, уәде де болған жоқ дейді. Дегенмен, қиын жағдайға тап болған диханға қол ұшын созу үшін    амалдап көрмек.

Т. Рысқұлов аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы  Ерғазы Еспенов даурығатын дәнең жоқ деп үлкен мәселеге үтір қойғандай болды: 

«Ендігі жағдай оның тәтті түбірлерін мал бордақылау алаңдарына сатуды ұйымдастырамыз. Басқа мал бордақылайтын шаруалар бар ғой солармен келісім-шарт жасатып, өз-ара келісілген бағамен сатады. Ол жағын ұйымдастырып беремін».

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы «жалғыз адам үшін жанымызды салып жүгірмесек те, қол ұшын созуға дайынбыз»  деп отыр.  Әншейінде, кәсіпкерлердің адвокатына айнала кететін «атамекендіктер»  бұл мәселеде аудандық атқамінерлермен бір ойда екенін білдіріп отыр. «Шаруа қожалық тарапынан бұл күнге дейін ешқандай өтінім немесе қабылдау болған емес. Бұл мәселе көтерілген емес. Алдағы уақытта бұл мәселені шешу жолдарын қарастырып көреміз. Зауыттың қабылдау бағасы 8 теңгеден. Құртылып кеткен тауарды зауыт қабылдай алмайды. Мемлекет тарапынан қазір ешқандай қолдау қарастырылмаған. Қанша дегенмен мал азығына жарамды ғой» деген Жамбыл облыстық «АТАМЕКЕН» КП агроөндіріс кешенінің бөлім басшысы    Нұрбол Қуанышбеков   тәтті түбірді тек төрт-түлікке беруді ақыл көреді. Қалай болғанда да қазіргі нарықта қант тапшы кез. Ал, тәтті-түбірдің далада  шашылып жатуы дарақылыққа һәм «немкетті ниетке» ұқсайтындай.

Руслан Ордабек

Тегтер

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.

Close