Қазақ қызы көкпар командасын құрмақ

Ал тараздық ару құрамы қыздардан тұратын көкпар командасын құрмақ. Ат құлағында ойнайтын Аида Ізбасар осы мақсатта бой жеткендердің басын қосып, баулып жүр. Сондай-ақ ол қыз қууға қатысатын жеткіншектерді де дайындайды. Ұлттық ойындарды жаңғыртып жүрген атбегі арудың 15 қылқұйрығы бар.

Қазақ қызы көкпар командасын құрмақ

7 жасынан атқа мінуді үйренген Аиданың қыл құйрыққа деген қызығушылығы ерек. Таң сібірлеп атысымен торысына тартпа тартуға асығады. Өзі секілді қыз балаларын атқа мінуден бөлек, көкпар тартудың қыр-сырына баулиды.

"Әйел азаматтары жаугершілік заманда атқа мініп, ер азаматтардың бір жағында жүрген. Ешқандай қорқыныш жоқ. Мен аттың қасында ерекше бақыт табамын. әсіресе шапқан кезде бүкіл уайымды ұмытасың, еркіндік сезімі болады. Аттың үстінде жүрек соғысы жақсарады, адамның қан айналымы реттеледі" - дейді атбегі ару Аида Ізбасар. 

Аида алдағы уақытта көкпардан қыздар командасын жасақтамақ. Ал арасында Айша бибі ауылының жеткіншектерін қыз қуу жарысына да дайындайды. 28 жастағы ұстаздың бүгінде 10-нан аса шәкірті бар. Ал ауыл тұрғындары "Аида үйретпеген асау қалмады" дейді.

"Осы мен атқа мінгелі бойымда бір күшті қасиеттер пайда болды. Мысалы қорқыныш жойылды. Сенімділік пайда болды. Менің алдағу уақытта арманым, көкпар және теңге ілу қыз қуудан чемпион болғым келеді" - деді Аиданы ұстаз тұтатын жас көкпаршы Әдемі Әділ.

Ал Айша бибі ауылының тұрғыны Сағынбек Көшкінбаев "Асауды асау демейді, жуасты жуас демейді. Небір асауларды үйретіп, ат жалын ұстап, біздің кейбір ер азаматтар жақындай алмай жүрген аттарды мініп, үйретіп, осы жерде ат салысып жүрген кезі міне" - деп ризашылығын білдірді. 

Жас кәсіпкер жаз шығысымен бие байлап, саба-саба қымыз піседі. Ал көктем соңында көкпар командасын құруды аяқтаймын деп отыр.

Жылқының жалына жармасып өскен қазақтың қайсар қыздары аз емес. Ат баптап, асау мінген жамбылдық арулар жігіттерден еш қалыспайды. Қаракөздеріміз құр сейіл-серуен үшін ат ерттемейміз деді. Ендеше бұрымдылардың ұлттық ойындарды ұлықтап, дамытуға ден қойғаны қуантады. Ал сіз "байтал шауып, бәйге алмас" деп қатты кетпеңіз. Өйткені, арудың астындағы байтал ма, жоқ азбан айғыр ма оны мінгенде көреміз.)

Қуаныш Арыстанбек - jambylmedia.kz

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow