Тараздағы тоғай елдегі ең үлкен экосаябаққа айналады
Тараздағы тозығы жеткен тоғай елдегі ең үлкен экопаркке айналады - деп хабарлайды, jambylmedia хабар агенттігі.
Таразда 13 жыл бойы қараусыз қалып, жөндеусіз жатқан саябақ жаңғыртылатын болды. «Мамыр» деп аталатын қала шетіндегі қалың тоғай қаңғыбастар мен нашақорлар мекеніне айналып кеткен еді.
Енді «Мамыр тоғайын» модернизациядан өткізетін мердігер де анықталды. Әкімдік 15 гектар аумаққа еліміздегі ең үлкен экопарк жүйесін құрмақ. Оған 1 млрд теңгеге жуық қаржы бөліп отыр.
Шаһар шенділері құрылыс кезінде бірді-бір ағаш оталмайды деп уәде берді. Өйткені 130 жылдық тарихы бар тоғайдың қаланың қалыптасу кезеңінде алар орны айрықша. Мұнда алғаш егілген ағаштар да бар. Сонымен қатар саябақта иппотерация орталығы жұмыс істейді.
Жалпы жоба бойынша субұрқақтар, спорттық алаңдар салынып, 300 орындық пен 380 жарықшам қойылмақ. Жастар стритворкаут алаңдарына келіп, салауатты өмір салтын сақтау мақтасында шынығуына барлық жағдай жасалады.
ЕЛДОС КЕҢЕСБЕКОВ, ҚАЛА ӘКІМДІГІ ТҮКШ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Қараусыз қалған нысанға қайта жаңғырту жұмысы жүргізіледі. Тұрғындардың көп келетін мәдени тынығу орнына айналады. Бұл қазіргі таңда Қазақстанда ең үлкен экопарк болады деп күтілуде. Құрылыс жұмыстары жуық арада басталады. Қазіргі таңда келісімшарттың бәрі жасалды. ГАСК-дан рұқсаттарын алып жатырмыз қазір. Келесі жылы аяқталып, ел игілігіне беріледі.
Жалпы бұд "Мамыр" тоғайы алып жатқан ауқымы бойынша Тараздағы ең үлкен тоғай саналады. Саябақты жаңғырту Мемлекет басшысы бастап берген "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы аясында атқарылатын ауқымды жұмыстың бір саналады.
Айта кетейік, "Таза Қазақстан" акциясы шеңберінде елдің экологиялық мәдениетін дамыту тұжырымдамасының өңірлік жоспары бойынша 47 іс-шара іске асырылып жатыр.
Бүгінде «Таза Қазақстан» акциясына 25,5 мыңнан астам адам және 850 кәсіпорын мен мекеме қатысты.
Жалпы, акция аясында биыл 50 мың ағаш отырғызу жоспарлануда. Бұдан бөлек, Жамбыл облысының даму жоспарына сәйкес ағымдағы жылы 195 мың жасыл желек отырғызылатын болады.
2026 жылы көшелер, саябақтар мен арықтар тазартылып, 5,1 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды, 28,5 мың көшет отырғызылды. Экологиялық іс-шараларға облыстың 15,4 мыңнан астам тұрғыны, сондай-ақ кәсіпорындар, мекемелер, жастар және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Қалдықтарды басқару мәселесі өзекті болып қалуда. 2026 жылдың І тоқсанында 22,1 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық түзілді, оның ішінде 5 083 тоннасы қайта өңделді, бұл жалпы көлемнің 23%-ын құрайды.
Ормандарды молықтыру мақсатында 2021–2025 жылдары облыстың мемлекеттік орман қоры аумағында 64,1 мың гектар алаңда 122,6 млн дана көшет отырғызылып, орман өсіру жұмыстары жүргізілді.
Оның ішінде ағымдағы жылы 3,2 мың гектар алаңда 9,4 млн дана көшет отырғызылды.
Орман алқаптарын ұлғайту жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру жалғасуда.
" - Сондай-ақ экологиялық заңнаманың сақталуын бақылау мақсатында инспекциялық қызмет тарапынан 2025 жылы 34 тексеру жүргізілді. Тексеру қорытындысы бойынша жалпы сомасы 169,5 млн теңгеге әкімшілік айыппұл салынды, оның 90%-ы өндірілді" - деді, аймақтағы Экология департаментінің баспасөз қызметі.
Қуаныш Арыстанбек, jambylmedia.kz
Сіздің реакцияңыз қандай?