Психикалық денсаулық пен суицидтің алдын алу мәселелері талқыланды
2026 жылғы 17 сәуір күні Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №59 мекемесінде «Психикалық денсаулық пен суицид арасындағы байланыс» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің аға оқытушылары, психикалық денсаулық орталығының психологы, суицидолог-психиатр дәрігері, сондай-ақ 5513 әскери бөлімінің қызметкерлері қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – суицидтік ойлар мен әрекеттердің пайда болу себептерін жан-жақты талдау, қауіп факторларын ерте кезеңде анықтау және олардың алдын алу бойынша тиімді тәсілдерді қарастыру болды.
Дөңгелек үстел барысында мамандар психикалық денсаулықты сақтаудың маңыздылығына тоқталып, күйзеліс, эмоционалдық күйдің тұрақсыздығы және әлеуметтік қиындықтардың суицидтік мінез-құлыққа әсерін атап өтті. Сонымен қатар, қатысушылар тәуекел топтарымен жұмыс істеудің тәжірибелерімен бөлісіп, профилактикалық іс-шараларды күшейту қажеттігін жеткізді.
Іс-шара қорытындысы бойынша мекеме қызметкерлері мен сала мамандары арасында өзара іс-қимылды нығайту, психологиялық қолдау көрсету тетіктерін жетілдіру және алдын алу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу жөнінде ұсыныстар айтылды.
Іс-шара соңында дөңгелек үстелге белсенді қатысып, өз тәжірибелерімен бөліскен қонақтарға алғыс хаттар табысталды.
Мұндай кездесулер қоғамдағы психикалық денсаулық мәселелеріне назар аударуға және суицидтің алдын алу бағытындағы жұмыстарды жетілдіруге өз септігін тигізеді.
Сіздің реакцияңыз қандай?