Сібір жарасының ошағы бар аумақтан жер берген
Жамбылда жерге жауаптылар Сібір жарасы жанында орналасқан 24 га жер учаскелерін жекенің қолына беріп жіберген. Аймақтық антикордың арласуымен пайдалануға берілген телімдер мемлекеттік қорға қайтарылды.
Бұл туралы бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Дәурен Омаров ӨКҚ алаңындағы брифингте айтты.
Сондай-ақ спикер сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасын іске асыру бойынша жүргізілген жұмыстарға тоқталды.
"Жүргізілген талдау және мониторинг нәтижелерімен бүгінгі күні бюджетке 147,1 млн теңге қаражат өндірілді. Оның ішінде денсаулық сақтау саласынан 119 млн, спорт саласынан 17,9 млн, әлеуметтік саладан 3,8 млн және субсидиядан 6,4 млнтеңге негізсіз төленген қаражаттар қайтарылды" - деді Д.Омаров.
Жол саласына да сыртқы талдау жүргізілген. Нәтижесінде 20 жүйелі жемқорлық тәуекелдері анықталған.
Енгізілген ұсыныстардың нәтижесімен қосымша қаражат бөлінбестен 2,8 км ұзындықтағы қабырғалары бұзылған «Райс» каналының ені 2 метрден 3,5 метрге кеңейтіліп, Жамбыл ауданындағы 62 шаруа қожалығысуармалы сумен қамтамасыз етілген.
Тараз қаласындағы көгалдандыруға арналған суармалы су жүйесіндегі жетіспенген 152 метр лоток және 52 су құбыры салынған.
Спикер экологиялық залалдармен байланысты тәуекелдерді болдырмау мақсатында облыс әкімдігінің қаулысымен 7 су объектісінің су қорғау аймақтары мен белдеулері белгіленгенін айтты.
Сіздің реакцияңыз қандай?