Ұлттық қор қаржысына қол салуды қашан қоямыз?
Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова фейсбук парақшасында келесі жылы еліміз Ұлттық қордан 2 трлн, 2026 жылы тағы да 2 трлн қаржы алу жоспарда екенін жазып, дабыл қақты. Посттың толық нұсқасы төменде
Мәжілісте Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысы өтті. Жиында республикалық бюджет туралы заң жобасын қарадық. Бірқатар министрлер қатысқан басқосуда депутаттар тарапынан көптеген сұрақ көтерілді.
Келер жылы Ұлттық қордан 2 трлн, 2026 жылы тағы да 2 трлн қаржы алу жоспарланып отыр. Бұл мәселе Мәжіліс депутаттары тарапынан сынға ұшырады. Қашанғы біз Ұлттық қорға қол сала бермекпіз? Келешек ұрпақтың қаржысын жарату қаншалықты дұрыс? Осы сынды өткір сұрақтар Қаржы министріне қойылды.
Ұлттық қордан республикалық бюджетке бөлінетін трансферттер туралы заң жобасына дауыс беруде мен ғана қалыс қалдым. Яғни бұл заң жобасын мүлдем қолдамаймын.
Сондай-ақ, жиында бірқатар сұрақтар қойдым. Неге Ұлттық экономика министрі бағаны бақылауда ұстамайды? Бүгінгі таңда әртүрлі әлеуметтік нысындардың(мектеп, аурухана) құрылысы қымбатқа бағаланып, олардың сараптамалық жобасының өзі өте көп қаржыны талап етеді. Сонымен қатар, құрылыс жобасы бірдей, салынатын орны әртүрлі нысандарға бөлінетін қаржыда айырмашылық байқалады. Мұны кім және қалай бақылап отыр?
Қаншама жылдан бері тұрғындар тарапынан Қордай, Сарысу ауданында аудандық аурухана салу керек деген мәселе көтеріп келеді. Алдағы уақытта республикалық бюджет туралы заң жобасына ұсыныс беремін.
Осыған дейін Қордай аудандық ауруханасын салу үшін қыруар қаржыға бірнеше рет сметалық құжаты мен сараптамасы жасалды. Бірақ жасалған күйі қалады. Енді тағы да ЖСҚ жасалыпты. Жамбыл әкімдіген жоба құнын сұрасам, аурухананы 32 млрд теңгеге салуды жоспарлап отыр екен. Мен бұл қаржыны естігенде аузыма сөз түспей қалды. 270 орынға арналған медициналық мекемені салуға мұнша қаржы көп емес пе?
Менің ойымша, құрылысты негізсіз қымбатқа бағалау дұрыс емес! Мен мұны Мәжіліс мінберінде қалай көтеремін? Біріншіден, мұндай қомақты қаржыны бюджеттен бөлу өте қиын. Екіншіден, бұл нысан 32 млрд теңгеге тұрмайды. Бұл ақшаға бір емес, 2-3 аурухана салуға болады. Менің тарапымнан “құрылысты жөнсіз бағалайтындарға кім бақылау жасайды?” деген сұрақ қойылды. Жауапты министрлік бұл арнайы коэффициентпен бағаланатын нәрсе екенін айтты. Онда бағалау жүйесін өзгерту керек. Бұл мәселені кейінге қалдырмай, қазірден қолға алуымыз тиіс.
Тағы бір мәселе. Бюджетте қаржы жетіспесе, Ұлттық қордан ақша ала беретін болсақ, неге министрліктегі сыйақыларды қысқартпасқа? Бұл - барлық депуттатардың тарапынан айтылған ортақ ұсыныс.
Жиында телеарналар мәселесі де қозғалды. Неге бізде Ресей арналары көрсетіледі және ол үшін біз ақша төлейміз? Ал біздің қазақстандық арналар Ресейде көрсетілсе, онда да біз төлейміз. Неге бұлай? Алайда, бұл сауалыма жауап ала алмадым. Алдағы уақытта жазбаша түрде бермек.
Гүлдара Нұрымова
Сіздің реакцияңыз қандай?