Таразда «Бауыржан Момышұлы музейі» ашылды
Таразда Жеңістің 80 жылдығы аясында «Бауыржан Момышұлы музейі» ашылды. 200 шаршы метрге жуық мұражайда батыр Баукеңнің әулет шежіресінен бастап, әскери өмірімен толық танысуға болады.

Музейде майдангердің «Маузер» тапаншасы да тұр. Оны ол көзі тірісінде өз қолымен облыстық тарихи-өлкетану музейіне тарту еткен. Сондай-ақ, қылышының көшірмесін де көруге болады. Жеке заттарынан жазу үстелі, жарық шамы, компасы мен пианиносы да бар. Жауынгер ұлдың жастық шағынан сыр шертететін суреттері де көп. Жалпы облыс әкімдігінің қолдауымен ашылған музейге 230 жәдігер қойылған. Айта кетейік, биыл Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толады.
"Ол кісі 82-ші жылы қайтыс болды, мен сол кезде 32-дегі жігітпін ғой. Бауыржан атамыздың өз қолымен Шерхан атамызға жазған хаты бар. Басқа дүниелер бар, сол біздің үйде менің әкемнің архивінде екен. Соны осы жерге тапсырдық. Ол үйде жатқаннан не пайда? Осы жерге келген адамдар Баукеңнің қолтаңбасын көру керек, қолын қалай қойғанын, не жазғанын" деді батырдың немере інісі, журналист Бекет Момынқұл.
Қуаныш Арыстанбек, "Jambylmedia"
Сіздің реакцияңыз қандай?






