«Табель бере алмайды!»: Таразда 250 оқушы далада қалды

Таразда жаңадан ашылған жекеменшік мектеп жабылып, 200-ден аса оқушы екінші тоқсанды үйде оқып жатыр, - деп хабарлайды jambylmedia.kz ақпарат агенттігі.

«Табель бере алмайды!»: Таразда 250 оқушы далада қалды

Жаңа оқу жылында жарнамасы жер жарған ағарту ошағына 10 және 11 сынып оқушылары ағылып келеді. Алайда бірінші тоқсан біткен соң, мектептің есігіне қара құлып салынады. Себебі орталықтың оқуға қабылдауға құқық беретін құжаты болмай шыққан. Енді оқушылар мемлекеттік мектепке де ауыса алмай отыр. Себебі қолдарында 1-тоқсанның табельі жоқ. Ал балаларының білімі үшін ақы төлеп, оқытып келген ата-аналар «алдандық» деп отыр.

«Мектеп деп бізді алдап келген ғой. Шын мәнінде жай ғана орталық екен. Бұл нәрсені басынан  айтқанда біз табелімізді алып, лицензиясы бар мектепте оқытатын едік. Енді қазір мемлекеттік мектепке алмайды. Өйткені табель жоқ. Бірінші тоқсан бітті. Табельді бұл кісілер бере алмайды. Себебі, лицензиясы жоқ. Заңсыз!», - дейді қала тұрғыны Айсұлу Алтаева.

Ал Нұрлыгүл Сатаева баласын мемлекеттік мектептен осы орталыққа «ұлттық біріңғай тестілеуден сүрінбей өтсін» деп ауыстырған. Алайда ұлының бұрынғы ұстаздары хабарласып, баласының ешбір жерде базада жоқ екенін айтқан. 

«Маған қазан айының басында 26 мектептегі мұғалімі айтқан: «Әпке, балаңыз ауада тұр» деп. Сол кезде осы орталыққа келіп айттым. «Балам ауада тұр деп жатыр, неге тіркемегенсіздер, базада жоқ» деп. Олар тез арада тіркейтіндерін айтты. Сөйтсек, алдап келіпті. Енді 200 баланың тағдырын кім шешеді?! Білім министрлігі, білім басқармасы қайда қарап отыр сонда?!», - дейді ол.

Балалардың бұлай далада қалуына осы орталық пен тағы бір білім беру ұйымының арасындағы дау себеп болғанға ұқсайды. Бұған дейін бірлесе жұмыс істеген басшыларының ортасынан ала мысық жүгіріп өтіп, бөлініп кеткен. Ал салдарын оқушылар тартып отыр. Жауаптылар балаларды білімсіз қалдырмау үшін табельдерін заңдастырып, мемлекеттік мектепке орналастырып беруге дайын екендерін айтады. 

«Қай мектепке балаларыңыз ауысқысы келеді, біз сол мектепке қабылдаймыз. Ол жақтан ешқандай мәселе болмайды. 100 пайыз көмектесеміз. Бірінші тоқсандағы табельдерін бағалатуға мүмкіндік жасаймыз», - деді Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова.

Жалпы Жамбыл облысы бойынша жекеменшік бағытта білім беретін 24 мектеп бар. Соңғы тексеріс  кезінде Байзақ ауданындағы 2 мектеп талапқа сай болмай шыққан.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow