25 млрд теңгеге 26 мектептің құрылысы жүруде

25 млрд теңгеге 26 мектептің құрылысы жүруде

Биыл Жамбыл облысында 26 білім беру нысанының құрылысы жүріп жатыр. Оның 14-і биыл пайдалануға беріледі. Соның есебінен апатты, үш ауысымды және орын тапшылығы бар мектептердің мәселесі шешілмек – деп хабарлайды jambylmedia.kz ақпараттық порталы.

 

 

Алайда аймақтағы тозығы жеткен білім ошақтарының мәселесі толық шешілмей тұр.  

 

Биыл Таразда 5 мектеп күрделі жөндеуден өтті. Бұл жұмыстарға бюджеттен 4,5 миллиард теңге бөлінді. Ағарту ошақтарының басым көпшілігі 30-40 жылдан бері жөндеу көрмеген. Оған қоса 24 білім ордасында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Орын тапшылығы бар 3 мектепте де жапсарлас құрылыс салынуда. Солардың бірі 15-мектеп гимназиясы. Бұған дейін 550 орынға арналған ескі  ғимаратта 800 бала оқитын. Шеберханалар мен талапқа сай спорт залы болмаған. Енді жаңа нысанда оның бәрі қамтылған.

 

- Ескі ғимаратта асхана, медициналық кабинет сыртта болатын және спорт зал санитарлық талапқа сай емес болатын. Ал енді қазіргі таңда мына жаңа ғимаратта бізде санитарлық талапқа сай үлкен, кең спорт залымыз бар. Сонымен қоса 80 балаға арналған асхана және медициналық кабинет барлықтары түгел жабдықталған – дейді, 15 мектеп-гимназиясының директоры Шолпан Есенәлиева.

 

 

Ауыл аймақтарда мәселесі бар мектептер жетерлік. Солардың бірі Жамбыл ауданы Жылыбұлақ ауылындағы мына орта мектеп. 68 жыл бұрын салынған ғимарат бұрын жеке тұрғын үй болған. Тек 21 жыл бұрын бастауыш мектеп ретінде ыңғайластырып ашылған. Қазір нысанның тоз-тозы шыққан. Шатыры тесіліп кейде су ағады. Қабырғаларында жарықша пайда болған. Ал, жоғары сынып оқушылары көрші ауылға қатынап оқуға мәжбүр.

 

 

-        Көп ата-аналар алып кетіп қалады мына жерде, мүмкіндік жоқ болғаннан кейін, бұл жерде оқытқысы келмейді. Үйтіп алып кететін мүмкіндік болмаған соң, ауылда тұрған соң, осы жерде оқытамыз. Амал жоқ. Балаларға шынымен де обал ғой. Бөлмелер тар мысалы. Анау жерде от жанады, ал олар жанында оқып отырады, иіс жұтып, ыс сасып – дейді, Жылыбұлақ ауылының тұрғыны Мақпал Телқожаева.

 

-        Мектептің күйі нашар, құлайын деп тұр. Бізге бір жаңа мектеп болса, жоғарыға айтып жатырмыз. Ауданға айтып жатырмыз. Салып береміз деп жатыр, сол күнге жетейік ертерек  – дейді, Жылыбұлақ ауылының тұрғыны Серікбай Саятбаев.

 

Ескі мектеп 70 жыл бұрын салынғандықтан шатыры шұрық тесік. Суы сорғалап, жарығы жиі өшеді. Ал аудан атқамінерлері ауылға мектеп тұрғызуды тиімсіз деп тапқан. Жуалы аудандық білім бөлімі «мәселе алдағы жылдары шешіледі» дейді. Мұнда 50 үй болғандықтан келер жылы 50 балаға арналған жаңа білім ұясы бой көтереді деді.  Салынатын мектептің жобалық сметалық құжаттамасы дайын. Құрылысына 1 млрд теңге кетпек.

 

 

-        Асханасы бар, спорт залы бар, барлық жағдайы жасалған. Түгел заманауи мектеп болады деп жоспарлануда. Жоғары сыныптар, 5 пен 11 сыныптарды қасындағы Қошмамбетов орта мектебіне тасымалдау жүргізілетін болады. Тек республикадан 1 миллиард теңге бөлінуін күтіп отырмыз – дейді, Жуалы аудандық білім бөлімінің басшысы Бақыт Шертаева.

 

 

Жалпы биыл облыста 26 мектепте құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Биыл 10 мектеп пен 4 жапсарлас құрылыс пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 1 апатты, үш ауысымды1, орын тапшылығы бар 6 және тағы сондай тозығы жеткен мектептердің мәселесі шешілмек.

 

-        1300 мектепті жаңғырту бағдарламасы аясында облыс бойынша 2025 жылы 10 мектепте жаңарту жұмыстары жүргізіліп, пәндік кабинеттер мен қажетті жабдықтар сатып алынды. Сонымен қатар, 6 білім нысанында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазіргі уақытта 3 білім нысанында күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталды. 2 білім нысанында күрделі жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталады, ал 1 білім нысанының күрделі жөндеу жұмысы келер жылы аяқталатын болады, – деді бізге берген сұхбатында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Қызылқұлова.

 

 

Айта кететйік, бүгінге дейін Жамбыл облысы бойынша  6 «Келешек мектепбі» пайдалануға берілді. (Бұған дейін «Жайлы мектеп» деп аталған болатын) Тағы бірі «Шөлдала» тұрғын алабында осы желтоқсан айында ашылмақ. Оның өзі сол аумақтағы орын тапшылығын шешеді.

 

Жалпы 2026 жылы аймақта 4 жаңа мектеп бой көтеріп, 8 жапсарлас құрылыс салынады. Оған қоса ескірген 26 мектепте жаңарту жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

 

 

Жамбыл облысында білім беру саласы қарқынды жаңарып жатыр



Жыл басынан бері 25 млрд теңгеге 26 нысанның құрылысы жүріп, 3 550 орындық 7 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 7 нысан аяқталмақ.

Орын тапшылығы мен үш ауысымды мектептер мәселесін шешу үшін 16 білім беру мекемесі күрделі жөндеуден өтуде. Сонымен қатар, 22 мектеп бірыңғай дизайн-кодқа көшіп, «Адал азамат» бағдарламасы енгізілуде.

Жамбыл оқушылары дәстүрлі түрде биіктен көрініп келеді:
— 16 жыл қатарынан «Ең үздік команда»,
— республикалық олимпиадада «Үздік олимпиадалық команда» атағы берілді.

Аймақта жаңа бастамалар да бар:
320 орындық әскери мектеп-интернат ашылады, техникалық-кәсіптік білімде Сосновоборск политехникалық колледжімен бірлесіп АЭС үшін кадр даярлау жолға қойылады.

Инфрақұрылым да жаңаруда: Абай атындағы колледжге 120 орындық жатақхана, тағы 4 колледжге 46 млн теңгеге жаңа жабдықтар алынды.

 

 

Иә, Жамбыл облысында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.

 

-        Биыл өңірде 26 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде. 2025 жылы 14 нысанды (10 мектеп, 4 мектепке жапсарлас құрылыс) пайдалануға беру жоспарланған. Нәтижесінде 1 апатты, 1 үш ауысымды, 6 оқушы орны тапшылығы бар, 6 тозығы жеткен мектептердің мәселесі шешілмек. Бүгінге 7 мектептің (3 550 орын)  құрылысы аяқталды, оның 4-еуі «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған – деді өз сұхбатында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Қызылқұлова.

 

 

1300 мектепті жаңғырту бағдарламасы аясында облыс бойынша 2025 жылы 10 мектепте (Байзақ – 1, Қордай – 1, Сарысу – 2, Т.Рысқұлов – 1, Тараз – 4, басқармаға қарасты – 1) жаңарту жұмыстары жүргізіліп, пәндік кабинеттер мен қажетті жабдықтар сатып алынды.

 

-        Сонымен қатар, 6 білім нысанында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған (2 мектеп, 2 мектеп-интернат және 2 балабақша). Қазіргі уақытта 3 білім нысанында (2 мектеп-интернат, 1 балабақша) күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталды. 2 білім нысанында (1 мектеп, 1 балабақша) күрделі жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталады, ал 1 білім нысанының (Тараз қаласындағы №54 орта мектеп) күрделі жөндеу жұмысы 2026 жылы аяқталатын болады – деді сұхбат барысында мектептер мәселесін жан-жақты түсіндірген облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Қызылқұлова.

 

«Келешек мектептері» жобасы аясында салынған 7 нысанның 6-уы ашылып, лицензия алды. Тараз қаласы Шөлдала алқабында 600 орындық мектептің ашылуы желтоқсанға жоспарланған.

 

Дарынды оқушыларымыздың сапалы білім алуы үшін барлық жағдайлар жасалуда. Биылғы оқу жылында «Дарын» мамандандырылған лицей-интернаты жаңа заманауи құралдармен жабдықталған ғимаратқа көшіріледі.

 

Өңірімізде желтоқсан айында тұңғыш дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған әскери мектеп интернатының ашылуы жоспарлануда.

 

Облыста техникалық және кәсіптік білім беруді  қолдау мақсатында 2025 жылы 6 салалық  кешенін ашуға жергілікті бюджеттен 223 млн. теңге бөлінді. Жұмыс берушілер есебінен («KNAUF» ЖШС, «Алина» ЖШС, «Мерагро») 4 колледжге 46 млн. теңгеге құрал жабдықтар алынып, жеке кәсіпкер тарапынан (ЖК Рысбаева) 120 орындық жатақхана салынып, қолданысқа берілді.

 

2026 жылы 12 білім нысанының (4 мектеп, 8 мектепке жапсарлас құрылыс) құрылысын аяқтап, пайдалануға беру және 26 мектепте жаңарту жұмыстарын жүргізу (күрделі жөндеу, пәндік кабинеттерді жаңарту және қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету) жоспарланып отыр.

 

 

УӘДЕ МЕН УӘЖ: Өткен жылы мектептерге қатысты не айтылды?

 

Былтыр өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев БАҚ өкілдеріне арнап брифинг берген болатын.  

 

Әкім сол кезде жаңа оқу жылында 6 мектеп балалар игілігіне берілді.

Енді Жамбыл облысында жыл соңына дейін 18 білім беру нысаны пайдалануға беріледі. Нәтижесінже орын тапшылығы бар 9 мектеп, 4 үш ауысымды, 3 ескірген, апатты жағдайда тұрған 2 білім ошағының мәселесін шешуге мүмкіндік береді, деген болатын.

 

Брифинг барысында Қарашөкеев жалпы 2024-2025 жылдары 41 білім беру нысанының құрылысы жүргізілетінін, сол 2024 жылы 18 мектептің құрылысын аяқтау көзделгеніни айтқан еді.

 

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 12 мектеп салу жоспарланғанын, оның алтауы ағымдағы жылы пайдалануға берілед»і деді. Бірақ кейін 12 мектеп орнына тек 7 мектеп салынатын болды.  Бүгінде оның 6-ы бой көтерді. Жуырда «Шөлдала» тұрғын алқабында 7-сі пайдалануға берілетін болады.

 

Бұдан бөлек, 10 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 206 білім беру ұясы модификация кабинеттерімен жабдықталады деп уәде еткен. Бүгінде білім басқармасының сандарын салыстырсақ, әкім уәдесі толық орындалғанға ұқсайды.

 

Сондай-аө өткен жылы Денсаулық сақтау ұйымдарының тозу деңгейін төмендету бағытында жоспарлы жұмыстар атқарылды.  2024 жылы 26 денсаулық сақтау нысанын құрылысын жүргізу жоспарланып, орындалды. Оның ішінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы бойынша 20 нысан пайдалануға берілді.

 

Бүгінде Жамбыл ауданы Қостөбе ауылында медициналық пункт, Т.Рысқұлов ауданы Қайыңды ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт, Байзақ ауданы Қызыл жұлдыз ауылында дәрігерлік амбулатория іске қосылды. Өткен жылдың соңына дейін  тағы 16 нысанды қолданысқа беру көзделіп, жоспар жүйелі түрде орындалды.

 

4,7 млрд.теңгеге 38 санитарлық автокөлік және медициналық жабдықтар сатып алынды. Нәтижесінде денсаулық сақтау ұйымдарының медициналық жабдықтармен қамтылу деңгейі 96,7 пайызға жетті. (2023 жылы – 91,9% болатын).

 

Басқа салаларға да бет бұрсақ... Мәдениет және спорт салаларында да ауқымды құрылыс жұмыстары іске асуда. Былтыр15 спорт кешені мен 16 мәдениет нысанының құрылысы қарқын алып, яақталды. Сол жылы жоспарланған 74 спорт алаңының 45-і ел игілігіне берілді. Қалған құрылыс нысандары биылғы жылға өтпелі болды. 

Ұлдана Жұбай - jambylmedia.kz

 

 

 

 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow