Депутат дабыл қақты: "Балабақшалар бюрократиядан қашан құтылады?"

Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова "Балабақшалар бюрократиядан қашан құтылады?" деп желіге көлемді пост жазды. Жазбадағы жанайқай жекеменшік балабақшаларға қатысты екен. "Қағазбастылықтан арылатын күн алыс па? деп сауал тастады, депутат. Назарларыңызға парақшасына жазған постты ұсынамыз. 

Депутат дабыл қақты: "Балабақшалар бюрократиядан қашан құтылады?"

Мәжілісте жекеменшік балабақшалар мәселесі жіті қаралған талқылау болды. 

Депутаттар отырған зал қызу пікірталас алаңына айналды. 

Кейбір әріптестер жекеменшік балбақшаларға лицензиялауды енгізу керек деген ұсыныс білдірді. 

Лицензиялау дегеніміз - қағазбастылық пен кәсіпке кедергінің бастауы десек болады. Президентіміз бюрократияны жойып, құжатбастылықтан арылуды айтудай-ақ айтып келеді. Ал депутаттар тобының бюрократиялық ұстанымға толы мұндай ұсынысы бизнестің тамырына балта шабатыны анық. 

Тексеріс көбейгендіктен кей кәсіпкерлер kәсібін тоқтатады. Ал сол жекеменшік балабақшаларға барып жүрген балалар қайда барады? Мемлекеттік бөбекжайлардың барлығында орын жоқ. Қайтадан тапшылық туындайды. 

Әріптестер сөзінше, жекеменшік бақшаларда балаларды ұрады екен, тамақтан тарықтырып, ас-аухаттан қағады дейді. Осындай жағдай жекеменшік балабақша болсын, мемлекеттік болсын кездесуі мүмкін. “Тек жекеде” деп астын сызып айта алмаймыз.

Мен оң өзгерістерге қарсы емеспін. Бірақ қандай да бір пікір айту үшін алдымен жан-жақты ойланып, зерттеп, зиян-зардабын саралау керек деп санаймын. 

Қайта елдегі жекеменшік бақшалардың басым көпшілігі өз міндеттерін адалынан атқаруға тырысып жүр. Бірнеше ай бойына қаржыландыру болмай, кейде кешіктірілсе де жұмыстарын жалғастырып отыр. Оның үстіне мемлекеттік бақшаларға қарағанда қаржыландыру көлемі де айтарлықтай аз. 

Оларға онсыз да ваучерлікті, Face ID секілді жаңа жүйе мен құрылғыларды енгізуді міндеттедік.  

Депутаттар экономия жасау керек дегенді алға тартты. Ал үнемдеу ненің есебінен дейсіз ғой? Балалар бақшаға барады, өтініш жазылады. Қабылданғаннан кейін қарауға алынып, ас-ауқатпен қамту жалғасып жатады. Ал осы аралықта мемлекеттен жолдама беру кешіктіріледі. 2-3 күннен бір аптаға дейін созылады. Осылай болса экономия болады дейді, менің кей әріптестерім. Әрине үнемдеуді қолдаймын, тараптарға тиімді болса.

Ал ата-аналар да балалары баратын жерді бақылайды. Барады, көреді. Тамағын тексереді. Арнайы ата-аналарға арналған чат, группалары құрылған. Бейнебақылау жүйесі жұмыс істеп тұр. Жекеменшік ұнамаса мемлекеттік бөбекжайға ауыстыра алады. 

Сондықтан барлығы жаман, барлығы баланы ұрып, соғады деуге келіспеймін. 

Бала бағу оңай емес. Бұл бизнес түрінің жауапкершілігі жоғары. Ал басқа кәсіпке қарағанда табатын табысы, пайдасы аз. 

Депутаттар жеке бақшаларда қылмыс жасалады дейді. Бұлай жалпылама айтып жекеменшік балабақшаларға кір келтіруге, күйе жағуға болмайды. 

Қысқасы құжатбастылық  кәсіпті тұншықтырады. Ал бүгінде бақша ашу оңай емес. Санитарлық талаптардың сақталуынан бастап, қаншама комиссия келеді. Аттестациялау жиі жүреді. 

Депутаттар Нұртай Сабильянов, Бақытжан Базарбек, Айтуар Қошманбетов, Ирина Смирнова жекеменшік балабақшаларға бұлай қысым жасамау керек деді. 

Нұртай Салихұлы Абай облысындағы кәсіпкер жігіттің қаладан даңғарадай мейрамхана салуға болатын қаржыға ауылды жерден 4 жекеменшік бақша салғанын мысал етті. Міне бұл қадамға балалар игілі үшін барған. Қалтасын емес, халықты ойлаған азамат.  Ал ойсыз қабылданатын шешімдер осындай игі істерге тосқауыл болады. 

"Ал лицензиялаудың артында бармақ басты, көз қысты әрекет жатыр. Бұл жемқорлыққа жол ашады." деді Н.Сабильянов. 

Онсыз да 1 қаңтардан бастап балабақша, мектеп, колледж, басқа да балалар баратын мекемелер, оңалту орталықтары, жалпы барлығына ешқандай ескертусіз тексеру жүргізіледі. 

Сондықтан лицензиялық көзқарас жұмыс жүргізуге, кәсіппен айналысуға тұсау болады. 

(с). Гүлдара Нұрымованың https://www.facebook.com/share/p/q5waXxCL3DEPfKRs/?mibextid=WaXdOe фейсбук парақшасынан

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow