Соңғы 4 жылда ұстаздар жалақысы екі есе өсті

Соңғы 4 жылда ұстаздар жалақысы екі есе өсті

Президент Тамыз кеңесінде «Соңғы төрт жылдың ішінде ұстаздардың жалақысы екі есе өсті» деді. jambylmedia.kz хабар агенттігі маңызы зор жиынға қатысқан Мемлекет басшысының сөздерінен "тезисті тырнақша" терезесін ұсынады.

«Қазір – білім мен ғылымның заманы. Жаһандану дәуірінде озық білімді игерген, жаңа технологияны меңгерген елдің ұпайы түгел болады. Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз. Сондықтан осы саланы қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді.

Соңғы жылдары бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылды. 2019 жылдан бері білім саласының бюджеті үш есе артты. Осы уақытта 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1200 мектеп ашылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жалпы саны 217 мектеп құрылысы жоспарланды. Қазір 128 мектеп салынды. Бұдан бөлек, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаржысына алпыстан астам мектеп салынды. Тағы 30-ға жуығы салынып жатыр. 

«Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданды. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы белгіленді Бүгінде 74 мұғалім осы құрметті атаққа ие болды. Былтыр 2 ұстаз «Қазақстанның Еңбек ері» атанды. Бұл – барша педагогтер қауымына көрсетілген зор құрметтің белгісі. 

Мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсарту әрдайым басты назарда. Соңғы төрт жылдың ішінде олардың жалақысы 2 есе өсті. Қазіргі таңда 500 мыңнан астам ұстазға үстеме ақы төленеді. «Білім берудегі өзгерістердің мың көшбасшысы» жобасы қолға алынды. Осы жобаға қатысқан 332 маман мектеп директоры болып тағайындалды. Мұғалімдер өз міндетіне кірмейтін артық жұмыстан босатылды. Ұстаздың назары бала оқыту ісінде болуға тиіс».

«Зорлық-зомбылыққа, әлімжетікке, яғни буллингке, қатігездік пен озбырлыққа мүлде жол берілмеуі керек. 

Соңғы екі жылда өскелең ұрпақтың құқығын қорғау үшін нақты шаралар қабылданды. Атап айтқанда, кәмелет жасына толмағандарға қатысты жасалған кез келген зорлық-зомбылық үшін берілетін жаза қатайды, бала құқықтары жөніндегі уәкілдің құзіреті кеңейді. 

Сондай-ақ тағы бір өзекті мәселе. Балалардың өз-өзіне қол жұмсау жағдайларының, яғни суицидтің алдын алу бойынша жүйелі жұмыс істеліп жатыр. Еліміздегі барлық мектепте «111» психологиялық қолдау қызметінің QR-коды орнатылды. 

Жаңа оқу жылынан бастап мектептер мен колледждерде әлімжеттікке, буллингке қарсы «ДосболLIKE» атты бағдарлама іске қосылады. Негізгі мақсат – балалар мен жеткіншектер арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу. Бұл бағыттағы маңызды жұмыс тоқтамайды, жасөспірімдердің құқығы мен мүддесін қорғау мәселесі әрдайым мемлекет назарында болады.  

«Не ексең, соны орасың» деген. Қазір біз бір қоғам болып жас ұрпақтың бойына қандай құндылықтарды сіңірсек, ертең ондаған жылдан кейін ұлтымыздың сапасы да сондай болмақ. Әділетті, Озық, Таза, Қауіпсіз және Қуатты Қазақстанның іргесі мектепте қаланады».

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow