Басты бетБЫЛАЙША АЙТҚАНДАЕЛ ІШІЖАҢАЛЫҚТАРҚАРЖЫ СЕКТОРЫҮЛКЕН СҰРАҚХАЛЫҚТАН ХАТ

СУ БАСҚАН БАСПАНА АСТЫНДА БҰЛАҚ БАРЫ БЕЛГІЛІ БОЛДЫ

Бұлақ үстіндегі баспана

8-ші шағын аудандағы су басқан үйдің астында бұлақ бары белгілі болды.  Оны бізге әкімдік қызметкерлері айтып таңқалдырды. Жетпіс пәтерден, алты кіреберістен, бес қабаттан тұратын №31 үй былайша айтқанда су үстіндегі сарай секілді. Ертегіден еститін кереметке Таразда кез болатынымызды, кездесетінімізді кім білген. Баспана асты – бұлақ, жертөлесі – жағалау болған таңғажайып үйде тұратындармен тілдестік. Опынған олар  енді  қайықпен қатынаймыз деп қапа болады. Арасында 40 жылға жуық «су үстіндегі сарайда» тұрып келе жатқандары бар. Сыз бен көк иістен қысы, жазы арыла алмай отырғандарын айтады. 

ПӘТЕР МЕН ҚАТЕР

Рашид СЕЙІТКАРИМОВ, 8/31 ҮЙ ТҰРҒЫНЫ:  «Айтатын несі бар, мынау масқара ғой. Үйге қонақ та шақыра алмайсың, ұят! Жертөлеге түскен су төбеге сыз боп көтеріледі. Бұл үйде бала-шаға да, ауру адамдар да бар. Осының бәрі денсаулыққа әсер етпей ма? Әкімдік не қарап жүр? Әйтеуір ақша жинап алады, ештеңке істемейді. Менің кемпірімнің аяғы ауырады, үйді айналып кіре алмай қойдық.»

Роза АХМЕТЖАНОВА, 8/31 ҮЙ ТҰРҒЫНЫ:   «35 жыл болды мына жерде тұрып келе жатырмын. Соңғы жылдары үйді ешкім қарамайды, ешкімге керегі жоқ. Асты шіріп жатыр, жертөленің бәрі су. Енді қайықпен кіреміз, әйтпесе кіре алмаймыз. Кім қарайды соны? Үкімет бар ма өзі? Ақылды адамдар бар ма ? Не істеу керек, халық не істерін білмей жатыр.  Тіпті, жедел-жәрдем кіре алмайды. Қайта-қайта шақырамын, денсаулығым құрып жатыр. Өлуім керек па сонда?»

Раушан ҚАЛТАЕВА, 8/31 ҮЙ ТҰРҒЫНЫ: “Киіміміз сасып кеткен, үйіміз сасып кеткен. Сыз бен көк иіс, тұруға мүмкін емес. Мынау апатты үй, бір жағы қисайып тұр, көрдіңдер ма? Бір күні құлауы да мүмкін. Жер сілкінісі болса, құламай қайтеді?!.  40 жылға жуық уақыттың ішінде үйімізді бірде-бір рет жөндегенін көрген емеспіз. Ылғи келеді, ремонт, анау-мынау деп ақшаға қол қойғызады да, жоқ болады. Үкімет бізге бір мезгіл қарамай ма екен?”

АЛ, АЙТЫП КӨР…

Бұрындары ел көшкенде бұлақ басынан отау тігуді ойластыратын. Бірақ, бұл бұрынғы салт-санаға сай, өткен өркениет немесе жер тамды ортаға жарасатын құбылыс қой. Сөйтсек, асты су, айналасы шу үйлер шағын шаһарымызда көптеп кездеседі екен.  Ә-ә дерсіз.   Осыдан кейін, осы үйлерден көшкен адамға “астыңнан су шықты ма?” деп айтып көр! 

Әкімдік белсенділерін әбден күттік. Бұқараны да, бізді де біраз бөгелдіріп, алшаңдап басып атқамінерлер де келді. Қазір су сору жұмыстары бір бөтен белсенділікпен жүріп жатыр. Аула алдына төтеншеліктер де тобымен келген.  Ақпарат құралдарының араласуымен шайған суды шамалы сейілткенімен, көптің көңіліндегі күдік пен көпқабатты үйдің ішіндегі көк иіс кете қоймайтын секілді.

 

«Бұл үй кондоминимум объектісіне жатады. Яғни, бұл дегеніміз тұрғындар өздері кем-кетікті түгендеп, өздері үйді күтіп, баптауы тиіс. Қашанғы әкімдікке итере салады. Тұрып жатқан жерін жөндеуге болады ғой, мынау қарама-қарсы үй секілді. Ал, бұл үй бұлақтың үстінде тұрған нысан. Сондықтан күз, көктем сайын суы көтеріледі. Қауіпті деп айта алмаймын. Мұндай бірнеше үй 10-шы шағын ауданда, Менделеев көшесінде де бар» – деді Тараз қаласы әкімдігі тұрғынүй инспекциясы бөлімінің заңгері Әшірмұхаммед Абдрахим мырза.  

 

 

Бұқара «құрылысы қауіпті үйде тұрамыз»  десе де, шенеуніктер «шіли ондай емес» деп қағып тастады. Баспананы апатты нысан ретінде тануға еш себеп жоғын айтып, жазға салым жертөле суы жоғалып кетеді деп жұбатты. Тұрғындар  «су жоғала ма,  суайттың уәдесі  бола ма?» деп көңілі кейіп тарасты. 

Дарина Ілияс, “Jambylmedia.kz”

Тегтер

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.

Close