Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елші Ауғанстанға сапарлады

Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елші Ауғанстанға сапарлады

Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елші Ауғанстанға сапарлады

ҚР Президентінің Ауғанстан бойынша арнаулы өкілі – СІМ-нің Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Е.Тұқымовтың Ауғанстанға сапары өтті – деп хабарлайды jambylmedia.kz ақпараттық порталы.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ауғанстанмен сындарлы өзара іс-қимылды дамытуға және бұл елді өңірлік үдерістерге тартуға ерекше, басымдық беруге қатысты тапсырмаларын іске асыру мақсатында және ҚР Сыртқы істер министрінің тапсырмасымен ҚР Президентінің Ауғанстан жөніндегі арнаулы өкілі – ҚР Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Еркін Тұқымов Ауғанстанға жұмыс сапарымен барды.

Сапар барысында Е.Тұқымов Ауғанстан басшылығымен бірқатар мазмұнды кездесулер өткізді. Олардың қатарында Ауғанстанның Сыртқы істер министрі Амир Хан Муттаки, Балх провинциясының губернаторы Мохаммад Юсуф Вафа, Қоғамдық жұмыстар министрінің орынбасары Мохаммад Сахибзада және өзге де маңызды ведомстволардың өкілдері бар. Келіссөздер барысында сауда-экономикалық, көлік-логистика, өнеркәсіп, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, гуманитарлық, білім беру және медицина салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ қауіпсіздік пен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Ауған тарапы Қазақстанның гуманитарлық бастамасына – биылғы жылдың қараша айының соңында Ауғанстанда жұмыс істеген қазақстандық дәрігерлер бригадасының миссиясына ерекше алғысын білдірді. Қазақстандық медицина қызметкерлері жұмысы аясында көптеген пациенттерге білікті көмек көрсетіліп, жергілікті клиникалардың қызметін қолдауға мүмкіндік берілгені аталып өтті. Ауғанстан өкілдерінің айтуынша, дәрігерлер миссиясы достық пен әріптестіктің нақты көрінісі ғана емес, сонымен қатар Ауған қоғамының әлеуметтік тұрақтылығын нығайтуға, медицина кадрлары мен ресурстарының тапшылығына байланысты туындайтын шиеленісті төмендетуге қосылған нақты үлес болды.

Ауғанстанның сыртқы саяси ведомствосы мен салалық құрылымдарының басшыларымен өткен келіссөздер барысында Тургунди – Герат – Кандагар – Спин-Болдак темір жолын салу мәселесі талқыланды. Аталған жоба Ауғанстанның көлік интеграциясы мен өңірлік сауда ағымдарын кеңейту үшін стратегиялық маңызға ие. Тараптар жобаның қазіргі дайындық барысы, техникалық параметрлері және іске асырудың жоспарланған кезеңдері жөнінде консультациялар өткізді. Темір жолдың солтүстік–оңтүстік дәлізі Ауғанстанның негізгі экономикалық орталықтарын Орталық және Оңтүстік Азияның логистикалық тораптарымен байланыстырып, сыртқы сауданы әртараптандыруға, халық табысының өсуіне және елдің транзиттік әлеуетін арттыруға жағдай жасайтыны аталып өтті. Өз кезегінде ауған басшылығы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлік өзара байланысты нығайту және инфрақұрылымдық жобаларды қолдау саясатын Ауғанстанның тұрақтануы мен экономикалық жаңғыруына ықпал ететін маңызды фактор ретінде қабылдайтынын жеткізді.

Ауғанстанның Сыртқы істер министрі А.Муттаки Қазақстанды Ауғанстанның әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына нақты қолдау көрсетіп келе жатқан ең тұрақты әрі сенімді серіктестердің бірі деп атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан Президентінің өңірлік өзара байланыстылықты арттыру және Ауғанстандағы гуманитарлық жобаларды қолдау жөніндегі бастамалары экономикалық қиындықтардың салдарын жұмсартуға, сауда ағымдарын кеңейтуге және халықты жұмыспен қамту мүмкіндіктерін арттыруға ықпал етеді.

Балх провинциясының губернаторы М.Ю.Вафа Қазақстанның Ауғанстандағы инфрақұрылымдық жобаларды, логистикалық бастамаларды қолдау және өмірлік маңызы бар азық-түлік өнімдерін жеткізу арқылы елдің әлеуметтік-экономикалық ортасын жақсартуға маңызды үлес қосып келе жатқанын атап өтті. Ауғанстан өкілдері ұзақ мерзімді шешімдерге бағытталған сенімді серіктестің болуы елдің ішкі дамуының орнықты негіздерін қалыптастыру үшін аса маңызды екенін айтты.

Ауған ведомстволарының басшылығы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ауғанстандағы жағдайға жеке назар аударып отырғанына алғысын білдіріп, мұндай ұстаным өңірдегі мүдделер тепе-теңдігін сақтауға, мемлекеттер арасындағы сенімді нығайтуға және Қазақстанның тұрақтылық, бейбітшілік және даму жолындағы жауапты рөлін айқын көрсететінін атап өтті. Ауған тарабы Қазақстанның белсенді дипломатиясы мен практикалық қолдауы гуманитарлық құлдырау қаупін азайтуға, экономикалық тұрақтылықты нығайтуға және Ауғанстанда саяси диалог үшін қажетті кеңістікті сақтауға елеулі үлес қосып отырғанын жеткізді.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар аймақта бейбітшілік, тұрақтылық және өркендеуді қамтамасыз етуге бағытталған ортақ мүдделерді басшылыққа ала отырып, барлық негізгі бағыттар бойынша қарқынды диалогты жалғастыруға және практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті екендерін растады.

 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow