Жылына 36 млн дана күйдірілген кірпіш шығаратын зауыт іске қосылды
Кірпіш зауыты Байзақ ауданына қарасты Диқан ауылдық округінде орналасқан.
Құрылыс индустриясын дамытуға бағытталған жобаға 2,5 млрд теңге инвестиция тартылған. Зауыт жылына 36 млн дана күйдірілген кірпіш шығара алады.
2025 жылдың 4 шілдесінде іске қосылған кәсіпорын өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор әсер етеді. Инвестициялық жобаның бастамашысы, кәсіпкер Берік Жүсіпов.
Өндіріс ошағында 3 адам тұрақты жұмыс істейді, ал маусымдық кезеңде жұмысшылар саны 15 адамға дейін көбейеді.
Зауыттың құрал-жабдықтары Қытай Халық Республикасынан сатып алынған. Барлық жұмыс автоматты түрде атқарылады.
Алдымен топырақ, су және көмір арнайы станокта араластырылады. Кейін қоспа тығыздалып, кірпіштің пішініне келтіріледі. Бұдан соң кірпіштер пешке салынып, 400 градус ыстықта кептіріледі. Кейін 800 градус температурада күйдіріледі. Суыған кірпіштерді арнайы роботтар жинап, реттейді.
Дайын өнімдер еліміздің барлық өңіріне жеткізіліп, жақын шетелдерге де экспортталады.
Сіздің реакцияңыз қандай?