«Келешек мектеп» – ұлт болашағына салынған инвестиция
Биыл Жамбыл облысында Президент тапсырмасына сәйкес үш «келешек мектебі» салынады. Оның екеуі Қордай ауданында, біреуі Таразда бой көтереді. Жоспар бойынша өңірде салынуы тиіс 7 мектептің 4-уі былтыр пайдалануға берілді.
Соның бірі былтыр «Бәйтерек» шағын ауданынан ашылған №66 білім ұясы. Мұнда 1 800-ден астам бала оқиды. Заманауи зәулім нысанда оқушылар үшін барлық жағдай жасалған. Жылы әрі жайлы. 59 оқу сыныбы, 10 коворкинг орталығы, 3 зертхана, 2 лингафон және жеке медиа студиясы да бар. Онда журналист болғысы келетін жеткіншектер 10-нан аса телебағдарлама жасап жүр. Ал ауқымды асханасы 360 балаға арналған. Ағарту ошағы ашылысымен оқушылары республикалық білім бәйгелерінде жеңімпаз болып, мұғалімдері үздік педагог атанып отыр. Жалпы «Келешек мектебі» жобасы үш ауысымды оқыту мен орын тапшылығын шешуге бағытталған бірегей жоба.
«Біз де осындай мектепте жұмыс істесек екен» деген арман, тілектер айтылған болатын. Маған да осындай бақыт бұйырып, желтоқсан айынан бастап +жұмыс атқарудамын. «Жайлы мектеп» ол жәй ғана ғимарат қана емес, ол баланың шығармашылығын дамытатын орта. Бұл жерде баланың идеясын жүзеге асырады. «Жайлы мектеп» мұғалімдер үшін шығармашылық алаң болатын болса, оқушылар үшін шабыттың көзі» – деді өз сөзінде өңірдің үздік педагогы Айгүл Қалмаханова.
Ұлдана Жұбай - jambylmedia.kz
Сіздің реакцияңыз қандай?