Бос орындар жәрмеңкесі – 2026 іс шарасы туралы

Бос орындар жәрмеңкесі – 2026 іс шарасы туралы

2026 жылғы 30 сәуірде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Бос орындар жәрмеңкесі – 2026» атты ауқымды республикалық деңгейдегі маңызды іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып өтті. Университеттің спорт кешенінде өткен жәрмеңке бітіруші түлектерді еңбек нарығымен тікелей байланыстырып, жұмыс берушілер мен жас мамандар арасында нәтижелі кәсіби әріптестік орнатуға бағытталды.

Ауқымды шараға еліміздің әр өңірінен және Алматы қаласынан келген 250-ден астам жұмыс беруші мекеме қатысып, 1000-нан астам бос жұмыс орнын ұсынды. Олардың қатарында орта білім беру ұйымдары, қаржы мекемелері, өндірістік кәсіпорындар, жеке кәсіпкерлік субъектілері мен түрлі саладағы жетекші ұйымдар болды. Бұл өз кезегінде университет бітірушілеріне өз мамандықтарына сәйкес нақты жұмыс орындарын таңдап, болашақ кәсіби бағдарын айқындауға үлкен мүмкіндік берді.

Жәрмеңке барысында университеттің түлектерді жұмыспен қамтуға арналған заманауи цифрлық бастамасы – mansap-bosoryn.kz платформасының ресми таныстырылымы өтті. Аталған платформа жұмыс берушілер мен түлектер арасындағы байланысты жеңілдетіп, бос жұмыс орындарына онлайн өтінім беру, жұмыс берушімен тікелей байланыс орнату және өңірлік жұмыспен қамту орталықтарымен ықпалдасу мүмкіндігін ұсынатын тиімді жүйе ретінде көпшілік назарына ұсынылды.

Академиялық қызмет жөніндегі проректор Бану Мұқатайқызы Нарбекова өз сөзінде университеттің жұмыспен қамту бағытындағы стратегиялық саясатына ерекше тоқталып:
«Бүгінгі ‘Бос орындар жәрмеңкесі – 2026’ — университетіміздің еңбек нарығымен ықпалдастығын күшейтетін, бітіруші түлектердің болашағына нақты бағыт беретін стратегиялық маңызды алаң. Біз үшін әрбір түлектің табысты жұмыспен қамтылуы – университет қызметінің басты нәтижелерінің бірі», – деп атап өтті.

Сонымен қатар, ол Абай университетінің жұмыс берушілермен серіктестігі жылдан-жылға кеңейіп келе жатқанын жеткізіп, өткен жылы 64 мекемемен меморандум жасалса, биыл бұл көрсеткіш 78-ге жеткенін, ал жалпы серіктес мекемелер саны 250-ден асқанын ерекше атап өтті.

Кәсіби бағдар және мансапты дамыту департаментінің директоры Алмас Әбдіманапұлы Найманбаев өз баяндамасында жәрмеңкенің маңызын кеңінен саралап:
«Бұл жәрмеңке – жай ғана бос жұмыс орындарын ұсынатын шара емес. Бұл – университет пен еңбек нарығы арасындағы стратегиялық көпір, жас мамандардың болашағына жол ашатын маңызды мүмкіндік. Біздің мақсатымыз – диплом табыстау ғана емес, әр түлектің өз кәсіби орнын тауып, қоғам сұранысына сай маман ретінде қалыптасуына толыққанды жағдай жасау», – деді.

Сондай-ақ, ол университетте 2025–2026 оқу жылында 2800 бакалавр мен 688 магистрант оқу тәмамдайтынын, олардың басым бөлігі мемлекеттік грант негізінде білім алғанын айтып, түлектерді жұмыспен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жалғасатынын жеткізді.

Шара барысында жұмыс берушілер өз ұйымдарының қызметін таныстырып, бітіруші түлектермен ашық форматта сұхбат жүргізді. Студенттер нақты жұмыс ұсыныстарымен танысып, кәсіби талаптар жөнінде маңызды ақпарат алды. Бұл алаң көптеген жас маман үшін алғашқы кәсіби келіссөз алаңына айналды.

«Бос орындар жәрмеңкесі – 2026» Абай университетінің сапалы білім беру мен нәтижелі жұмыспен қамтуды қатар ұстанған стратегиялық ұстанымының жарқын көрінісі болды. Аталған жоба түлектердің кәсіби өмірге сенімді қадам басуына, жұмыс берушілердің білікті кадрлармен қамтылуына және университеттің әлеуметтік жауапкершілік бағытындағы маңызды миссиясының жүзеге асуына зор үлес қосты.

 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow