Ұстаздар ұстаханасы – Қыздар университетіне құжат тапсыр!

Ұстаздар ұстаханасы  – Қыздар университетіне құжат тапсыр!

Қазіргі таңда әрбір мектеп бітіруші жас талапкердің алдында тұрған маңызды сұрақтардың бірі - «Кім болам, қандай мамандықты таңдасам?» екендігі белгілі. Бұл ретте, әрқашанда сұранысқа ие мамандықтардың бірі – Ұстаз болу.  Ал ұстаздар дайындайтын жоғары оқу орындарының ішінде –  бірі емес, бірегейі - 82 жылдық тарихы бар, Қазақ Ұлттық Қыздар Педагогикалық университеті (QyzPU) болып саналады.

ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев техникалық мамандықтарға аса үлкен көңіл аударуға қажеттігін айтты. Осыған орай, Қыздар универіндегі «Физика, математика және цифрлық технологиялар институтын (ФМЦТ)» таңдау маңызды. Бұл Институтты Қыздар университетінің түлегі - профессор Гүлназ Салғараева басқарады.

Институтта жоғары білімді мамандар ғылым докторлары, профессорлар мен ғылым кандидаттары, PhD докторлары, доценттер дәріс береді. Профессор - оқытушы құрамы білім алушыларды білім мен шығармашылыққа, жасанды интеллектінің қоғам мен ғылымға ықпалына  бағдарлай отырып, ақпараттық технологияларды меңгерген сапалы мамандарды даярлайды. Қыздар университетінде оқитын студенттердің Ұлыбритания, Түркия, АҚШ, Ресей Федерациясы ЖОО академиялық ұтқырлықтан өтіп, қос дипломдық білім алуына мүмкіндіктері бар. Жақында ФМЦТ Институтының директоры  профессор Г.И. Салғараева ұсынған ғылыми жоба, Халықаралық Еуропалық Одақтың «Horizon Europe» ғылыми-инновациялық бағдарламасы аясындағы беделді конкурсқа қатысып, жеңіске жетті.

Институтымыздың «HUMAN-AI» ғылыми консорциумына ресми түрде енуі - отандық ғылымның Халықаралық деңгейде танылып отырғанының айқын дәлелі деп санаймыз.

ФМЦТ Институты құрамына енетін физика кафедрасының көшбасшысы, Қыздар университетінің түлегі - п.ғ.к., қауымдастырылған профессор Назира Сандибаева білім алушыларға сапалы білім беру мен рухани тәрбие беруге баса көңіл бөледі. Физика кафедрасы толығымен заманауи зертханалармен жабдықталған. Астрономия кабинетінде ғарыш әлеміне 4D форматта саяхат жасауға мүмкіндік беретін «Планетарий» орналасқан. Сол сияқты электр және магнетизм бөлімі, оптика, молекулалық физика және термодинамика, атом және ядролық физика, механика және мектепте физиканы оқыту әдістемесіне арналған зертханалар толығымен заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Сонымен қатар, «Физика-техникалық ғылыми зерттеулер» және «Баламалы энергия көздері» зертханалары білім алушылардың күнделікті сабақтарын оқуымен қатар, ғылыммен шұғылданып, ғылыми жобаларды жүзеге асыруларына мүмкіндік береді.
«Smart Physics» ғылыми үйірмесі студенттердің зерттеушілік қабілеттерін дамытуға, ғылыми-техникалық жаңалықтарды меңгеруге және стартап жобаларға қатысуына жағдай жасайды.

 

Ғылыми тәжірибеге негізделген білім беріп, студенттерге тек теориялық білім берумен шектелмей, тәжірибелік дағдыларды қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді. 

Физика кафедрасында көпдеңгейлі білім беру жүйесі: бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерінде мамандар даярлайды. Негізгі білім беру бағдарламалары:

  • 6В01504 – Физика
  • 6В01505 – Физика–информатика
  • 6В05302 – Физика
  • 6В05303Компьютерлік физика
  • 7М01502 – Физика, 7М05301– Физика – магистратура
  • 8D01501 – Физика, 8D05302 – Физика – докторантура бойынша жүргізіледі.

Бұл бағдарламалар педагогикалық, ғылыми және цифрлық құзыреттіліктерді дамытуға бағытталған. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, Қыздар үшін ең үздік мамандық – ҰСТАЗ болу дер едім. Бұл ретте, Қыздар университеті - нағыз ғылыми-педагогикалық кадрлардың ұстаханасы болып табылады. Ғалым  да,  ел  қорғаған  батыр  да, тілінен  бал  тамған ақын  да,   көк аспанды   бағындырған ғарышкер  де  бәрі-бәрі  ұстаздан  білім,  тәлім  алады. Олай болса, Құрметті талапкер! Ұлағатты ұстаз болғың келсе - Қыздар университетінің есігі ашық!

Қыздар университетінің түлегі,
Физика кафедрасының профессоры, 
химия ғылымдарының кандидаты, 
Гүлнәзия Түгелбаева

 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow