Кинотерапия арқылы өмірлік құндылықтарды қалыптастыру
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №59 мекемесінде мекеме психологтары және «Ақниет» қоғамдық қорының психологы Мазитова Дана Ерікқызының қатысуымен сотталған азаматтарға арналған кинотерапия шарасы өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – қатысушыларға өмірлік маңызды құндылықтарды түсіндіру, дұрыс таңдау жасау мен жеке жауапкершілікті сезінуді қалыптастыру, сондай-ақ отбасының рөлі мен адамның өмірлік жолындағы мәнді бағыттарды ашып көрсету болды.
Кинотерапия барысында «Бақыт іздеу» фильмі көрсетіліп, оның мазмұны арқылы адам өміріндегі қиындықтарға қарамастан, өз тағдырын оң бағытта өзгертуге болатыны кеңінен талқыланды. Фильм кейіпкерінің өмірі арқылы қатысушыларға төзімділік, еңбекқорлық және үміттің маңыздылығы жеткізілді.
Сонымен қатар, шара барысында адамның өз өмірін зорлық-зомбылықсыз, айналасына зиян келтірмей және радикалды идеяларға бой алдырмай өзгерте алатыны түсіндірілді. Қатысушыларға өз шешімдерін саналы түрде қабылдау, жанашырлық таныту және өзгелерді түсіне білу қабілеттерін дамытуға бағытталған ойлар ұсынылды.
Аталған кинотерапия сотталған азаматтардың ішкі дүниесін дамытуға, өмірге деген көзқарасын оң бағытта өзгертуге және қоғамға бейімделуіне ықпал ететін маңызды тәрбиелік шаралардың бірі болып табылады.
Сіздің реакцияңыз қандай?