«Тараз» жасөспірімдерінің аяқ алысы қандай?

«Тараз» жасөспірімдерінің аяқ алысы қандай?

Қазақстандағы жасөспірімдер футболын дамытуға бағытталған Freedom QJ League жас футболшыларға жарыс тәжірибесін жинауға және өз шеберлігін көрсетуге мүмкіндік беретін алаңдардың бірі. «Тараз» футбол орталығының командалары лиганың алғашқы маусымдарынан бері чемпионатқа тұрақты қатысып келеді. Тараздықтардың бұған дейінгі нәтижелерінің қатарында 2024 жылғы U-18 санатындағы қола жүлде де бар. Сол маусымда Нұрдәулет Орынбасар үздік шабуылшы атанса, Азизжон Бердиев пен Орынбасар лиганың символикалық құрамына енді. 2023 жылы Димаш Серікұлы маусымның үздік ойыншысы атанды. Клуб 2023 және 2025 жылдары «Үздік маркетинг» номинациясында жеңімпаз болды.

Биылғы чемпионатта «Тараз» төрт жас санатында өнер көрсетіп, әр командасы алда қалған соңғы үш турға әртүрлі турнирлік жағдайда жетіп отыр.

U-18: бесінші орынға дейін көтерілу мүмкіндігі бар

2009 жылы туған футболшылардан құралған U-18 командасын былтырдан бері Самат Наурызбаев жаттықтырады.

19 турдан кейін тараздықтар 19 ұпай жинап, 12 команданың арасында сегізінші орында келеді. Қалған үш матчта мүмкін болған ұпайлардың барлығын жинаған жағдайда команда бесінші орынға дейін көтеріле алады. Сонымен бірге нәтижесі сәтсіз болған жағдайда төменгі орындарға түсу қаупі де бар.

Бұл санаттың ерекшелігі — командаларға әр матчта 2008 жылы туған үш футболшыны «джокер» ретінде пайдалануға мүмкіндік беріледі. «Тараз» U-18 құрамында негізінен 2009 жылы туған ойыншылар өнер көрсетіп келеді.

Сондықтан соңғы үш тур команда үшін турнирлік жағдайын жақсартумен қатар, өз жасындағы футболшыларға ойын тәжірибесін берудің маңызды кезеңі болмақ.

U-17: алтыншы орындағы жағдай

2010 жылы туған ойыншылардан жасақталған U-17 командасын биылдан бастап Асқар Кушикбаев жаттықтырады.

19 ойыннан кейін команда қоржынында 24 ұпай бар. Бұл көрсеткіш «Таразды» 12 команда арасындағы алтыншы орынға орналастырып отыр.

Қолда бар турнирлік есепке сәйкес, тараздықтардың бесінші орынға көтерілу мүмкіндігі жоқ. Қалған үш кездесуде тоғыз ұпай жинаған күннің өзінде «Жас Қыранмен» ұпай саны теңеседі, алайда қосымша көрсеткіштер бойынша қарсылас команда жоғары орналасады.

Сонымен қатар төменгі позицияларға түсу қаупі сақталады. Осыған байланысты соңғы үш турда командаға қазіргі орнын сақтау және мүмкіндігінше жоғары нәтижеге қол жеткізу міндеті тұр.

U-16: турнирлік жағдайын жақсартуға мүмкіндік бар

2011 жылы туған футболшылардан құралған U-16 командасын Бекмурат Хайтмуратов пен Анатолий Бельский жаттықтырады.

Команда 19 турдан кейін 10 ұпаймен 11-орында орналасқан. Бұған дейін жоғары орындарға таласқан ұжым биыл құрамдағы өзгерістерге тап болды. Әртүрлі себептермен алты негізгі ойыншы командадан кеткен.

Қалған үш матчта максималды нәтиже көрсеткен жағдайда «Тараз» U-16 10-орынға көтеріле алады. Ал ұпай жоғалтқан жағдайда соңғы орынға түсіп қалу қаупі бар.

Сондықтан чемпионаттың соңғы кездесулері команда үшін турнирлік кестедегі жағдайын өзгертуге мүмкіндік беретін маңызды кезең болмақ.

U-15: құрамдағы өзгерістер әсер еткен маусым

2012 жылы туған ойыншылардан құралған U-15 командасының бас бапкері маусым басында Самат Орманов болды. 10-турдан кейін команданы Исмаил Ходжаев жаттықтыра бастады.

19 турдан кейін тараздықтардың еншісінде 15 ұпай бар. Команда қазіргі таңда 12 ұжымның ішінде тоғызыншы орында.

Турнирлік есеп бойынша «Тараз» U-15 командасының жоғары орындарға көтерілу мүмкіндігі шектеулі. Қалған кездесулердің нәтижесіне байланысты команда төменгі орындарға да түсуі ықтимал.

Маусым барысында команданың екі үздік сұрмергені — Арнұр Батырбай мен Ерасыл Әбілдә «Шахтер» академиясына ауысты. Құрамдағы бұл өзгерістер маусымның екінші бөлігіндегі команда нәтижесіне әсер еткен факторлардың бірі болды.

Соңғы үш турдың маңызы

Freedom QJ League-дің 2026 жылғы маусымы 25 қазанда аяқталады. Чемпионаттың соңғы үш туры «Тараз» академиясының төрт командасы үшін де турнирлік жағдайын анықтайтын кезең болмақ. Қазіргі көрсеткіш бойынша U-18 бесінші орынға дейін көтерілу мүмкіндігін сақтап отыр. U-17 алтыншы позицияда келеді және оны қорғауы қажет. U-16 мен U-15 командалары төменгі бөліктегі жағдайын жақсартуға тырысады.

Жасөспірімдер футболындағы нәтиже тек турнирлік кестедегі орынмен шектелмейді. Ойыншылардың тұрақты тәжірибе жинауы, бәсекелі ортада өнер көрсетуі және келесі деңгейге өтуге дайындығы да маңызды.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow