«Таза Қазақстан» қоқыс жинаумен шектелмейді: Акция аясында зиянсыз өнім өндіру де назарда
Тараз қаласының шетінде фосфогипс қалдықтары талай жылдан бері тау болып үйіліп жатыр. Зауыттан шыққан химиялық қалдықтар күннен күнге төгіліп жатқандықтан алып жатқан ауқымы артып келеді. Үйінділердің шаңы үп еткен жел болса облыс орталығынан бөлек, Шайқорық, Танты елді мекендеріне тарайды. Көкшулан тозаң адам ағзасына, қоршаған ортаға қауіп төндіруде.
Сондықтан бұл мәселе «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсенді қатысушылардың да назарынан тыс қалмады. Олар кәсіпорын экономиканың ғана мүддесін ойламау керек деген пікір білдірді. Экобелсенді Ақәділ Дәуренұлының айтуынша, табиғатқа зиянсыз өнім өндіру - экономикамен қатар, экологияға да пайда әкеледі. Сондықтан «Тараз-Аса» бағытындағы тас жолдың бойында тау-тау болып үйілген фосфогипс қалдықтарын кәдеге жаратуға тиіспіз. Мәселен орны үңірейіп, жер қабаты қазылып, сол күйі қалып кеткен карьерлерді толтыру, агро саланың қажетіне жұмсау секілді жұмыстарды қолға алу керек» дейді.
Ал отандық ғалымдардың айтуынша, фосфогипс жол құрылысына да таптырмас материал. Техника ғылымдарының докторы Борис Асматулаевтың сөзіне сүйенсек, өнеркәсіптік металлургия және фосфор кәсіпорындарының техногендік қалдықтары домна пеші мен фосфор шлактары, фосфогипс пен боксит шламы, сондай-ақ жылу-электр стансаларының күлі өздігінен цементтелетін қасиетке ие. Ал серіктестіктің бас экологі Арман Қарағалиев кәсіпорын басшылығы фосфогипсті қайта өңдеудің оңтайлы әдісін іздеумен айналысып келе жатқанын және алғашқы тәжірибе жасалғанын айтады.
– Былтыр тәжірибе ретінде фосфогипсті жолдың 100 метр бөлігін салуға пайдаландық. Бұл жұмысты «Қазжолинновация» ғылыми-зерттеу және өндірістік компаниясымен бірлесіп атқардық. Негізгі цемент-қиыршық тас қоспасына басқа материалдарға 22 пайыз қатынасында фосфогипс қосылады. Сонда 100 метр жолға 60 тонна фосфогипс жұмсадық. Салынып жатқан «Қазақстан – Успен» автожолының тәжірибелік телімінің сапасына қорытынды мониторинг жүргізілді. Нәтижесі жол сапасына қойылатын стандарттар мен талаптарға сәйкес келеді. Фосфогипс ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің және «ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамының инновациялық технологиялар тізіміне енгізілген. Сондықтан зауыт шығарған фосфогипс қалдықтарын қайта өңдеуге пайдалану автожол салу мақсатында пайдалы қазбаларды пайдалануды азайтып, ландшафт пен экоортаның тұтастығын сақтау проблемасын шешеді, – дейді Арман Қарағалиев.
Дүниежүзі елдеріндегі тәжірибе фосфогипсті ауылшаруашылығынан бастап жол құрылысы мен цемент өнеркәсібіне дейін көптеген салада қолдануға болатынын көрсетіп отыр.Осы ретте М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ғалымдары фосфогипс қалдықтары бойынша бірнеше жыл бойы түрлі зерттеу жүргізіп, маңызды жоба жасай алды. Олар фосфогипстен құрылыс гипсі мен жоғары сапалы цемент шығаруды ұсынып отыр. Ол үшін фосфогипс қалдығы күйдірудің екі кезеңінен өтуі керек.Өңірлік университеттің «Химия және химиялық технологиялар» кафедрасының аға оқытушысы Дильбар Күлбаева өз эксперименттеріне сутегі турбиналы генератор қондырғысын қолданатынын жеткізді.
– Онда метан сумен әрекеттеседі. 60 пайызы – су, 40 пайызы – көмірсутек. Бұл заттар жанған кезде сутегі бөлінеді. Бұл сутекті пешке береміз, клинкер фосфогипспен әрекеттеседі және 2 000 градус цельсийде цемент алынады. Цементтің өзінде гипс мөлшері 77 пайыз немесе одан да көп болуы керек, ал бізде – 98,1 пайыз. Бұл М-400 және М-600 маркалы цемент шығара алатынымызды дәлелдейді. Материал сапасы жоғары болады. Себебі басқа цементтердегі гипс үлесі 77 пайыз болса, фосфогипстен алатын цемент 98 пайыздан гипстен тұрады, яғни берік болады, – дейді ғалым.
Ал университеттің ғылым және коммерцияландыру департаментінің директоры Сейітжан Орынбаев та бұл екі жақ үшін де пайдалы іс екенін айтады.
– Бір зауыт жылына 300 мың тоннаға жуық фосфогипс қалдығын қайта өңдейтін болады. Бұл ретте шамамен 124 мың тонна цемент аламыз. 60 пайыз цемент өндірісіне, қалған 40 пайызы күкірт қышқылы болып бөлінеді. Ондағы зиянды қалдықтар жоғарғы градуста ұшып кетеді. Оны арнайы зауыт сүзгісі арқылы ұстап қаламыз, қалған зиянды қалдықтар құм секілді қалыпқа енеді де зиянсыз цемент құрамына кіреді. Бұл жобаның өтелу мерзімі шамамен 2,5 жылды құрайды. Сәйкесінше бюджетке салық түседі. Компанияның өзі жылына шамамен 1,7 миллиард теңге табыс табады. Егер жақсы жұмыс істесе 2-3 жыл ішінде кеткен шығынды ақтайды. Жылына 2 миллион тонна қалдық пайдаға асып отырса, екі үйіндіден 7-8 жыл ішінде құтылуға болады, – дейді С.Орынбаев.
Ал ауыл тұрғындары жылдан жылға ауқымы артып бара жатқан химиялық қалдықтардың зардабынан қорқады. Тұрғындардың талабы – қалдықтарды көшіру. Бұқара мамандар айтқандай мәселені шешуде фосфогипс қалдығын агро саладағы алқаптарға төгу керек деп санайды. Экобелсенділер де тыңайтқыш, жол құрылысына пайдалану секілді ұсыныстарын айтып отыр. Сондай-ақ сапалы цемент жасауға шикізат ретінде пайдаланып көрсе дейді.
Қуаныш Арыстанбек, jambylmedia.kz
Сіздің реакцияңыз қандай?