Басты бетБіз туралыБЫЛАЙША АЙТҚАНДАЕЛ ІШІЖАҢАЛЫҚТАРҚАРЖЫ СЕКТОРЫҚОҒАММӘДЕНИЕТҮЛКЕН СҰРАҚХАЛЫҚТАН ХАТ

ЖОЛЖАЗБА: ЖЕКСЕНБІДЕГІ ДЕМАЛЫС

Жоққа жәрдем

Жолжазба. Жексенбі. 29 наурыз. Сағат сандары… 1?:?? Түсініктісі: түс әлеті. Көктем кезі – Сәуір сәті.
Күнге шықсаң күртешеңнің алдын ағытып алқам-салқам ыстықтай бастайсың. Көлеңкеде тұрсаң көйлегіңді күрт қымтана жаурай жөнелесің.
Дала дидарын Көктем деп таныстырып тұр. Иә, алқам-салқам ыстықтай бастайсың. Күрт қымтана жаурай жөнелесің. Көктемнің күн райы осындай құбылмалы. Біресе безеріп, безіндіріп… Біресе еркелеп, ентелеп… Ара-тұра алдамшы мінезімен арбаса да табиғи тәртібіне салып айналасына арай төгуден танбайды. Табиғаттан үйренеріміз көп. Көңілдерге көктем сыйлаудың да мың бір нұсқасы бар ғой, негізі… Ізгіліктің нұр шашуы адамгершілік пен бауырмалдықтан болар. Жақша сыртына жан+ашуды шығарсақ та болады.
Олай болса “Жұртқа жәрдем жасаған Жарас” деп жолжазбама тақырып қойсам болатындай. Лексика-грамматикалық һәм лингвистикалық заңдылыққа иек сүйеп, синтаксистик сертке адал болу деп “Жарас жұртқа жәрдем жасады” десем де дұрыс дерсіз. Нұсқасы көп. Қайырмалайын.
Жарас Баястанов есімді Тараз қаласының тұрғыны тұрмысы төмен отбасыларға қайырымдылық шарасын ұйымдастырды. Ол өз қаржысы есебінен аталған отбасыларға азық-түлік апарды.

Қайырымды азамат өз қаржы есебінен әр отбасына 20 келі картоп, 10 келі ұн, 30 дана жұмыртқа, 10 келі макарон, 8 келі пияз, 6 келі сәбіз, 5 келі күріш, 3 литр шитмай, 2 келі қант, 2 келі қарақұмық жармасы, 3 пакет тауық етін, 4 дана кір сабын, 6 дана әтірсабын таратты.
“Мен қандайда бір кәсіпкер емеспін. Айлықтан айлыққа күн көріп жүрген қарапайым жұмысшымын. Бұл мақсат, ешқандай мақтан емес. Егер бұл әрекетім “Ізгі іс жасау” дегенге келетін болса өзге замандастарымды да осылай жағдайы жоқ жанұялар мен көп балалы отбасыларға көмек көрсетуге шақырамын. Біз сіздермен біргеміз. Мен “Nur Otan” партиясының “BizBirgemiz” акциясына ат салысқым келді. Сол үшін партияның Жамбыл облыстық филиалының берген тізімінен екі отбасыны таңдап алдым. Бүкіләлемдік карантин кезінде көшеге шығуы қиын, көмекке мұқтаждарға жәрдем керек ” деді, Жарас.
Расында ізгі іс жасағаны үлкен үлгі, өзгеге өнеге болатын қайырымдылық.

Әлия Асылбаева 4 баланың анасы. Үлкені 16 жаста болса, кішісі 8-де. Өзі жалғыз басты, жұмыссыз. Бір баласының мүмкіндігі шектеулі екенін айтады. 40 жастағы азаматша 3 жылдан бері Тараздың шетіндегі Құмшағал ауылына қарасты “Лето” массивінде тұрады. Тұрады болғанда өзі айтқандай – тар лашық.

” – Ай сайын 4 балама мемлекет әкесі жоқ деп 53 мың теңге беріп отыр. Бұл қаржы мүшкіл хәлімізге медет болғанымен, жағдайымызды жасауға жетпейді. Күн көру қиындап барады. Карантин қосылды. 1-2 айға жететін азық-түлік үшін алғысым шексіз. Алла разы болсын!” деді Әлия.

Әлия қыстан қысылып шыққан. Суық үйін жүрегімен жылытып қана отыр. Бірақ бұл поэтикалық панорама ғана болар еді. Қайырымды жандар үйінің іргесін жөндеп, жылу жүргізіп беруін жүрегімен сұрап отыр.

Жарас жеке көлігін “Қарасу” массивіне бағыттады. “Дачалардың” тар жол, тарпаң шұңқырларынан қайықтай теңселе, қайранға кетіп қалмай, қалаға қайттық.

Тараздан көп балалы Анар Азатбекованың баспанасына бас сұқтық. 45 жастағы алтын құрсақ ананың 9 баласы бар (үлкені 27 жаста, кішісі 3-те). Жалғыз басты болғандықтан, жәрдемге зәру, көмекке мұқтаж. 4 баласы мектепте оқыса, біреуі колледжде студент.

4-ші қабатта тұрады екен. Анар ханымға азық-түлік қапшықтарын көтеріп кіріп, алғысын арқалап қайттық. Жолжазбаны аты айтып тұрғандай сол стильде жазуға болар еді – еріндім. Өйткені, бізге ертең өзге отбасыларға көмек көрсетудің жоспарын жасау керек еді. Бізге деп қоямын Жарасқа!

Көшедегі көктем болса, жылымықтанып көрінгенімен салқын бүркіп састырады. Күнге шықсаң күртешеңнің алдын ағытып алқам-салқам ыстықтай бастайсың. Көлеңкеде тұрсаң көйлегіңді күрт қымтана жаурай жөнелесің. 29 наурыз. Сағат сандары… 1?:?? Нағыз жексенбі.

Данияр Ілиясұлы

Тегтер

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.

Close