Жамбылда сапалы медициналық бұйымдар қайда шығарылады?
Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылында орналасқан «Super-pharm» ЖШС фармацевтикалық кәсіпорны өңірдің денсаулық сақтау саласын сапалы медициналық бұйымдармен қамтамасыз етіп келе жатқан және импортты алмастыруға бағытталған маңызды өндіріс орындарының бірі саналады.
Кәсіпорынды Қайрат Қаймолдаев басқарады. Компания 2006 жылдан бастап медициналық қызметтер көрсетіп, медициналық құрал-жабдықтарды көтерме және бөлшек саудада өткізіп келеді.
2011 жылы тоқыма емес материалдардан жасалған бір реттік медициналық бұйымдар шығаратын алғашқы өндірістік желі іске қосылды.
2019 жылы пластырь түріндегі және пластмасса негізіндегі медициналық бұйымдар өндіретін екінші желі жұмысын бастады.
2022 жылы тоқыма емес материалдар өндірісіне арналған жаңа зауыт пайдалануға беріліп, кәсіпорынның жалпы қуаты айтарлықтай артты.
Кәсіпорынның өндірістік аумағы 8,92 гектарды құрайды.
Жалпы кешеннің көлемі – 78 200 м², оның 58 200 м² өндірістік мақсатта пайдаланылуда.
Жобаға салынған инвестиция көлемі – 2,8 млрд теңге.
«Super-pharm» бүгінде келесі өнім түрлерін шығарады:
· тоқыма емес материалдардан жасалған медициналық бұйымдар;
· пластмасса өнімдері;
· рулонды лейкопластырьлар және пластырь типіндегі бұйымдар;
· әртүрлі өлшемдегі спиртті сүрткіштер.
2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында кәсіпорында жалпы құны 6 930,6 млн теңгені құрайтын 8 735 мың дана бір реттік медициналық бұйым өндірілді.
Кәсіпорын шығаратын өнімдер еліміздің медициналық мекемелерінде кеңінен қолданылып, нарықтағы сұранысты өтеуге елеулі үлес қосуда.
Сіздің реакцияңыз қандай?