Жамбыл облысында жаңа 10 су қоймасы салынады
Жамбыл облысында он жаңа су қоймасы салынады, - деп хабарлайды jambylmedia.kz тілшісі Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
ҮШ ЖЫЛДЫҚ ЖОСПАР. 2028 ЖЫЛ.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Жамбыл облысының тұрғындарымен кездесіп, өңірде атқарылып жатқан жұмыстар мен министрліктің алдағы жоспарлары туралы баяндады.
2028 жылға дейінгі су саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспарға сәйкес, Жамбыл облысында 10 жаңа су қоймасы салынып, жұмыс істеп тұрған 3 су қоймасы реконструкциядан өтеді. Сондай-ақ 45 гидротехникалық нысанға көпфакторлы зерттеу жүргізу жоспарланған.
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ҮШ ЖАҢА СУ ҚОЙМАСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛАДЫ
Министрлік келесі жылы (2026 жылы) Ақмола және Қалғұты су қоймаларының құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар Теріс-Ащыбұлақ және Қарақоңыз су қоймалары реконструкциядан өтеді. Ал облыс әкімдігі 7 жаңа су қоймасының жобалау-сметалық құжатын әзірлеумен айналысып жатыр.
СУАРУ КАНАЛДАРЫН ЖӨНДЕУ
Жиында тұрғындар министрге өңірдегі каналдарды жөндеуге қатысты сұрақтар қойды. Қазіргі уақытта Ислам даму банкінің қолдауымен ұзындығы 415 шақырым болатын 76 каналды жаңғырту жобасы әзірленіп жатыр. Бұл шара 24 877 гектар жерге су жеткізуді жақсартады.
Сонымен қатар өңірде 23 суару каналын реконструкциялау жобасы аяқталуға жақын. Нәтижесінде 19 746 гектар егістік алқапқа су беру жақсарады. Жыл аяғына дейін ұзындығы 103 шақырымнан асатын 5 каналды реконструкциялау жобасын аяқтау жоспарланып отыр.
"Су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту – Мемлекет басшысының министрлікке жүктеген негізгі міндеттердің бірі. Ел бойынша гидротехникалық нысандарды салу және реконструкциялау жоспарын іске асыру үшін жеке инвестициялар тартылуда. Сонымен қатар, су ресурстарын басқаруды автоматтандыру және цифрландыру саласында жетекші компаниялармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Дегенмен суды үнемдеуге тек мемлекет қана емес, тұтынушылардың өздері де үлес қосуы қажет. Ол үшін су үнемдейтін технологияларды енгізіп, ылғалды аз қажет ететін дақыл түрлерін өсіруге көшу маңызды", – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
СУАРМАЛЫ АЛҚАП КӨЛЕМІ АРТАДЫ
Жамбыл облысында келер жылы жаңадан үш су қоймасы салынғанда не өзгереді?
Алдымен әбден тозығы жеткен екі қойма қайта жаңғыртылады. Соның есебінен суармалы жердің көлемі артып, су тапшылығы мәселесі ішінара шешімін таппақ. Жөнделетін су қоймасының бірі - Терісащыбұлақ.
Жуалы мен Жамбыл ауданының егіншілері тіршілік нәрін осы Терісащыбұлақ су қоймасынан алады. Гидроқұрылымның сыйымдылығы 158 млн текше метрге жетеді. Алайда 145 млн текше метр су жинауға техникалық рұқсаты бар. Себебі жеті жыл бұрын оның жоғары тұсынан жарықша пайда болған.
Тарихына көз жүгіртсек, Терісащыбұлақ су қоймасы Кеңес үкіметі тұсында жоспарланып, 1963 жылы салынған. Мына тұрған су тоспалары да сол кезде қолданысқа берілді. Дегенмен бірде біреуі әлі күнге дейін жаңармаған. Тек жамап жасқап жұмысқа жаратып отыр. Сондықтан су тоспалары ауыстыруды қажет етіп, бетондары үгітіліп жатыр.
Өңірде «Қазсушар» мекемесіне қарайтын 576 нысан бар. Оның жетеуі ірі су қоймасы. «Кеңестік кезеңнен бері тек біреуіне күрделі жөндеу жасалған. Стратегиялық нысандарды жаңғыртудан бөлек, цифрландыру қажет», - дейді ғалымдар.
«Су қоймаларының өзі төлқұжатына сәйкес өзінің жұмыс істеу мерзімінен өтіп кеткен. Біз түбегейлі жөндеу жұмыстарын жасауымыз керек. Әлемдік стандартта ол автоматтандырылған түрде суды бөлістіру, оны сандық негізге ауыстыру. Өйткені біз спутник арқылы не болмаса қашықтан зерделеу арқылы судың деңгейінің өзгеруі, судың астында болып жатқан тұнбалардың жинақталуы сол процестердің барлығын сандық түрде мәліметтерді алып, бақылап отыруымыз керек. Осы деңгейге көтеруіміз керек» – деді, Қазақ Ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің ғылыми қызметкері, Техника ғылымдарының докторы Ғалия Омарова.
Ал жауаптылар мәселенің кезең-кезеңімен шешіліп жатқанын айтады. Бұған дейін Тасөткел су қоймасы қайта жаңғыртудан өтті. Келер жылы «Терісащыбұлақ» пен «Қарақоңызда» құрылыс жұмыстары басталады. Нысандардың бас құрылымы жөнделіп, құлақтандыру мен бейнебақылау жүйесі орнатылмақ. Оған қоса келген және ағызылған судың есебін білу үшін автоматтандыру жүйесі қосылады. Жалпы келер жылы облыс бойынша үш жаңа су қоймасы салынады.
«Тасқыннан келген суларды жауын-шашыннан жиналған сулардың барлығын көктемде оған дейін жинап вегетация кезінде суармалы жерлерге су беру мақсатында салынатын су қоймалары болып есептеледі. 6 500 га жерді қосымша сумен қамтамасыз ету мақсатында Ақмола су қоймасын салу жоспарланған. Қалғұты су қоймасы 15,5 млн текше метр болатын болса, Ырғайты су қоймамыз 30,2 млн текше метр су жинап, су тапшы уақытта вегетацияның ішінде тамыз айларында Георгиев магистральды каналын 28 мың гектар жерді қосымша сумен қамтамасыз ету болып табылады» – деді, «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Жамбыл облыстық филиалының бөлім басшысы Әлішер Өсербаев.
Айта кетейік, Жамбыл облысында егін шаруашылығымен айналысатын дихандар саны 5 мыңға жуықтайды. «Оларға қажетті судың 80%-ы Қырғызстаннан келеді. Жаңадан салынатын гидроқұрылымдар су тапшылығын ішінара шешеді», – дейді су шаруашылығының мамандары.
СУ МАМАНДАРЫНЫҢ ТАПШЫЛЫҒЫ ТӨМЕНДЕЙ МЕ?
Жалпы Жамбыл облысынан бөлек, ел аумағында су мамандарының саны мен сапасын көбейту мақсатында Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті (ҚазҰСШИУ) құрылды.
Тарихы жайлы аз-кем айтсақ... 2024 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен құрылған салалық зерттеу университеті. Университет – 1962 жылы негізі қаланған Жамбыл гидромелиорациялық-құрылыс институтының құқықтық мирасқоры саналады.
Жаңа оқу ордасы 10 бағыт бойынша оқытады. Гидротехникалық құрылыс, елді мекенді сумен қамтамасыз ету, мелиорация және суармалы егіншілік және су ресурстарын басқару мамандықтарынан бөлек жаңа 6 бағыт бойынша білім береді.
Атап айтқанда, жаңа тұрпатты, заманауи технологиялармен қамтылған ЖОО ҚазҰСШИУ-да «Су шаруашылығы және мелиорация», «Геодезия және картография», «Су шаруашылығындағы гидротехникалық құрылыс», «Сумен жабдықтаудың инженерлік жүйелері», «Су шаруашылығындағы инновациялық технологиялар» атты және тағы басқа жаңа білім беру бағдарламалары енгізілген.
ҚазҰСШИУ-ға 2024-2025 жылдарға 245 орынға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысының нысаналы квотасы (бакалавриатқа – 210, магистратураға – 20, докторантураға – 15) бөлінді.
Білім беру цикліндегі жалпы контингент саны 4 000 білім алушыны құрайды.
Бұған дейін Тараз өңірлік университетінде факультет ішілік болған мамандықтар енді салалық университетте жаңа бағытта оқытылады.
Су саласына қатысты су жаңа университетке түскісі келетін талапкерлердің қарасы қалың болды. Алдағы жылдары өз алдына отау тіккен оқу орнында 4 мың студентке сапалы білім берілетініне сенім мол. Ал оларға 250 оқытушы дәріс береді. Ендеше 27 жыл бұрын жабылған «Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институты» қайта қанат жайды деуге болады.
«Мамандықтар жайында айтатын болсақ, су шаруашылығының экономикасы, су шаруашылығын механикаландыру, гидроэкология, су дипломатиясы, гидротехникалық мелиорация. Міне осы бағытта магистратура, бакалавриат бағыттарын да ашып отырмыз. Артықшылығымыз – төменгі 50 балл болса болды, бізге грантқа түсуге болады» – деді, Қазақ Ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің ғылыми қызметкері, Техника ғылымдарының докторы Ғалия Омарова.
Сондай-ақ докторантура да бар. Тағы бір тың жаңалығы – мемлекеттік қызметте 5 жыл жұмыс істеген азаматтар профилдік магистратураға емтиханасыз қабылданады. Ал су саласын оқытатын университетті шетелден іздеген талапкерлер жаңа оқу орны Жамбылдан ашылғанына қуанышты.
«Бұл су шаруашылығы Қазақстан үшін өте маңызды және қазіргі болып жатқан оқиғалар да осыған дәлел деп айтамын. Сондықтан мен осы су шаруашылығын таңдадым. Өз таңдауым үшін қуанамын. Алдағы уақытта бар ынтамды білім алуға, білігімді шыңдауға жұмсауға тырысамын» – деді, осында оқитын студент Әмір Тұрар.
Ал су саласында еңбек ететін 74 жастағы ғалым Әдеубай Сейітқазиевтің айтуынша студенттер алқаптарды суаратын заманауи технологиялардың тілін білу керек. Сондықтан жаңа университет осы бағытқа басымдық беруі тиіс.
«Су техниктерін, жаңбырлатқыш машиналарды, оның темірлерін дайындайтын, солардың бәрін қосымша дайындайтын мамандықтардың бәрін қосалқы алып, су шаруашылығына керекті тетіктердің бәрін үйретуіміз керек.
Айта кетейік аймақта су саласы мамандықтары бұған дейін Тараз өңірлік университетінің құрамында оқытылып келді. Талай жылғы техникалық база тозған. Сондықтан жаңа ұжым құрылғылардың 90%-ын жаңартуды жоспарлап отыр. Осы істе сәттілік тілеймін. Бүгінде жаңа базасын біршама жаңартып та үлгерді» – деді, профессор, техника ғылымдарының докторы Әдеубай Сейітқазиев.
400 СТУДЕНТ ВЕНГРИЯДА ОҚУҒА МҮМКІНДІК АЛДЫ
Енді еліміздің 400 студенті Венгрия астанасы Будапештте оқуға мүмкіндік алды. Осылайша Президент тапсырмасымен құрылған Қазақ Ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті әлемнің ЖОО-мен әріптестік байланыс орната бастады. Сондай-ақ студенттерден қалыспай енді су саласына жауапты министрлік қызметкерлері де білімін жетілдіре алады. Олар үшін қос дипломды білім беру бағдарламасы іске қосылды.
Былтыр ашылған Қазақ Ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінде әзірге 2 мыңнан аса студент оқиды. Енді биылдан бастап мұндағы 400 студент Венгриядағы Оbuda университетінде білім алады. Олар Будапештте бір жыл бойы инженерлік мамандықтарды меңгереді. Күні кеше орталық Еуропаға 45 студент аман-есен жетті.
«Жалпы Венгрия университеттері сапалы білімге және тәжірибеге үлкен мән береді. Сол үшін сапалы білім алуға барымызды саламыз. Алғашқы уақытта осы жақта алған білімімізбен Қазақстанға барып пайдалы маман болуға барымызды саламыз және академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында алған тәжірибелермен заманауи маман болып шығатынымызға сенеміз» – деді, Венрияға барған университеттің 2-ші курс студенті Темірлан Болат.
Сондай-ақ, бүгінде Венгрияда 20 магистр оқып жатыр. Олар бірден екі дипломның иесі атанады. Универистет ректоры былтыр ел Президенті мажарлар еліне барғанда меморандум жасауға мүмкіндік туды дейді.
«Бұл магистратура жағынан Корвинус университетімен қос дипломдық бағдарлама – су ресурстарын басқару, оның ішінде су дипломатиясы. Бірінші семестрін олар Корвинус университетінің бағдарламасымен оқиды. Ал екінші семестрін Таразға келіп, біздің университетте оқиды. Жасанды интеллект, бағдарламалық қамтамасыз ету деген бар. Сол бойынша оларға Орхард, Рос, Матлап деген бағдарламаларда жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі» – деді, Қазақ Ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің ректоры Кәмшат Түсіпова.
Айта кетерлігі, биыл университет Қытайдың солтүстік су ресурстары университетімен бірігіп Таразда зертхана ашпақ. Жаңа нысанда жасанды интеллект арқылы гидрологиялық зерттеу жасап, жер асты суларын модельдеуге болады.
«Қытайдан жақын арада жетекші ғалымдары келеді. + Жас ғалымдарымызға арнайы дәрістерін береді. Сонымен қатар бізбен бірлесіп болашақта оқу және ғылыми жұмыстарды жүргізу бағытында қандай байланыс болатынын бірлесіп шешеміз» – деді, Қазақ Ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің ғылыми қызметкері, Техника ғылымдарының докторы Ғалия Омарова.
Президент Жолдауда университеттің техникалық базасын күшейтуді тағы бір еске салды. Бұл бағытта мелиоративтік-әдістемелік кешен құрылысы жүріп жатыр.
ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ СУДЫ ҮНЕМДЕУГЕ СЕРПІН БЕРЕДІ
Тараздағы Қазақ ұлттық Су шаруашылығы және ирригация университетінің профессорлар құрамы мен студенттері Президент жолдауында су саласына серпін беретін мәселелер айтылғанын қуанышпен қабылдады. Оқу орны мемлекет басшысының тапсырмасымен Жасанды интеллект және Цифрлық даму министрлігінің құрылатынына қуанышты.
Өйткені еліміздегі су саласы мамандарын даярлайтын жалғыз университет қазірдің өзінде бұл бағыттағы жобаларын жүзеге асырып жатыр. Заман талабы көрсеткендей, су ресурстарын басқару, ирригация, және гидрология салалары цифрлық шешімдерді қажет етеді. Бұл ретте жасанды интеллект деректерді талдап, суды үнемді пайдалану, климаттық өзгерістерді болжау және ауыл шаруашылығын тиімді жүргізуде үлкен қолдау көрсетеді. Университет ректорының айтуынша, жаңа министрлік аясында білім беру бағдарламалары жаңарып, студенттері заманауи цифрлық құзыреттерді меңгереді. Бұл олардың халықаралық еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуына жол ашпақ.
«Университет пен жаңа министрліктің серіктестігі арқылы ғылыми жобаларға қолдау артып, заманауи зертханалар мен цифрлық платформалар дамиды деп ойлаймын. Ашылғалы бері бізде цифрландыру проректоры лауазымы бар, өйткені біздің университетіміз түгелімен ішіндегі операциялардың барлығы және білім беру бағдарламалары цифрлық құралдарды қолдануы керек», деді – Қазақ Ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің ректоры Кәмшат Түсіпова.
СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДА 138 ЖОБА ІСКЕ АСАДЫ
Елімізде келесі жылы су шаруашылығы бағытында 184 млрд теңге көлемінде 138 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл туралы сала министрі Мәжілістегі Үкімет сағатында баяндады.
Биыл бюджет қаражаты мен халықаралық қаржы ұйымдарының қаражаты есебінен 6 мыңнан астам шақырым канал қайта жаңғыртылып жатыр. Оның ішінде келесі жылы мың шақырымға жуық канал пайдалануға берілмек.
Мәселен, Ақтөбе су қоймасы, Қызылорда су торабы, Шымкент қаласындағы Тоғыс су қоймасы күрделі жөндеуден өткізілуде. Жалпы алғанда 2021–2025 жылдар аралығында шамамен 7 мың шақырым ирригациялық канал жаңаланады.
«2025 жылға жалпы сомасы 184 млрд теңгені құрайтын 138 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Аталған жобалардың 31-і еліміздің 9 облысында – Ақмола, Атырау, Алматы, Қызылорда, Түркістан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында сумен жабдықтау нысандарын салу және қайта жаңарту бағыттарына арналған. Осы мақсаттарға биыл бюджеттен 71 млрд теңге бөлінді», деді – Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
ТАСҚЫНҒА ТОСҚАУЫЛ: ЕЛДЕ 20 ЖАҢА СУ ҚОЙМАСЫ САЛЫНАДЫ
Қазақстанда тасқын суын жинау және сол арқылы елді мекендерді су басу қаупін азайту үшін 20 жаңа су қоймасы салынады. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі ведомстваның телеграмм каналына жариялады.
"Жыл басында қабылданған Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың концепциясында 2,5 млрд текше метрге дейін су жинай алатын жаңадан 20 су қоймасын салу көзделген. Бірінші кезеңде Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және Жетісу облыстарында 10 су қоймасын салу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда Түркістан облысында 1 су қоймасы - Кеңсай-Қосқорған-2 пайдалануға берілді. Түркістан облысының Бәйдібек ауданында Бәйдібек ата су қоймасының құрылысы басталды, Төле би ауданында Қарақуыс су қоймасының құрылысы бойынша жоба іске асырылып жатыр", -деді тиісті министрлік өкілі, баспаөз хатшысы.
Сонымен қатар, 8 су қоймасының құрылысы бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатқан көрінеді. Бұл Ақмола облысындағы Есіл контрреттегіші, Алматы облысындағы Покатилов су қоймасы, БҚО Жалпақтал кентіндегі Үлкен Өзен өзеніндегі су қоймасы және Сексенбай ауылындағы Кіші Өзен өзеніндегі су қоймасы, Жамбыл облысындағы Ырғайты, Қалғұты және Ақмола су қоймалары, Қызылорда облысындағы Қараөзек каналындағы су қоймасы.
"Жаңа су қоймалары Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі құрғақшылыққа қарсы күресте, шаруаларды қажетті сумен қамтамасыз етуге және еліміздің көрші мемлекеттердің су ресурстарына тәуелділігін 25%-ға төмендетуге септігін тигізеді. Бұдан бөлек, жаңа су қоймаларын пайдалануға беру суармалы жерлердің ауданын 250 мың гектарға ұлғайтуға және 137 мың тұрғыны бар 70 ауылдық елдімекенді су басу қаупін азайтуға мүмкіндік береді", -дейді маман.
Сондай-ақ, концепцияда 2 млрд текше метрге жуық су жинайтын 15 су қоймасын реконструкциялау көзделген екен. Биыл Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Түркістан облыстары мен Астана қаласындағы алты нысанда жұмысты бастайды.
2026 ЖЫЛҒА ДЕЙІНГІ СУ ҮНЕМДЕУ ЖОЛ КАРТАСЫ
«Су - тіршілік көзі» деген сөздің шын мағынасын жер жаһан жұрты енді жете түсініп жатқандай. Өйткені соңғы жылдары бүкіл әлем бойынша су тапшылығы айқын сезіліп келеді.
«Суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек. Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек. Негізгі міндет – 2027 жылға қарай қосымша екі текше шақырым суға қол жеткізу», - деген еді мемлекет басшысы Жолдауында.
Қазіргі уақытта 150 мың гектарға дейін озық су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары жүзеге асырылуда.
1. 2024-2026 жылдарға арналған су үнемдеу жөніндегі жол картасы әзірленді.
· суды үнемдеуге қатысты су заңнамасы;
· тарифтерді белгілеу жүйелері;
· су шаруашылығын цифрландыру;
· суды есепке алудың заманауи жүйелерін енгізу;
· кәсіпорындарда айналымды және қайталама сумен жабдықтау;
· суды үнемдейтін технологияларды енгізе отырып, тұрғын үй-коммуналдық жүйелерді салу және пайдалану;
· қоғамды суға қатысты насихаттау және тәрбиелеу.
2. Фермерлерді су үнемдеу технологияларын орнатуға ынтыландыру мақсатында субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізілді. Онда суармалы жерлерде су алу және беру үшін инфрақұрылымды жүргізу кезінде ұңғымаларды бұрғылауға арналған, сондай-ақ инфрақұрылымды жүргізуге, су үнемдеу технологияларын сатып алуға және орнатуға фермерлердің шығындарын өтеу үлесін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайту көзделген.
3. Суармалы суды нормативтен тыс тұтыну үшін 20%-ға жоғары тарифті енгізу бөлігінде тарифтерді қалыптастыру қағидаларына өзгерістер енгізілді.
4. Сондай-ақ, субсидиялар мөлшерін саралау бөлігінде Суару суының құнын субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізілді (2024 жылғы 1 қаңтардаң бастап қолданысқа енгізіледі). Осы Қағидалар шеңберінде суармалы су беру жөніндегі қызметтерді сатып алуға арналған шығындарды тікелей су берушілерге өтеу көзделген.
5. Қазақстан Республикасының Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды.
Тұжырымдамада су тасқынына қарсы объектілерді қалпына келтіру, 15 су қоймасын және 14 мың шақырымнан астам суару арналарын реконструкциялау және жаңғырту, 9 өңірде жаңа су қоймаларын салу бойынша бірқатар кідіріссіз шаралар көзделеді.
Осы іс-шараларды іске асыру нәтижесінде:
– экономиканың салаларында пайдалану үшін 2,4 текше шақырым су жинауға;
– су тасқыны ағынын қауіпсіз жүргізуге және магистральдық және шаруашылықаралық арналар арқылы тасымалдау кезінде су шығынының деңгейін 50-ден 25%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Цифрландыру мақсатында еліміздің 3 500 шақырым суару желілеріне қатысты мынадай іс шаралар орындалды:
· Ұзындығы 444 шақырым Алматы, Түркістан және Жамбыл облыстарында 18 суару арнасын автоматтандыру жұмыстарын бастайды. Бұл жобалар 2026-2028 жылдары іске асырылатын болады.
· 2024-2026 жылдары Қызылорда облысының 16 магистральдық және шаруашылықаралық арналарын автоматтандыру және Қызылорда облысының Келінтөбе, Әйтек және Сұңқат 3 каналында суды есепке алудың автоматтандырылған жүйесін орната отырып, жобаны жасау және су бекеттерін реконструкциялау іске асырылады. Жалпы ұзындығы – 2 609 шақырым.
6. 2024-2025 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасы шеңберінде «Қызылорда облысының Жаңа Шиелі, О-2 каналдарында суды есепке алудың автоматтандырылған жүйесін орната отырып, гидропосттарды реконструкциялау» жобасын жүзеге асады.
Нәтижесінде бұл жобалар суармалы судың шығынын жылына 0,5 текше км-ге азайтуды қамтамасыз етуі және ауданы 362 мың га суармалы жерлердегі судың есебін қамтамасыз етуі тиіс.
Сіздің реакцияңыз қандай?