Ербол Қарашөкеев зауыт жұмысымен танысты

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қызылша алқаптарын аралап, Меркі қант зауытының жұмысын тексерді.

Ербол Қарашөкеев зауыт жұмысымен танысты

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Меркі ауданына жұмыс сапары аясында қант қызылшасын жинау барысын бақылап, «Меркі қант зауыты» ЖШС-ның тәтті түбірді қабылдау және өңдеу барысымен танысты.

 

«Smartagro Karkara» ЖШС-ның басшысы Нұргелді Әбжапаров 600 гектар егістік алқабын таныстырды. Биыл  шаруа қожалық қант қызылшасын, арпа және бидай еккен. Қазіргі уақытта жаңбырлатып суару технологиясын тиімді қолданып, тәтті түбірден әр гектардан 60 тоннадан өнім алуда. Егін жинау жұмыстарына 73 техника және 25 адам  тартылған. Келер жылы жүгері егіп, егістік алқабын әртараптандыруға ниетті. Жаңадан алған техникалары қант қызылшасын жинау жұмыстарын айтарлықтай жеңілдетіп отыр.

 

Бұдан кейін аймақ басшысы «Жансая» ЖШС-ның 100 гектарға егілген қант қызылшасы алқабын аралады. 2002 жылы құрылған серіктестікте 15 адам еңбек етеді, 28 техникасы бар. Келер жылы егістік алқабына тамшылатып суару технологиясын енгізу жоспарланып отыр.

 

Ербол Қарашөкеев диқандардың жемісті еңбегіне алғыс білдіріп, мемлекеттік қолдаудың тұрақты түрде жалғасатынын жеткізді.

 

Іссапар барысында облыс әкімі Меркі қант зауытына да ат басын бұрды. Мұнда өнімді қабылдау және өңдеу барысы, қант құрамын бақылайтын зертхана мен кагаттық алаң жұмысын тексеріп, диқандармен тілдесті.

 

Зауыт басында кептеліс тудырмау мақсатында әр ауданға шекті лимит белгіленіп, талондар арқылы қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Шаруалардың айтуынша, өнімді өткізу барысында еш кедергі жоқ.

 

Айта кетейік, биыл 5,3 мың гектар алқаптан таза салмақта 250 мың тонна қант қызылшасын алу жоспарлануда. 2025 жылдың 10 қазанынан бастап Меркі қант зауыты тәтті түбірлерді қабылдауды бастады. Қазіргі уақытқа дейін 2,3 мың гектар алқаптан 122,6 мың тонна өнім жиналып, оның 101,1 мың тоннасы кәсіпорынға өткізілді.

 

Зауыт күнделікті 5 мың тонна қант қызылшасын қабылдап, тәулігіне 2,5 мың тоннадан астам өнім өңдеуде.

 

Шаруаларға қант қызылшасының келісіне 38 теңге субсидия төленеді: оның 25 теңгесі мемлекет, 13 теңгесі зауыт есебінен беріледі.

 

Қазақстан қызылша өсіру бойынша зор әлеуетке иебұл мол жазық алқаптар, қолайлы климат және су ресурстарымен қамтамасыз етілген, әсіресе қант қызылшасы мен жемдік қызылша өндіруге басымдық беріледі, бұл отандық қант өнеркәсібі мен мал шаруашылығын дамытуға үлкен мүмкіндіктер ашады, бірақ суару жүйелерін жаңарту, тыңайтқыш қолдануды арттыру және технологиялық жаңартулар қажет.

 

Қазақстан қауқары. Әулиеата әлеуеті

 

Жамбыл облысы Қазақстанда қант қызылшасын өсіруге үлкен әлеуеті бар аймақ, себебі мұнда суармалы жерлер, қолайлы климат, жақсы топырақ және қант қызылшасын өңдеумен айналысатын ірі қант зауыттары бар, бұл өңірді қызылша өсіру мен қант өндірудің маңызды орталығына айналдырады. Облыстың бұл салаға деген қызығушылығы жоғары, және мемлекеттік қолдаумен, озық технологияларды енгізу арқылы әлеуетін арттырып, еліміздің қант тапшылығын қысқартуға үлкен үлес қосып келеді.

 

Жамбыл облысы қант қызылшасы өсірудегі негізгі аймақ болып қана қоймай, оны өңдеуде де маңызды рөл атқарады, өңірдегі қант өндірісінің әлеуеті өте жоғары.

 

Жамбыл облысы – Қазақстандағы қант қызылшасын өсіретін негізгі өңірлердің бірі  екенін көрші мемлекеттер де жақсы түсінетіндіктен, агро форумдар аясында аймақтың тәжірибесін алуға тырысады. Өнімді қайта өңдеу бойынша өндірістік қуаттар да осы өңірде орналасқан.

 

Өткенге шегініс жасасақ, осыдан 3 жыл бұрын (2022 жылы) қант қызылшасының егіс алаңы 6,1 мың га, ал 2021 жылы егіс алаңы 5,6 мың га құрады. Статистикалық деректерге сәйкес, 2021 жылы Жамбыл облысы бойынша өнімділігі 310,9 ц/га-нан 160,3 мың тонна (2020 жылдан 26,8 мың тоннаға артық) қант қызылшасы өндірілді. 

 

Бүгінде егіс ауқымы 6 мың гектарды құрап отыр. Ал былтыр 2024 жылы республикада рекордтық көрсеткіш орнатып, 11 мың гектарға жеткізді. Биыл алқап көлемін азайтудағы басты себеп ретінде зауыттардың қабылдау мүмкіндігі мен су тапшылығын болдырмау мақсатын айтсақ болады.  

 

Ауыл шаруашылығы министрлігі алқаптар көлемін азайтудағы бірнеше себепі атады. Бұл ретте мәселен 1 гектар қант қызылшасын себуге жұмсалатын тікелей шығын орта есеппен 500-600 мың теңгені құрайды. Жанар-жағар май, пестицидтер, суаратын су тарифтері бағасының айтарлықтай өсуі жұмсалатын жұмыс күшіне қарамастан, қант қызылшасын өсірумен айналысатын аграршылардың сатып алу бағасы төмен болған кезде рентабельділігі төмен болуына алып келді.

 

Ал өткен ғасырдың 30-жылдары салынған қант зауыттары қатты тозған. Зауыттардың технологиялық жабдықтарын жаңғырту үшін көп инвестиция қажет.

 

Осыдан 3 жыл бұрын Президет Қасым-Жомарт Тоқаев бұрын іске қосылған жеті қант зауытының төртеуі ғана - Алматы және Жамбыл облыстарында жұмыс істейтінін айтқан болатын. Олар тек жүктеменің 31% жауып отыр. Қазақстан 90% импорттық қантқа тәуелді.

 

Осы мәселені оңтайландыру үшін қант қызылшасын өңдеу бойынша Жамбылда жарқын жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.

 

Президенттің инвесторлар тарту тапсырмасына орай Байзақ ауданында ірі зауыттың құрылысы басталды. Енді өңірде жылына 1 млн тонна қант қызылшасын өңдейтін кәсіпорын бой көтермек.  

 

Салтанатты рәсімге ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен өңір басшысы Ербол Қарашөкеев қатысты. Бұл Қазақстанда тәуелсіздік жылдары салынып жатқан алқашқы қант зауыты.

 

Енді өңір дихандары өнімдерін өткізу үшін қант зауыттары алдында сабылып жүріп, сарылып кезек күтпейді. Өйткені Байзақ ауданы, Ақшолақ ауылында жылына 1 млн тонна  қант қызылшасын  өңдеп, одан 120 мың тоннаға дейін қант өндіретін зауыт салына бастады. Онда қосымша 70 мың тоннаға дейін мал азығы да шығарылмақ.  Жалпы өңірдің инвестициялық әлеуеті жылдан жылға артып келеді.

 

«Биыл 8 айдың қорытындысымен біз 391,7 млрд теңге инвестиция алып келдік. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32,4 пайызға артық.Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Жамбыл өңірінде инвестиция тарту, индустриялды қаңқасын жасауда үлкен-үлкен жобалар іске асырылып жатыр. 5 ірі жобаны алатын болсақ, инвестиция көлемі 1 трлн 500 млрд теңге деп күтіліп отыр.   Жыл басынан бері өңірде 9 ірі инвестициялық жоба іске қосылды. Олардың қатарында жылына 80 мың тонна өнім шығаратын әк зауыты, 36 млн дана кірпіш өндіретін зауыт, 100 мың шаршы метр шыңдалған әйнек шығаратын кәсіпорын, жылына 250 бірлік теміржол локомотиві мен жылжымалы құрам жасайтын өндіріс, алтын кенін өндіру ісі және жаңа жол бойындағы қонақүй бар. Ал Байзақ ауданындағы кәсіпорын өз кезегінде жылына 120 мың тонна ақ қант, 72 мың тонна қызылша ұнын өндіруге мүмкіндік береді. Осы айда басталған ақты құрылыс жұмыстарын келесі жылы аяқтау жоспарланып отыр.» – деді, ашылуға арнайы барған Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев.

 

Қант қызылшасын өңдейтін зауыт құрылысын қытайлық инвестор қолға алған. Ол жоба 200 млн АҚШ долларын құрайтыны айтты. Жобаның инвесторықытайлық Zhongkai Guoyuan Industrial Investment Co., ал технологиялық серіктесі – Oushangyuan Process & Equipment Intelligent Co.

 

Кәсіпорында 350-ден астам жұмыс орны ашылатын болады. Зауыт құрылысы бір жылдан кейін бітпек.

 

Жобаның жүзеге асуы Қазақстанның ішкі нарығын қантпен толық қамтамасыз етіп, елдің импортқа тәуелділігін айтарлықтай төмендетпек. «Zhongkai Kazakhstan International Sugar Industry Company» компаниясының бас директоры Сяо Анбаоның айтуынша, Жамбыл облысында өңдеу өнеркәсібін дамытуға қолайлы жағдайлар мен кең мүмкіндіктер бар.

 

 

«Біздің технологияларымыз соңғы үлгідегі сандық жүйеде болады. Зауыттың ерекшелігі – экологияға зиянсыз әрі қалдықсыз өнім өндіреді. Осы орайда біз секілді кәсіпкерлерге инвестициялық қолайлы дәліз жасаған Қазақстан Президентіне, ел Үкіметі мен облыс әкімдігіне алғыс айтамын» – деді, «Zhongkai Kazakhstan International Sugar Industry Company» компаниясының Бас директоры Сяо Анбао.

 

Иә, жаңа зауыттың құрылысы агроөнеркәсіптік кешенді жаңғыртудың маңызды қадамына айналып, қант қызылшасы өндірісін сапалы жаңа деңгейге көтереді.

 

Өңірдегі шаруа қожалықтары зауытты шикізатпен толық қамтуға дайын екендіктерін білдірді. Бұл жайында толығырақ  келесі тақырыпшада тарқатамыз. Төменге түсіңіз.

 

  

Өңірде қант қызылшасының өндірісі үш есеге ұлғаяды

 

Өткен жыл Жамбылдағы қант қызылшасы шаруашылығымен айналысатын диқандар үшін оңайға соққан жоқ.  Былтырғы қиындықтардан енді ғана ес жия бастаған шаруаларға келер жылдан бастап түбегейлі өзгерістер уәде етілуде. Мамандардың болжамы бойынша қант қызылшасын өңдеу көлемі үш есеге ұлғаймақ. 

 

Бұл тек егістік көлеміне қойылған шектеулердің алынуын ғана емес, сонымен қатар тәтті түбірге арналған алқаптардың кеңейтілуін ынталандыруды білдіреді. Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары бұл саланың келешегі зор екеніне сенімді.

 

– Қазір Тараз қант зауытын жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жобалық-сметалық құжаттама дайын, жабдықтарға да тапсырыс берілді. Келер жылы қызылша қабылдау желісін іске қосу жоспарлануда. Сонымен қатар қытайлық инвесторлармен бірлесіп, қуаттылығы бір млн тонна болатын жаңа зауыт салу жобасы талқылануда, – деді басқарма басшысының орынбасары Әбдірасыл Желеубаев.

 

 

Оның айтуынша, ҚХР-дан арнайы делегация алдағы апталарда келмек. Құжаттар толық дайын, егер бәрі жоспарға сай өтсе, кәсіпорын келесі жылы іске қосылады.

 

– Жаңа зауыт жылына бір млн тоннаға дейін қызылша қабылдай алады, ал Тараз және Мерке зауыттары қосымша 500 мың тоннаны өңдейді. Осылайша, зауыттың жалпы қуаттылығы 1,5 млн тоннаға жетеді. Былтыр шаруалар шамамен 600 мың тонна өнім жинады, бірақ  алдағы уақытта әлдеқайда көп өнім қажет болады. Қазір субсидиялау және басқа да қолдаулар мәселесі қаралуда. Мысалы, зауыттар қызылшаны алқаптан өздері тасымалдап, фермерлердің шығынын азайтатын қабылдау механизмін енгізу жоспарлануда, – деп түсіндірді Әбдірасыл Желеубаев.

 

Алайда шаруалардың өздері бұл мәселеге әлдеқайда сақтықпен қарайды. Көптеген фермерлер қызылша өсіруден мүлде бас тартып, басқа дақылдарға көшуде.

 

– Биыл маған 1 500 тонна лимит береміз деп уәде еткен, бірақ тек 1 000 тонна ғана берді. Оның өзін сақтау қажет пе, жоқ па – белгісіз. Көптеген әріптестеріме де лимит бөлінді, бірақ олар қызылша егуден мүлде бас тартты. Тараз қант зауыты расымен жаңғыртылып жатыр, Германиядан жабдықтар әкелінді, мерзімі бойынша үлгеріп жатқан сияқты. Бірақ Байзақ ауданындағы жаңа жобаға сену қиын: бір жылдың ішінде инвестор тауып, зауыт салып үлгереміз дейді. Қызылша егістігін кеңейтеміз бе, жоқ па – бұл сұрақ ашық күйде тұр, өйткені барлығы   қаржыға   тіреледі,  –   дейді  «КЭМА-АГРО» шаруа қожалығының басшысы Махамаджан Құрбанов.

 

Мәселе мынада: егер өндіріс көлемін күрт ұлғайту қажет болса, онда оған дайындықты қазірден бастау керек. Ал қызылша өсірушілер алдағы уақыттағы ахуалдың қалай қарай мойын бұрып кетерін болжай алмай отыр. Бірақ фермерлердің пессимистік көзқарасымен Жамбыл облысы қызылша өсірушілер қауымдастығының төрағасы Саха Манатов келіспейді. Ол Байзақ ауданындағы жаңа зауыттың ашылатынына сенімді, тіпті алғашқы жылы жарты қуатында болса да жұмыс істейтінін айтады.

 

– Қазір біз өзімізді қорғағымыз келеді. Енді келісімшартсыз жұмыс істемейміз. Қыркүйек айынан бастап Тараз қант зауыты келесі жылға өнім қабылдауға келісімшарттар жасай бастайтынына көз жеткіздік. Алайда қызылшаны тек кепілдік алғаннан кейін ғана егін егеміз, – дейді ол.

 

Баға өсіп жатқанымен, фермерлер былтырғы бағасына да келісуге дайын, өйткені шын мәнінде, 2024 жылы (шикізат артық болғандықтан) зауыт бағаны қатты төмендетіп жіберді, ал биыл тіпті сол бағаға да жете алмадық дейді олар.

 

– Егер жаңа зауыт толық қуатымен іске қосылса, мен теориялық тұрғыда 1000 гектар жерге қызылша еге аламын, бұл биылғыдан бес есе көп. Барлық қажетті техника мен жұмыс күші бар. Бірақ мемлекет инфрақұрылым мәселесін шешуге көмектесуі керек, өйткені мұны өз күшімізбен шеше алмаймыз. Өнім көлемі күрт өсетінін ескерсек, Қырғызстаннан келетін суға сенуге болмайды. Олар биылдың өзінде су жіберуді тағы қысқартты, бізге су жетпей жатыр. Сондықтан бүкіл үміт – жерасты суларында. Шұғыл түрде ұңғымалар қазуымыз керек. Әйтпесе, тек жаңа зауыт емес, терең өңдейтін жүгері зауыты да іске аспайды, – деді фермер.

 

Алдағы үш жыл ішінде жүгері мен қызылшаға 25 мың гектар жер бөлінеді деген жоспар бар. Бұл мақсатта тек ұңғымалардың өзіне кем дегенде 17 млрд теңге қажет.

 

– 200 метр тереңдікке бір ұңғыма қазу шамамен 200 млн теңге тұрады, ол бар болғаны 30 гектар жерді сумен қамтамасыз ете алады. Қазір біз әкімдікпен әр ауданда 2 000 гектар жердің инфрақұрылымын мемлекет есебінен қамтамасыз ету нұсқасын талқылап жатырмыз. Қалған техника мен жабдықты фермерлер өздері сатып алады, – дейді Саха Манатов.

 

Қазіргі басты мәселе – бюджеттен қаржы табу. Қызылша өсірушілер қауымдастығының төрағасы айтқандай, субсидия беру жағдайында мемлекет шығынның 80 пайызын өтейді, оның  30 пайызы жергілікті бюджеттен бөлінуі тиіс.

 

Фермерлердің пікірінше, бұл мәселені үш жыл бұрын су үнемдейтін жүйелерді орнатуды ынталандырғандай, аванс төлеу арқылы шешуге болады. Сонымен қатар Саха Манатовтың айтуынша, бұл бағыттағы несиелердің пайыздық мөлшерлемесін 12,6 пайыздан 5 пайызға дейін төмендету қажет. 

  

Қазақстанда қант қызылшасының қандай түрлері өсіріледі?

 

Жалпы Қазақстандағы бірнеше облыс бойынша қант қызылшасын өсіру әлеуетінің негізгі басым бағыттары бар. Олардың қандай түрлері бар екенін тарқатсақ төмендегідей:

 

·        Қант қызылшасы: Еліміздің оңтүстік-шығыс аймақтарында (Жамбыл, Түркістан, Алматы облысы) қант қызылшасы өсіруге қолайлы, бұл қант өнеркәсібінің шикізат базасын нығайтады.

·        Жемдік қызылша: Мал шаруашылығының дамуы үшін жемдік қызылша өсіру әлеуеті жоғары, әсіресе ауылдық аймақтарда және сүт-ет бағытындағы фермалар үшін маңызды.

·        Суармалы егіншілік: Қызылшаға су көп қажет болғандықтан, суармалы жерлердің болуы өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік береді, бірақ суды тиімді пайдалану мәселесі бар.

 

Ал алқаптағы ртықшылықтарын айтсақ:

·        Қолайлы климат: Жылы жаз және жеткілікті күн сәулесі қызылшаның өсуіне жақсы әсер етеді.

·        Жергілікті сұрыптар: Әр аймақтың топырағы мен климатына бейімделген жергілікті сұрыптарды пайдалану тиімді.

·        Мемлекеттік қолдау: Ауыл шаруашылығын қолдау бағдарламалары (субсидиялар, жеңілдіктер) өндірушілерге көмектеседі.

·         

Проблемалар мен шешімдер:

·        Су ресурстары: Ескі суару жүйелері, судың тапшылығы — тиімді суару технологияларын (тамшылатып суару) енгізу қажет.

·        Технология: Егін жинау мен өңдеудегі механикаландыруды арттыру, заманауи агротехнологияларды қолдану.

·        Өңдеу кешендері: Қызылшаны өңдейтін зауыттардың жетіспеушілігі немесе ескіруі, оларды жаңарту керек.

 

Қорытындылай келе, Қазақстан қызылша өсіруде өзінің әлеуетін толық пайдаланып, қант өнеркәсібін нығайту және мал азығын қамтамасыз ету арқылы азық-түлік қауіпсіздігін арттыра алады.

 

 

Жамбылдан кейін Жетісу

 

Қызылша егуде аймақтардың алыбы Жамбыл облысы екені даусыз. Әулиеата өңірінен кейін Жетісу облысында да қант қызылшасын егу жұмысы қарқынды.

 

Биыл өңірдегі зауытқа Ақсу, Сарқан, Алакөл және өзге аудандардағы шаруалардан 300 мың тоннадан астам тәтті түбір қабылданады. Өнім қабылдауда ұзын-сонар кезек болмас үшін өндірістегілер электронды жүйе енгізіп қойған.

 

Өткізілген тәтті түбірдің әр тоннасы үшін шаруаларға мемлекеттен 25 мың теңге субсидия беріледі. Бұған қоса зауыт тарапынан 15 мың теңге төленеді.

 

Жалпы биыл Жамбы облысына қарағанда Жетісу облысы қантқызылшасмын егу боынгша көш басында. Биыл көрші облыста 12 500 гектардан астам жерге қант қызылшасы себілген. Жиын-терін науқанына кіріскен шаруалар қазір орташа есеппен 422 центнерден өнім алып жатыр. Мамандар жыл соңына дейін 500 мың тоннадан астам тәтті түбір жинауды жоспарлап отыр.


Жетісу облысында қазіргі кезде 288 шаруа қожалығы екі қант зауытына 167,4 мың тонна өткізісе, соның 72,1 мың тоннасы Көксу қант зауытына, 95,3 мың тоннасы Ақсу қант зауытына жеткізілді. Зауыттар кестеге сәйкес күніне орта есеппен 7,5-8 мың тонна қызылша қабылдап отыр. Бүгінгі күнге екі кәсіпорын 54 мың тонна өнім өңдеп, 6,5 мың тонна қант шығарды.

12,2 мың га қант қызылшасының 7,2 мың гектары немесе 59% қазылып, 324 мың тонна өнім алынды, гектар өнімділігі 450 центнерден айналып отыр. Қалған 5 мың гектарды қазу жұмыстарын 1 желтоқсанға дейін аяқтау жоспарланған. Қазіргі кезде өнім жинауға 113 комбайн жұмылдырылған.

Жалпы өңірде ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау науқаны жалғасып жатыр. Бүгінгі күнге 278,8 мың гектар дәнді дақылдар орылып, 748,4 мың тонна астық бастырылды, орташа гектар өнімділігі 26,8 центнерді құрауда. Соның ішінде дәндік жүгеріні жинау жалғасып, 42,2 мың гектардың 41,5 мың гектары немесе 98,4% орылды, 318,6 мың тонна өнім алынды, орташа гектар өнімділігі 76,7 центнер.

«Биылғы көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына Аграрлық несие корпорациясы тарапынан 10 млрд. теңге бөлініп, 317 өтінім бойынша 7,5 млрд. теңге несие қаражаты берілді. Күзгі дала жұмыстарына 7 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Бүгінгі күні кестеге сәйкес 6,8 мың тоннасы сатып алынды. Қазіргі кезде алдағы көктемгі дала жұмыстарына өтінімдер қабылдау жұмыстары жалғасуда. Минералдық тыңайтқыштарды қолдану көлемі 58,8 мың тоннаға дейін жеткізіліп, жоспар толық орындалды. Ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау жұмыстары жалғасуда және тұрақты бақылауда. Атап өтерлігі, келесі көктемгі дала жұмыстарына қажетті 51,9 мың тонна тұқым толық дайындалды», - делінген облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының хабарламасында.

 

 

Қазақстан қанты экспортқа шыға ма?

Қазақстанда қант қызылшасының экспорттық әлеуеті бар, бірақ негізінен ішкі сұранысты қанағаттандыруға бағытталған. Ал қанттың өзі ше?

 

Биыл өнімді өңдеу үшін қызылша қабылдау науқаны жалғасып жатыр. Ал өткен жылды алатын болсақ, қант қызылшасы ел бойынша бітік шықты. Бұған алқаптың ұлғаюы да ықпал еткен. Иә, былтыр жылдағыдан 2 есе көп жиын-терім болды.

 

Ал дайын қантты өңдеуден қиындық тумас үшін былтыр қант қызылшасын егу және жинау науқандарына бөлінген бюджет қаржысы үш есе артты. Шаруалар да қызылша алқабын 25 мың гектарға дейін, яғни 87 пайызға ұлғайтқан. Нәтижесіз емес. Қант қызылшасы 1.2 млн тоннаға жетті.

 

Бұл былтырғыдан 2 есе көп. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров шаруалардың мемлекет тарапынан қолдау тауып жатқанын айтты. Арзандатылған жанар-жағармай алды, тыңайтқыштар мен тұқымдарға субсидия төленді. Енді бітік шыққан өнімді өңдеу қажет. Былтырғы жылдың қазан айына дейінгі аралықта елде 93 мың тонна қант шығарылған. Бұл өткен 2023 жылдың сәйкес кезеңінен 36 пайызға аз.

 

Қазақстанда қант саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспар іске асырыла бастады, оның мақсаты - импортқа тәуелділікті азайту. Қант қызылшасы дақылын 2026 жылға қарай 38 мың гектарға дейін ұлғайтумен жыл сайын 6,5 мың гектарға ұлғайту жоспарланып отыр.

 

Бір мезгілде суару технологиялары дамитын болады, айналымға 10 мың гектардан астам жаңа суармалы жерлерді енгізу жоспарлануда. Бірақ өндіріс көлемін ұлғайтудан басқа, шикізаттың сапасын арттыру қажет, өйткені ол қазіргі уақытта өте төмен деңгейде. 

 

Қазақстанда былтыр қант экспорты 400 есеге өскен болатын. Естеріңізде болса, жаз бойы ауыл шаруашылығы министрілігі қант экспортына шектеу қойды. Соған қарамастан, көрсеткіш рекордтық деңгейге жеткен. 2024 жылы өнім алу өте жоғары деңгейге жеткен есебінен Өзбекстан, Тәжікстан және ауған еліне 72 мың тоннадан астам қант өнімін жөнелттік. Көрсеткіш былтырғыдан 400 есе көп.

 

Отандық зауыттар өндірген қанттың 78 пайызы сыртқы нарыққа шығарылған. Дүкен сөрелерінде импорт 71 пайызға артты. Оның дені ресейлік өнім. Мамандар жаңа түсім отандық өнімнің үлесі арта түсетініне сенімді.

 

Экспорт көлемінің артуына не себеп? Құзырлы органдардың мәліметіне қарағанда, барлық сыртқы жеткізілім шектеуге дейін жүзеге асырылған. Қоймалардағы былтырдан қалған тәтті түбір өнім толық экспортталды.  
 

Жалпы биыл Жамбыл облысыдағы Меркі қант зауытының қуаты тәулігіне 5 мың тоннаға дейін ұлғайды. Тараз және Көксу зауыттарында да кезең-кезеңіме жаңғырту жұмыстары жүргізіліп келеді.  Бүгінжде "Көксу қант зауыты" тәулігіне 2500 тонна қант қызылшасы мен 300 тонна қамыс шикізатын, ал Ақсу зауыты тәулігіне 3500 тонна қызылшаны өңдеуге қауқарлы. Түсетін шикізат көлемі артылып жатса, 100 мың тоннасын Жамбыл өңірінен Ақсуға жөнелту жоспарланып отыр. Оған дейін зауыттар кесте бойынша дақылды қабылдап, арнайы алаңдарда сақтайды. 

 

Шаймерден Ахметов, ҚР АШМ Аграрлық азық-түлік нарығы департаменті директорының орынбасары:

- Жалпы зауыттардың қуаттылығы тәулігіне 8,7 мың тонна. Ал жылына олар тек 100 күн ғана істейді. Қалыпты жағдайда 100 күн істейді. Бұл дегеніміз 870 мың тонна өңдейді жылына дегеніміз. Бірақ биылғы егіннің, қызылшаның көп болғанын ескеріп, жұмыс істеу уақытын 100 күн емес, 120 күнге ұзарту мәселесін қарастырып жатыр.

Ал техникалық тұрғыдан қарасақ, Жамбыл облысындағы Меркі қант зауытының жабдықтары ескі, 450 мың тонна өнім өңдеуге қауқарлы дегенімен, іс жүзінде 300 мың тоннадан аспайды.

 

 

Ал, Тараз қант зауытының қант қызылшасын өңдеуге арналған жабдықтары жоқ, ол бүгін тек қант құрағын өңдеумен айналысып қана отыр. Ақсу қант зауыты Жетісу облысынан жиналатын 560 мың тонна өнімді толық игеруге мүмкіндігі жете ме деген сұрақтың басы қылтиятыны тағы бар.

 

Ұлдана Жұбай - jambylmedia.kz

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow