Туризмді түлетуге 20 млрд теңге инвестиция тартылады
Жібек жолы бойындағы Жамбыл облысында туризмнің тамырына қайта қан жүгіре бастады. Жыл басынан бері өңір туризмін түлету үшін 12,5 млрд теңге инвестиция тартылған. Президент Жолдауда сан салаға серпін беру үшін инвестиция тарту аса маңызды деп атап өтті. Ендеше аймақ туризімін алға бастыру мақсатында қандай нысандар салу қолға алынып жатыр? Jambylmedia тілшісі зерттеп көрген еді.
Тараз қаласының шетіндегі ерекше этно орталық алыстан «мен мұндалайды». Өйткені бұл құрылысы қазақы, тұрпаты түркілік нақышта салынып жатыр. 12 гектар аумақта 30 киіз үйден тұртын шағын қалашық бой көтермек. Олардың жартысы заманауи үлгідегі қонақ үй болса, қалғаны мұражай, асхана ретінде қызмет көрсетпек.
Айнала ақшаңқан киіз үйлермен көркем көрінеді. Арасында «Хан Орда» деп аталатын 18 қанатты үлкен үй бар. Бұл ұлттық құндылықтарды жаңғыру мақсатында жасалған. ішіне айналдыра қазақ жауынгерінің қару-жарағы да қойылыпты. Әлі де тарихи жәдігерлермен толыға түспек.
Орта ғасырдағы қазақ ауылын көз алдыңа келтіретін кешенде қолөнершілер орталығы да ашылмақ. Ат мініп, садақ атып, балық аулауға да болады. Мұнда тек қазақтың ұлттық тағамдары беріледі. Далалық сахна мен мәжіліс залы да ұлттық стилде. Кәсіпкер Президенттің тарихи туризмді жаңғырту керек деген сөзі ұлттық нақышта жоба жасауыма қанат бітірді дейді.
«Бұл орталықты не үшін соғып жатыр десеңіздер осы қазақтың рухын көтеру үшін, қазақтың рухын, мәдениетін, өнерін елге көрсету үшін. Әрине, ең алдымен туристерге паш ету. Өз қаржымды осы орталыққа салу арқылы шетелден келген туристерге көрсеткім келеді. Түркілердің тамыры қазақты таныту үшін осындай орталық ашып отырмын» – деді өз сөзінде кәсіпкер Меруерт Лештаева.
Бүгінде аймақта 3 300-ге жуық тарихи туристік нысан бар. Жауаптылар алдағы 3 жылда демалыс орындарын көбейтуді көздеп отыр. Бұл бағытта 26 инвестормен келісімге келіп, 20 млрд теңгеге жобалар жасамақ.
«26 туристік инвестициялық жобалардың 9-ы осы жылдың соңына дейін соғылып бітеді. Ал 6 нысан қазіргі таңда бітіп ашылып отыр. + Көбісі туристік демалыс орталықтары. Бірақ бұның ішінде жол бойындағы сервистік нысандар да кіріп отыр. Жылдың соңына дейін 4 100-ден аса турист қабылдау көзделіп отыр. Осы жобаның аясында» – деді «Тараз-Туризм» туристік ақпараттық орталығының директоры Мөлдір Оразалиева.
Жобалар жүзеге асса 350 жұмыс орны ашылмақ. Айта кетейік, аймаққа жыл сайын 200 мың турист келеді. Инвесторлар қолға алатын құрылыс жұмыстарынан кейін саяхатшылар саны едәуір өспек.
Ұлдана Жұбай - jambylmedia.kz
Сіздің реакцияңыз қандай?