«Дарын» жастар сыйлығына өтінім қабылдау жалғасады

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі 26 маусымнан 27 тамызға дейін «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына үміткерлерден өтінім қабылдау жалғасатынын айтты.

«Дарын» жастар сыйлығына өтінім қабылдау жалғасады

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын берудегі мақсат ғылым, шығармашылық, қоғамдық қызмет салаларында еселі еңбегімен көзге түскен, сонмен қатар, жоғары спорттық жетістіктерге жеткен дарынды жастарды мемлекет тарапынан қолдау. 

Жастар сыйлығы «Әдебиет», «Ғылым», «Журналистика», «Дизайн және бейнелеу өнері», «Классикалық музыка», «Қоғамдық қызмет», «Спорт», «Театр және кино», «Эстрада», «Халық шығармашылығы» секілді 10 аталым бойынша беріледі.

Конкурсқа 35 жасқа дейінгі ел азаматтарының қатысуға мүмкіндігі бар. Байқау шарты бойынша үміткерлер халықаралық және республикалық конкурстардың, фестивальдер мен түрлі шаралардың лауреаттары, республикалық және халықаралық деңгейлердегі спорттық жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары, сондай-ақ аталған салалар мен тұтастай қоғамды дамытуға ықпал еткен үміткерлер болуы қажет.

«Дарын» жастар сыйлығына үміткерлерді орталық, жергiлiктi және өзге де мемлекеттік органдар, қоғамдық бiрлестiктер және Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген өзге де заңды тұлғалар ұсынады.

Жеңімпаздарға «Дарын мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты» атағы беріледі және олар дипломмен, төсбелгілермен сондай-ақ қаржылай сыйлықпен марапатталады.

«Дарын» жастар сыйлығы 1992 жылы тағайындалған. Содан бері аталған сыйлықты түрлі саладағы 360-тан астам азамат иеленді.

Конкурсқа қатысуға құжаттар 2025 жылғы 26 маусымнан 27 тамыз аралығында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі (қағаз нұсқада) мына мекенжай бойынша қабылдайды: Астана қаласы, Мәңгілік ел даңғылы 8, «Министрліктер үйі» ғимаратының 14-кіреберісі.

Еске сала кетейік, «Дарын» жастар сыйлығы 35 жасқа дейінгі азаматтарға беріледі.

Қуаныш Арыстанбек - jambylmedia.kz

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow