Жыл соңына дейін ірі тауарлы сүт фермасы іске қосылмақ
Жамбыл ауданының Еңбек ауылында жыл соңына дейін ірі тауарлы сүт фермасы іске қосылмақ.
Бұл – өңірдің мал шаруашылығы саласындағы стратегиялық маңызы зор жоба. Оның жалпы құны 1,7 млрд теңге, соның ішінде 1,3 млрд теңге – Солтүстік Қазақстан облысының озық тәжірибесін енгізу мақсатында бюджет есебінен бөлінген қаржы.
Жоба аясында жылына 3,2 мың тонна сиыр сүтін өндіретін заманауи ферма пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 30 жаңа жұмыс орны ашылады. Өндірістік тиімділікті арттыру үшін 400 бас асыл тұқымды мүйізді ірі қара Ресей Федерациясынан және ел ішінен әкелінбек. Қазіргі таңда 200-ден аса голштин тұқымды сиыр сатып алынды.
Жоба бастамашысы Азат Сатановтың айтуынша, құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталған.
Алдағы уақытта бұл нысан облыстағы алғашқы толық цифрландырылған сүт кешені болмақ. Фермада бір мезетте 16 бас сиырды саууға мүмкіндік беретін алғаш рет карусельді қондырғы орнатылып, мал басын толық басқару жүйесі енгізіледі. Мұнда ылғалдылық, температура және желдету автоматты түрде реттеліп, мал қораларының асты өздігінен тазартылады.
Жоба қуаттылығы 400 басқа есептелгенімен, болашақта 600 басқа дейін кеңейтуге мүмкіндік бар. Бір сиырдың орташа сүт өнімділігі жылына 8 мың килограммды құрайды.
Аталған жоба «Агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларға жеңілдетілген несие беру» бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Солтүстік Қазақстан облысының үлгісі негізінде 2024 жылы 4 жоба қаржыландырылған, 2025 жылы тағы 1 жоба қаржыландыру жоспарлануда. Толық қуатында іске қосылған сүт фермаларының жылдық жалпы өнім көлемі 20 мың тоннаға жуық болмақ. Бұл өз кезегінде өңірдегі сүт өндірісін 226,3 мың тоннадан 245 мың тоннаға дейін немесе 8,2% ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Жалпы, Жамбыл облысында бүгінде 50 бастан жоғары мал ұстайтын 45 тауарлы сүт фермасы жұмыс істейді.
Өңірде мал саны 3,8 млн басты құрайды. Оның ішінде:
– 450,1 мың бас – мүйізді ірі қара,
– 3 194,1 мың бас – қой,
– 183,6 мың бас – жылқы,
– 1 897,3 мың бас – құс.
2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша облыста 86 018 тонна ет, 181 001,2 тонна сүт және 79 542,5 мың дана жұмыртқа өндірілді.
Сіздің реакцияңыз қандай?