Банк секторының активтері 58 трлн теңгеге өскен
Алматыда «Қаржы секторын ырықтандыру: құқықтар мен міндеттер» атты Қазақстан қаржыгерлерінің XII Конгресі өтті. Қаржы мәселесі қаузалған ауқымды жиын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасы Мадина Әбілқасымованың қатысуынсыз қалай өтпек? Сондықтан спикерлер қатарынан табылған Мадина Ерасылқызы саланың даму деңгейіне тоқталды.
Баяндамашы банк секторының активтері туралы да айтты. Активтер портфелі соңғы 5 жылда 2 еседен аса яғни 58 трлн теңгеге дейін өскен. Банк секторы тұрақты және жақсы капиталдандырылған деді. Банктердің меншікті капиталының жеткіліктілігі белгіленген нормативтерден 3 есе артық шыққан.
Сақтандыру ұйымдары туралы да сөз болды. Аталған ұйымдар активтері де 2 еседен аса 2,8 трлн теңгеге дейін ұлғайған.
Ал акциялар нарығын капиталдандыру 5 жылда 83%-ға 32 трлн теңгеге дейін өскен (осы кезеңде KASE-ге150 жаңа эмитент шықты).
Спикер сөзінше, барлық кредиттеу субъектілері реттеу аясына енгізілгелі микроқаржы секторының активтері 2019 жылдан бастап 8 есеге жуық өсіп, 2,8 трлн теңгеге жетіп отыр.
«Алдыңғы Қаржыгерлер конгресінің негізгі қорытындылары туралы айтатын болсақ, биыл Қазақстан Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) мен Дүниежүзілік Банк өткізген Қаржы секторын бағалау бағдарламасын (FSAP) сәтті аяқтады.Нәтижелер Қазақстанның макроэкономикалық орнықтылығын қамтамасыз етуде, 2014 жылы FSAP-тың соңғы бағалауынан бастап қаржы секторында тәуекелге бағдарланған қадағалау мен цифрлық инновацияларды дамытуда айтарлықтай ілгерілеуді көрсетті» - деді, Мадина Әбілқасымова.
Сіздің реакцияңыз қандай?