Үшінші бұрылыс және ұлт намысы

Үшінші бұрылыс және ұлт намысы

Қазақ тілі – ең құнды тіл. Ана тілімізде ата-баба дәстүрі, әдет-ғұрпы, салт-санасы сақталған. Ертегіден бастап эпосқа дейін, ұлы Абай, Ахмет, Ыбырай сынды ақын-жазушыларымыздың шығармалары – барлығы қазақ тілінің құдіретілігін көрсетіп, дәлелдеп тастаған. Қазақ тілін насихаттау тұрғысынан қаншама еңбек, мақала, өлеңдер жазылып, қаншама туындылар өмірге келді. Осы орайда, мен өзімнің басымнан өткен бір қызықты оқиғаны айтып кетуді жөн санап отырмын.                                                                                                        

Студенттік шағым еді. Әдеттегідей сабақтан кейін үйіме қайтып бара жатырмын. Автобусқа отырдым. Кассирі – орыс кісі екен. Сол кезде ұстаздарымыздың: «Қазақ тілін қадірлеңдер, тілді құрметтеу өзіңнен басталады» деген сөздері ойыма оралды. Ұлтшылдығым ба, әлде патриоттығым ба – білмеймін, батылданып:   

                                                                                                            – Үшінші бұрылыстан тоқтаңыз! – деп қазақша анықтап айттым. Алайда, кассир түсінбей қалды. Автобус үшінші бұрылыстан өтіп бара жатқанын байқап, ішім алай-дүлей болып, амалсыздан:

– На третьем повороте остановите! – деп шырылдап орысша айтуға тура келді. Біресе күлкім келсе, біресе жылағым келді сол сәтте.

Жұлдыз, тілге деген құрметің әлсіз екен. Неге орысша сайрайсың? Әзер болса екі аялдама ғана жаяу жүрер едің, - деп іштегі « ұлтшылдың» қытымырланып сайрай кеткені.

Сол сәтте өз-өзімнен ойға қалдым: неге өз жерімде өз тілімде еркін сөйлей алмаймын? Неге қазақша айтқан сөзім түсініксіз болып қалуы тиіс?

Бұл – бір ғана менің басымнан өткен жағдай емес, бүгінгі қоғамдағы тілдің жай-күйін айқын көрсететін көрініс.

Біздің Қытайдан көшіп келген көршіміз бар еді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мамандығында оқитын мен онымен сөйлескенде, тілімізге сіңіп кеткен « уже», «вообще», «может» деген сөздерді айтпауға тырысып, әр сөзімді ой елегінен өткізіп сөйлесетінмін. Себебі қысық көзді елден келген қандасымыз сөйлегенде (бір ауыз орысшасы жоқ)небір көнерген сөздер, тұрақты тіркестерімен таңдай қақтыратын. Сол көршім маған былай айтқан еді:

– Қазақстанға келгенде өз елімде өз тілімде еркін сөйлеймін деп ойлаған едім. Бірақ мұнда орысша сөйлемесең болмайды екен. Өз жерімде осындай жағдайға тап боламын деп ойламаппын... – деп қынжыла айтты.

Расымен, бұл сөз – жүректегі шын жанайқай. Қазақ тілінің тағдыры – әр қазақтың тағдыры екенін ұмытпауымыз керек. Тәуелсіз елдің азаматтары өз ана тілінде еркін сөйлей алмай, өз тілін қажет етпей, өзге тілде күн кешуге мәжбүр болса – ол үлкен қасірет.

Қоғамдық орындарға шыға қалсаң, бір орыс пен он қазақ қатар тұрса да, әлдеқандай құдіреті бар ма, әлде қазекемнің кеңпейіл, ақкөңіл мінезі ме – бәрі орысша сайрап кететіні бар. Бұл құбылыс ойландырмай қоймайды. Қазақтың бауырмалдығы мен меймандостығы – қасиет. Бірақ сол қасиет өз тілімізді құрбан ететін дәрежеге жетпеуі тиіс. Әр ұлт өз тілін қастерлей білсе ғана, қоғамда шынайы сыйластық орнайды.

Біздің қазақ тіліміз – Ахмет Байтұрсынұлы, Ыбырай Алтынсарин сынды ұлы тұлғалардың ана тілі емес пе?!

Олар үшін қазақ тілі – жай ғана қарым-қатынас құралы емес, халықтың тағдыры, елдіктің тұғыры болды. Өз өмірлерінің құнымен тіл үшін, ұлт үшін Ұлы державамен айқасты.

Енді айтыңыздаршы, қара көз қазақтарым, неге өз жерімізде өз тілімізді қолданудан қашқақтаймыз? Неге өз тілімізде сөйлесуге арланамыз?

Ахмет Байтұрсынұлы «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп тілдің мәнін терең түйсінді. Ол тілдің қадірін жүрегімен сезіп, қазақтың жазуын қалыптастырды, ғылым-білімге жол ашты.

Ал Ыбырай Алтынсарин халыққа білім беру ісінде ана тілін басты орынға қойды. Ол «Кел, балалар, оқылық!» деп қарапайым ауыл баласын да ана тілінде сауат ашуға шақырды.

Тілдің қадірін түсіну – бала кезден басталады. Ұрпаққа дұрыс тәрбие, ана тілінде білім беру – болашақта тағы да Ахмет, Ыбырайдай азаматтарды тәрбиелеп шығарады деген сенімдемін.                                                                                                                                   «Тіл мәртебесі – ел ел мәртебесі!» деген ұранды тілге тиек ете отырып, тілімізді насихаттау барысында айтар ұсынысым: дүкенде, қоғамдық орындарда, қызмет көрсету саласында алдымен қазақша сөйлесу керек, YouTube, TikTok, Instagram секілді желілерде қазақша контент жасауға жастарды тарту қажет, қазақ тілінде сөйлеген жастарға қолдау көрсету; қазақ тілінде подкасттар, мотивациялық роликтерді кең тарату, қазақ тілінде мобильді қосымшалар, ойындар, аудармашылар әзірлеу, қазақша квест ойындар, челлендждер өткізу арқылы тілімізге деген қажеттілігімізді екшей түсіп, қызығушылықтарын ояту. 

Қазіргі уақытта телефоның өшіп қалса, ішіндегі барлық мәліметің жоғалады, контактің, суреттерің, хаттарың – бәрі кетеді. Ал егер тіліміз өшсе, ана тіліміз тірлігінен айырылса, біз де, тарихымыз да, мәдениетіміз де жоғалады емес пе?!                                    

Сондықтан әр сөзімізді қадірлеп, әр ойымызды өз тілімізде жеткізейік. Тілді сақтау – өзімізді сақтау, өзімізді сақтау – өз елімізді сақтау! 

 

Арықбаева Жұлдыз Шымырқызы, Қ.Тұрысов атындағы №53 мектеп-гимназиясының қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі

 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow