Жазасын өтеушілер жақындарымен кездесті
Алғыс айту күні қарсаңында №67 мекемесінде сотталғандар жақындарымен кездесті, деп хабарлайды jambylmedia.kz хабар агенттігі.
Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №67 мекемесінде Алғыс айту күні қарсаңында жазасын өтеуші азаматтарға қысқа мерзімді кездесулер ұйымдастырылды. Мекемеде жазасын өтеушілер бұл күнді асыға күтіп, ата-аналарымен және туған-туыстарымен қауышу мүмкіндігіне ие болды.
Кездесу барысында сотталғандар жақындарымен жүздесіп, мерекелік көңіл-күйге бөленді. Сонымен қатар мекеме тарапынан бейнебайланыс арқылы тілдесу мүмкіндігі де қарастырылып, жазасын өтеушілердің отбасыларымен байланысын нығайтуға жағдай жасалды.
Өз сөздерінде сотталғандар туған-туыстарына алғыс білдіріп, қолдау көрсеткендері үшін ризашылықтарын жеткізді.
Мекеме бастығы, әділет подполковнигі Асхат Примкуловтың айтуынша, Алғыс айту күні – еліміздегі тұрақтылық пен татулықтың, өзара сенім мен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің көрінісі. Бұл мереке Мемлекет басшысының бейбітшілік пен келісім саясатының нәтижесі ретінде айрықша маңызға ие.
Іс-шараның басты мақсаты – сотталғандардың отбасы құндылықтарын сақтауға ықпал ету, олардың қоғамға бейімделуіне қолдау көрсету және рухани-адамгершілік тәрбиесін нығайту болып табылады.
Сіздің реакцияңыз қандай?