Таразда азық-түлік арзан бағада сатылып жатыр
«Береке Fest» акциясы Жамбыл облысында да жалғасын тапты. Азық-түлік бағасын тұрақтандыруға арналған шараға Тараз тұрғындары дән-риза.
Қаладағы 20-ға жуық сауда желілерінде әлеуметтік маңызы бар тауарлар жеңілдікпен сатылып жатыр. Акцияның арқасында отандық өнімдерге деген сұраныс артқан. Ірі дүкендерде тұрмыстық заттардың бағасы тиімді болғандықтан тез таусылып кетіп жатыр. Есесіне кәсіпкерлер қоймадағы заттар сұранысқа сай сауда сөрелеріне қойылып жатқанын айтады. Айта кетейік, «Береке Fest» акциясы күздің соңғы айларына дейін жалғасады. Осы орайда сайт тілшісі сауда орындарындағы қала тұрғындарының пікірін біліп көрді.
«Науқан жүріп жатыр екен, көңіліме өте қонымды. Май алдым, көкөністер алып жатырмын. Тәттілер алдым, өте жақсы. Көпшілікті Республика күнімен құттықтаймыз! Еліміз өркендей берсін. Мына акция сол мерекеге орай дұрыс ұйымдастырылған», деді – қала тұрғыны Әмина Іңкәрбекова.
«Иә, Тараз қаласында «Береке Fest» науқаны жүріп жатқанын байқадым. Бүгін дүкендерді аралап қарасам, кәдімгідей 10-15%-ға дейін жеңілдік бар екен. Бұл менің ойымша халықтың қалтасына көптеген жеңілдік түсіреді. Осындай науқандар жүре берсе деймін», деді – қала тұрғыны Луиза Ғазизжанқызы.
Бұл акцияға еліміз бойынша шамамен 80-ге жуық ірі сауда желісі қатысуда
Олардың қатарында Magnum, SMALL, Anvar, Toimart, Фермаг, Dina, Астықжан, Норма, Дана секілді ірі ритейлерлермен қатар, өңірлік сауда желілері де бар.
Бүгін ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев «Береке Fest» акциясының басталу барысымен танысты. Жұмыс сапары аясында ол елордадағы сауда желісін аралап, баға саясаты мен әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытында бизнес тарапынан іске асырылып жатқан бастамалармен танысты.
Атқарылып жатқан бұл бастама еліміздің барлық өңірін қамтып, ең алдымен, халық тұтынатын негізгі тауарлардың бағасын тұрақтандыруға, отандық тауар өндірушілерді қолдауға және қазақстандық өнімнің халыққа қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Бағаның төмендеуі сауда желілерінің сауда үстемесін азайтуы мен фермерлер мен сауда орындары арасындағы тікелей байланыстарды жолға қою нәтижесінде мүмкін болды. Бұл - делдалдарды айналып өтіп, өнімнің тікелей жеткізілуіне жол ашты. Айта кету керек, осы бастама аясында сауда желілері сауда үстемесін төмендетіп, нәтижесінде тек отандық өнімдер ғана емес, сонымен қатар импорттық тауарлар да жеңілдікпен ұсынылуда.
Акциялық ұсыныстардың ассортименті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын қамтиды.
Акция шеңберінде ірі сауда желілерінде қазақстандық өндірушілердің өнімдері үшін арнайы промо-аймақтар ұйымдастырылған. Акцияның негізгі мақсаттары - отандық өнімдерді ілгерілету, сауда желілері мен жергілікті жеткізушілер арасындағы тұрақты кооперацияны дамыту. Сонымен қатар, акция ішкі сұранысты ынталандыруға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.
Акцияға қатысатын барлық сауда нүктелері бірыңғай стильде безендірілген. Бұл тұтынушылардың сауда кеңістігінде еркін бағдар алуын жеңілдетіп, өнімдердің қолжетімділігі мен жергілікті өндірісіне ерекше назар аударуға мүмкіндік береді.
Ұлдана Жұбай - jambylmedia.kz
Сіздің реакцияңыз қандай?