Шекара маңындағы аймақтар: сауда сөрелеріндегі отандық өнім үлесі қандай?
ҚР СИМ Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков шекара маңындағы Батыс өңірлердегі сауданы дамыту, отандық өндірушілерді қолдау және ішкі нарықты импорттық демпингтен қорғау мәселелері бойынша жиын өткізді. Жиынға Ақтөбе және Батыс Қазақстан облысының өнім өндірушілері мен сауда желілерінің басшылары, аймақтық сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменттердің басшылары және әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация өкілдері қатысты.
Сауда комитеті жергілікті департаментпен бірлесе отырып Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарындағы сауда желілеріндегі отандық өнімнің үлесіне сараптама жүргізді. Ақтөбе облысының сауда сөрелерінде қазақстандық сүт 83 пайызды, шұжық өнімдері 78 пайызды, күнбағыс майы 43 пайызды, сары май 67 пайызды, тауық еті 60 пайызды құрайды. Батыс Қазақстан облысында отандық сүт 48 пайызды, шұжық өнімдері 71 пайызды, күнбағыс майы 51 пайызды, сары май 71 пайызды, тауық еті 90 пайызды құрайды.
«Сауда заңнамасына сай 2 облыста да сауда сөрелеріндегі отандық азық-түлік өнімінің көлемі 30% - дан асады. Алайда басқа өңірлермен салыстырғанда Ақтөбе және БҚО шекара маңында орналасқандықтан, ондағы қазақстандық өнімдер импорттық тауарлармен бәсекеге түсуге мәжбүр. Ішкі сауда ережесінде сауда желілерінің сөрелерінде отандық азық-түлік өнімінің көлемі 30 пайыздан кем болмауы керек деген норма жүзеге асып келеді. Одан бөлек отандық өнім тұтынушы көзіне түсетін жерде тұруы керек. Сондай-ақ біздің министрлік мемлекеттік қолдау алатын бизнес өкілдері үшін қарсы міндеттемелер енгізеді. Мемлекеттік қолдау алған кәсіпкерлер сауда сөрелеріндегі отандық азық-түлік өнімін 50 пайыздан кем қылмауы, ал азық-түлік емес өнімнің үлесі 20 пайыздан аз болмауы қажет», - деді Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков.
Биылғы жылдың қаңтар-маусым айларында Қазақстанда импорт 7,6 пайызға қысқарды. Айта кетейік, шекара маңындағы Солтүстік Қазақстан облысында ішкі сауданы импортқа тәуелділіктен қорғау мақсатында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев өңірдегі бизнес өкілдерімен кездесіп, ішкі сауда мәселелерін талқылаған болатын. Бүгінгі таңда Ақмола облысында отандық сүт өнімдері мен бидай ұнының сауда сөрелеріндегі үлесі 70 пайыздан асады. Тауық еті 100 пайыз қазақстандық өнім, күнбағыс майы 50 пайызды, шұжық өнімдері 60 пайызды құрайды. Отандық сүт өнімі Қостанайда 91 пайыз, Павлодарда 63 пайыздан жоғары. Аталған 2 өңірдегі сауда сөрелеріндег қазақстандық тауық етінің үлесі 80 пайыз. Павлодарда саудаланып жатқан шұжық өнімдерінің 73 пайызы отандық өнімнің үлесінде.
«Біз ұн-макарон өнімдерін өндірумен айналысамыз. Ақтөбе облысында әлеуметтік нан дайындаймыз. Тәулігеніне 25 000 нан шығаратын болса, соның 5 мыңы әлеуметтік нан ретінде «Анвар», «Дина» сауда желілерінде сатылады. Біз дайындайтын әлеуметтік нанның бағасы 86 теңге, сауда желілері 1 теңге қосып, 87 теңгеден саудалайды. Бірақ сауда желілері әлеуметтік маңызы бар өнімдерді, әлеуметтік нанды сауда орындарындағы аса көзге түспейтін орындарға қояды», - деді «Рамазан» ЖШС өкілі Гүлжайна Ноғаева.
Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков сауда желілерінің арзан тауарды сатуға құлықсыз екенін сынға алып, халықтың осал тобы арзан нан сатып алуға мүмкіндігі болуы керектігін жеткізді. Комитет төрағасы аталған өңірлердегі сауда желілеріне әлеуметтік маңызы бар азық түлік өнімдерін «көз деңгейінде», тұтынушылардың көзіне түсетін жерге орналастыру туралы түсіндіру жұмысын жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ Ақтөбе облысында ресейлік жұмыртқаның саудалануына анализ жүргізуді, БҚО сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департамент басшысына аймақтағы сауда желілеріне отандық тауар өндірушілермен шарт жасасудан негізсіз бас тарту мен дискриминациялық жағдай тудырмау туралы түсіндіру жұмысын үйлестіруді тапсырды.
Сіздің реакцияңыз қандай?