Биыл ардагерлерге 17,7 миллиард теңге жәрдемақы төленеді
Қазақстанда 2026 жылдың 1 ақпанындағы мәлімет бойынша 76 059 ардагер тұрады. Мемлекет биыл осы азаматтарды әлеуметтік қолдау мақсатында бюджеттен 17,7 миллиард теңге бөлді. Жыл басынан бері оның 1,5 миллиард теңгесі төленіп үлгерді.
Бүгінде елімізде Ұлы Отан соғысының көзі тірі 69 ардагері қалды. Одан бөлек, жеңілдіктер бойынша соғыс ардагерлеріне теңестірілген 16 250 адам, өзге мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан 26 626 ардагер және 33 114 тыл еңбеккері бар.
2026 жылы ай сайынғы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланысты белгіленді.
Ең жоғары жәрдемақы мөлшері — 16 АЕК немесе 69 200 теңге. Бұл сома Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне беріледі.
Соғыс жылдарында жарақат алуы немесе ауру салдарынан мүгедектігі бар деп танылған, жеңілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген азаматтар ай сайын 7,55 АЕК, яғни 32 654 теңге алады. Ал осы санаттағы өзге де тұлғаларға 6,19 АЕК (26 772 теңге) төленеді.
Ауғанстандағы соғысқа қатысушы ардагерлер үшін жәрдемақы мөлшері 6,19 АЕК немесе 26 772 теңге болып бекітілді.
Тәжік-Ауған шекарасын қорғаған, Ирактағы бітімгершілік операцияларына немесе Таулы Қарабақтағы қақтығыстарды реттеуге қатысқан әскери қызметшілерге ай сайын 4,8 АЕК (20 760 теңге) беріледі.
Ұлы Отан соғысы жылдарында қажырлы еңбек еткен тыл еңбеккерлеріне мемлекет тарапынан ай сайын 2,13 АЕК көлемінде, яғни 9 212 теңге төлем қарастырылған.
Айта кететін жайт, бұл жәрдемақылардың барлығы азаматтардың басқа да әлеуметтік төлемдеріне немесе зейнетақыларына қарамастан, тұрақты түрде төленіп отырады.
Сіздің реакцияңыз қандай?