Ақын Хамит Есаманмен кездесу өтті
Тараз қаласы №62 орта мектебінде қазіргі қазақ поэзиясының жарық жұлдызы, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, «Алтын тобылғы» және «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлықтарының иегері, жергілікті ақын Хамит Есаманның шығармашылығына арналған кездесу кеші өтті.
«Өлең мен өмір» атты бұл кеш оқушылар мен ұстаздар қауымы үшін нағыз рухани мерекеге айналды.
«Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясындағы «Балалар кітапханасы» жобасы, «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында өскелең ұрпақтың ана тілімізге, ұлттық әдебиет пен өнерге деген сүйіспеншілігін арттыру, ақынның шығармашылығы арқылы рухани құндылықтарды насихаттау мақсатында өткізілген әдеби кеш оқушылардың көңілінен шықты.
Кеш барысында ақын өзінің балалық шағы, алғашқы өлеңдері және шығармашылық жолындағы қызықты сәттерімен бөлісті.
Ақынның «Ағаштың бүрі», «Қараша хаттары», «Фәни құбылыс» сынды нәзік лирикаға толы туындылары жиналған қауымның жүрегінен жол тапты. Мектеп оқушылары ақынның жырларын мәнерлеп оқып, авторға көкейде жүрген сауалдарын қойды. Әсіресе, оқушылардың «Шабытты қайдан аласыз?», «Қазіргі жастарға қандай кітап оқуды ұсынасыз?» деген сұрақтарына ақын тұщымды жауап берді. Өлеңдері испан, әзірбайжан, түрік тілдеріне аударылған ақын жас буынды кітаппен дос болуға шақырды.
Кездесу соңында Хамит Есаман мектеп ұжымына жылы лебізін білдіріп, жас талапкерлерге шығармашылық табыс тіледі. Оқушылармен естелік фотоға түсті.
Сіздің реакцияңыз қандай?