Қордайда атқарылып жатқан жұмыс ауқымды

Қордайда атқарылып жатқан жұмыс ауқымды

Биыл жазда Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жұмыс сапарымен Қордай ауданына барған болатын. Сол кезде Қордайда қордалған мәселе,  қозғалған проблема емес, атқарылып жатқан ауқымды істердің көптігін аңғардық.  Әсіресе агро саладағы шаруалардың ширақтығы қуантты. Осы ауданның диханшылыққа ден қоюдағы тәжірибесі көпке үлгі деп айтуға әбден болады.

Облыс орталығынан 300 шақырым жерде орналасқан Қордай ауданыда 160 мыңға жуық тұрғыны бар десек, бір ғана аудан орталығы Қордай ауылының өзінде 40 мың халық тұрады.  Тұтат тамырына қайта қан жүгірген Қордайда әлеуметтік-экономикалық жағдай өзгелерден көш ілгері, аудандарды алсақ алда келеді.

Сол сапарда аймақ басшысы алдымен агроөнеркәсіп кешені мен әлеуметтік инфрақұрылым және денсаулық сақтау нысандарын аралап, олардың жай-күйімен танысқан еді. Жұмыс сапарында қожалықтарға біз де бардық, бас сұқтық. Тіршілігін көріп, тірлігімен таныстық.

Ең алдымен Ербол Қарашөкеев Масаншы ауылындағы «GreenWill» ЖШС-ның жылыжай кешенін аралады. Жалпы ауданы 11 гектарды құрайтын шаруашылықтың 4 гектары жылыжайға арналған. Негізгі өнім түрі – «Умагна F1» қызанағы мен қияр.

Биыл бақшадан 300 тоннаға дейін өнім жиналады деп жоспар орындалы. Көкөністер аудан аумағындағы дүкендер мен сауда орындарына жеткізілуде.  Қазіргі таңда мұнда 20 қызметкер жұмыс істейді.

Келесі кезекте облыс әкімі «Щенхо» шаруа қожалығы аумағында салынып жатқан 1 000 басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңының құрылысымен танысты.

Өтеген және Қайнар ауылдарында облыс әкімі «Таң», «Азиз» шаруа қожалықтарының пияз және қант қызылшасы алқаптарын аралап, дихандармен кездесті.

Ал Сарыбұлақ ауылында 250 гектар аумақта жүгері дақылына тамшылатып суару технологиясын енгізген «Нөсер» шаруа қожалығының жұмысын бақылады.

Аграрлық сектор өкілдерімен кездесу барысында ең өзекті мәселелердің бірі – суармалы судың жетіспеушілігі көтерілді.

Өз кезегінде облыс әкімі аудан басшылығына су ресурстарын ұтымды пайдалануға қатысты кешенді тәсіл әзірлеуді тапсырып, тамшылатып және жаңбырлатып суару технологияларын енгізу мен агроөнеркәсіп саласындағы процестерді цифрландырудың маңыздылығын атап өтті.

Ауданда су үнемдеу технологиялары мықтап қолға алынуда. Мәселен, Қайнар ауылында 3 800 гектар аумақты қамтитын суару жүйесін кеңейту жобасы іске асырылып, шаруаларға су уақытылы әрі толығымен үлестірілген.

Жоба аясында жылдық қуаты 5 млн текше метр болатын үш су сорғысы бар станция орнатылған. Ұзындығы 8 шақырымды құрайтын қысымды су құбыры судың шығынын азайтып, егістік алқаптарды тұрақты сумен қамтуға мүмкіндік береді.

Жұмыс сапары аясында облыс әкімі білім беру нысандарының құрылыс барысын да бақылап шықты.

Қаракемер ауылында 300 орындық «Келешек мектептің» құрылысы аяқталған. Нысанды жаңа оқу жылы басталғанға дейін пайдалануға беру жоспарланған. Ал Қарасу ауылында дәл осындай мектептің құрылысы кестеден кешігуде.

Облыс әкімі құрылыс сапасына баса назар аударып, нысанды белгіленген мерзімде толығымен аяқтап, пайдалануға берілу қажеттігін қатаң ескертті.

Сонымен қатар аудан әкімдігі мен құрылыс басқармасына барлық кезеңдерді, оның ішінде абаттандыру мен инженерлік желілерге қосу жұмыстарын қатаң бақылауда ұстау керектігін тапсырды.

Сортөбе ауылында Ербол Қарашөкеев бір мезгілде 200 адамға дейін қабылдай алатын жаңа амбулаторияның жұмысымен танысты.

Жұмыс сапары аясында аймақ басшысы Гвардейск қалашығына да арнайы барды. Ербол Қарашөкеев «OtarBioPharm» биофармацевтикалық зауытының жұмысымен танысып, Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының жетекші мамандарымен кездесті. Мамандар вакцинология, биоқорғаныс және биотехнология бағытындағы ғылыми жаңалықтармен бөлісті.

Аймақ басшысы ғылым мен өндірістің өзара ықпалдастығы ел қауіпсіздігі мен денсаулық сақтау саласының негізгі тірегі екенін атап өтіп, қызметкерлердің еңбегіне жоғары баға берді.

 

Аудандағы «Ауыл аманаты» жобасы

 

«Ауыл аманаты» жобасының Қордай ауданда іске асуы бойынша ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ғалымжан Оспановтан ақпарат алып, сөзге тартып көрдік.

 

«Ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ел тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу мақсатында жобаланып, жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасына қордайлықтар үлкен қызығушылық танытты.  Жобасның басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру.

 

Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. Несие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауылшаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша – 7 жылға дейін берілетіні  қазір баршаға белгілі. Қордайда бұл жоба 2019 жылдан бері іске асып келе жатқанын ескерсек, осы күнге дейін бағдарлама шапағатын талай шаруа көргенін айта аламыз», – деген Ғалымжан Жарылқасынұлы бірқатар статистикалық сандады сөйлетті.

Мәселен, ауданда «Ауыл аманаты» жобасы Жамбыл ауылдық округінде пилоттық жоба ретінде 2019 жылы бастау алып, жобаның 1-бағыты бойынша үй іргесін тиімді пайдалану үшін 8,5 миллион теңге берілген. Жалпы сол кезде жобаның 2-ші бағытымен округтің 250 тұрғыны 701 миллион теңгеге 1729 бас мүйізді ірі қара, 2150 бас қой және 114  жылқы сатып алған.

 

Жобаның 4-ші бағытымен  «Жаңатұрмыс-Бірлік» өндірістік кооперативі  59,9 миллион теңгеге 17 бірлік техника  атып алды. 5-ші бағыты өз кәсібін ашу бойынша «Кирилов» жеке кәсіпкерлігі бал арасын өсіру үшін 3,1 миллион теңге несие алып, кәсібін жүргізуде. 2022 жылы жоба ауданда жалғасын тауып Кенен ауылдық округінің 74 тұрғыны жобаның 2-ші бағытымен 71 бас мүйізді ірі қара,   4518 бас қой және 114  жылқы, 4-ші бағытымен «Кенен Береке» өндірістік кооперативі 53,8 миллион теңгеге 9 бірлік  техника сатып алса,  5-ші бағытымен құс шаруашылығы бойынша 4 адам 34,4 миллион теңге несие алған. 

 

Ал, 2023 жылы Қарасу ауылдық округінің 69 тұрғыны жобаның 2-бағытымен 450,2 миллион теңгеге  1300 бас мүйізді ірі қара,  1200 бас  қой және 125  жылқы,   4-бағытымен «Береке Өтеген» өндірістік кооперативі  38,5  миллион теңгеге 5 бірлік техника, 5-бағытымен гидропоника (жылыжай өндірісі) 3,8 млн. теңгеге сатып алған.

 

Сондай-ақ,  Қаракемер ауылдық округінің 144 тұрғыны жобаның 2-бағытымен 912 миллион теңгеге 1460 бас мүйізді ірі қара, 1185 бас қой және 33  жылқы алса, 4 – бағытымен «Қаракемер Агро – 2023» өндірістік кооперативі   38 миллион теңгеге 2 бірлік техника сатып алған.

 

Сарыбұлақ ауылдық округінде жобаның 2-бағытымен  47  адам 273 миллион теңгеге 782 бас мүйізді ірі қара, 802 бас қой сатып алыпты. Қақпатас ауылдық округінде 2-бағытымен  46 адам 212,6 млн теңгеге 510 бас мүйізді ірі қара, 1060 бас  қой және 27 бас жылқы,  8 адам 60,2 миллион теңгеге 86 бас мүйізді ірі қара және 608 бас қой сатып алған.  

Жалпы аудан бойынша 2,9 миллиард теңгеге 6016 бас мүйізді ірі қара, 10879 бас қой және 405 бас жылқы сатып алынса,  4 өндірістік кооперативі ашылып 190 млн теңгеге 25 техника мен құрал-жабдықтар алған. Жалпы жобаға  631 адам қатысқан. 

2024 жылы «Ауыл аманаты» жобасына енгізілген өзгертулерге байланысты V бағыт – жеке кәсібін ашуға және қайта жарақтандыруға ғана берілетін болды. Өзгеріс жақсы болғанымен, негізінен табысын мал шаруашылығынан алатын жандар үшін қолайсыздау болып отырғаны да жиын  барысында сөз болды. 

Кездесуде Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Бақыт  Сейтімбетова «Ауыл аманаты» жобасы бойынша жалпы облыста қолға алынған жұмыстарға шолу жасап өтсе, ең алғаш рет аталмыш жоба пилоттық болып іске асқан Жамбыл ауылдық округінің әкімі Айдар Бірімқұлов атқарылған жұмыстарға тоқталды. 

 

Аудандық орталық аурухананың жайы алаңдатады

Қордайлықтарды аудандық орталық аурухананың жайы алаңдатады. Тозығы жетіп, қазіргі таңдағы медициналық көмек көрсету стандарттарына ғимараттарының сай келмей тұр. Аудандық медициналық мекеменің 100 жылдық тарихы бар. Ал оның айналасындағы яғни, аудандық аурухана аумағындағы ғимараттардың салынғанына кемінде 50-60 жыл болған. Қазіргі талаптарға ол ғимараттардың сай келмей тұр. 

 

Шұғыл және жоспарлы емдеу-диагностикалық, стационарлық көмек көрсететін емдеу мекемесінде жылына жалпы 10 000-нан астам науқас емделеді. Аудандық  орталық аурухана 158 704 тұрғынға қызмет көрсетуде.  Оның ішінде 14 жасқа  дейінгі 51 058  балаларға, 6 446 жасөспірімдерге 32 254 құнарлы  жастағы әйелдерге  медициналық көмек көрсетеді. Орталық ауруханасының бөлімшелері орналасқан ғимараттар 1956-1992 жылдар аралығында салынған. Тозу көрсеткіші қазір 100% құрайды.

 

Халық санының көптігінен былай аудандық дәрігерлерге қосымша жұмыстар да жетіп артылады. Мәселен,  Қордай ауданы аумағынан  «Алматы –Термез», «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық маңызы бар трассалар, облыстық маңызы бар жолдар өтеді.  Өкінішке орай, жол-көлік оқиғалары орын алуына байланысты барлық зардап шеккендер осы ауруханаға түсіп жатады.  Зардап шеккендердің жаппай келуі кезінде хирургиялық бөлімде резервтік кереуеттердің жеткілікті санын орналастыруға мүмкіндік жоқ болғандықтан, дәрігерлер оларды дәліздерге орналастыруға мәжбүр. Ондай оқиғалар үнемі қайталанып тұрады. 

Бүгінгі күні аталмыш денсаулық сақтау мекемесі  «Денсаулық сақтау объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын және ҚР санитариялық нормалары мен қағидаларына  сәйкес келмейді. Бұл сәйкес келмеушілік онсызда жұмысы күрделі медициналық мекемеге үлкен ауыртпалықтар әкелуде. Соларға қысқаша тоқталып кетсек. Аудандық аурухананың ғимараттары бір-бірінен шамамен 100 метр қашықтықта орналасқан. Корпустар арасындағы жабық оқшауланған өткелдердің болмауы, жүре алмайтын науқастарды тасымалдауды  қиындатады,  сумен жабдықтау жүйесінің металл құбырлары тозған, жылыту жүйесінде жылу беруде жиі үзілістер болады, қоғамдық денсаулық сақтауды басқару органдары тексерген кезде санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты  хаттамалар мен айыппұлдар жүйелі түрде салынады. Бұл «жығылғанға жұдырық» деп ерте шешім шығармай-ақ қоюға болады. 

Стационар үй-жайларында медициналық қалдықтарды уақытша сақтауға, жинау құралдарын сақтауға арналған арнайы бөлмелер, дезинфекциялық құралдарды сақтауға және сұйылтуға арналған үй-жайлар жоқ, бұл «Профилактикалық (иммунобиологиялық, диагностикалық, дезинфекциялық) препараттарды сақтау, тасымалдау және пайдалану қағидаларын бекіту туралы» бұйрықты бұзу болып табылады екен. Орны жетіспеушілігіне байланысты медицина қызметкерлерінің демалысын ұйымдастыру үшін жағдайлар туралы мұнда тіпті естімеген.  Бөлімшелер палаталарында алаңдардың болмауына байланысты науқастар палатада 5-6 адамнан орналасады, бұл «Емдеу-алдын алу мекемелері» туралы нормалар мен ережелерді бұзу болып табылады. Науқастардың көп жиналуына байланысты науқастарды  қажетті ауа кубатурасымен және жарықпен қамтамасыз ету де мүмкін емес.

Қордай аудандық орталық ауруханасының қазіргі таңдағы жағдайы осындай. Осыларды ескере отырып,  270 төсектік көпбейінді орталық аудандық аурухана салу қажеттілігі туындаған. Бірақ, жобалық-сметалық құжат жасалғанымен, ондағы соманың тым үлкен болуына байланысты әзірге мемлекет тарапына қолдау таппай отыр. Жалпы сомасы 30 миллиард теңгеден асып түскен. Мұндай қаржы оңайлықпен қолдау таппайтыны да бесенеден белгілі. Дей тұрғанымен де, 150 мың халқы бар үлкен аудан үшін бұл қажеттілік. Қажеттілік болғанда, уақыт күттірмейтін қажеттілік.

Ұлттық жобаны жүзеге асыру аясында таяудағы екі жыл ішінде шалғайдағы елді мекендерді қоса алғанда барлық ауылды медициналық инфрақұрылыммен қамту, аудандық ауруханаларды көпбейінді медициналық мекемелер деңгейіне дейін жаңғырту, арнаулы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, ауыл халқын скринингпен қамту, ауылдағы медициналық ұйымдар базасында дәріхана пункттерін ашу, кадр мәселесі және ауылдағы медициналық көмекті дамытуға бағытталған басқа да мәселелерді шешу қарастырылған. Алайда, іс жүзінде Президент тапсырмасы іске аспай отыр деген сөз. Биыл Қордай ауданындағы Масаншы және Сортөбе ауылдарындағы ауруханаларға қомақты қаржы бөлініп, қосымша заманауи ғимараттар салыныпты. Бірақ, бұл дегеніңіз орталық аурухана назардан тыс қалуы керек деген сөз емес болар. Ол жұмыстар аудан орталығында көпбейінді аурухана салуға кедергі болмауы тиіс.

Ұлдана Жұбай - jambylmedia.kz

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow