Жамбылдан басталған ғылым жолы

Жамбылдан басталған ғылым жолы

Жамбыл өңірі қашанда білім мен ғылымға ерекше көңіл бөлген, елдің рухани дамуына өлшеусіз үлес қосқан талантты тұлғаларды тәрбиелеп шығарған қасиетті өлке. Осы топырақтан шыққан, бүгінде Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Физика кафедрасында жемісті еңбек етіп жүрген көрнекті ғалымдар – физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Айнакүл Қапасқызы Ершина мен химия ғылымдарының кандидаты, профессор Гүлназия Түгелбайқызы Түгелбаева.

Бұл екі ғалымды біріктіретін ортақ тағдыр жолы – туған жері Жамбыл облысы, білім алған қара шаңырағы – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты (қазіргі Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті), сондай-ақ өмірін ғылым мен ұстаздық қызметке арнауы.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті – 82 жылдық тарихы бар, еліміздегі ұстаздар даярлайтын бірегей жоғары оқу орны. Осы білім ордасында саналы ғұмырын ғылым мен білімге арнаған Айнакүл Қапасқызы Ершина 1950 жылы Жамбыл облысының Шу ауданындағы Далақайнар стансасында дүниеге келіп, мектепті үздік аяқтаған соң Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түседі. Бала кезінен ғылымға құштарлығы оны үлкен зерттеу жолына жетелеп, кейіннен кандидаттық және докторлық диссертацияларын сәтті қорғап, физика ғылымының дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті ғалым деңгейіне көтерілуіне мүмкіндік берді. Ғалымның жүздеген ғылыми еңбектері мен оқу құралдары жоғары білім беру саласында кеңінен қолданылып келеді.

Университет қабырғасында ол тек ғалым ғана емес, білікті ұйымдастырушы ретінде де танылды. 2007-2011 жылдары физика кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарып, кафедраның ғылыми-әдістемелік бағытын дамытуға, жас мамандарды тәрбиелеуге зор үлес қосты. Сонымен қатар 2007 және 2013 жылдары «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері атанса, 2011-2012 жылдары ҚР Президентінің халықаралық «Болашақ» стипендиясын иеленіп, ғылыми ізденісін халықаралық деңгейде жалғастыруға мүмкіндік алды. Ғалымның еңбегі жоғары бағаланып, «Құрмет» ордені мен бірқатар мемлекеттік және халықаралық марапаттарға ие болды.

Осы университет қабырғасында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан – Гүлназия Түгелбайқызы Түгелбаева. Ол 1952 жылы Жамбыл облысы Сарысу ауданының Жайлаукөл ауылында дүниеге келіп, мектепті алтын медальмен аяқтағаннан кейін Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының физика мамандығына оқуға түседі. Студенттік жылдары-ақ ерекше қабілетімен көзге түсіп, Лениндік стипендия иегері атанып, оқу орнын үздік дипломмен тәмамдайды. Кейін ғылыми ізденісін жалғастырып, небәрі 27 жасында химия ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғап шығады.

Ғалым университет қабырғасында ассистенттен бастап доцент деңгейіне дейін көтеріліп, мыңдаған студенттің сапалы білім алуына және ғылыммен айналысуына тікелей ықпал етті. 2007 жылдың қыркүйегінен 2014 оқу жылына дейін университеттің Офис-регистрация бөлімінің бастығы қызметін атқарып, оқу үдерісін ұйымдастыру мен басқару жүйесін жетілдіруге, білім беру үдерісін тиімді үйлестіруге айрықша үлес қосты. Еңбегі еленіп, «Ы.Алтынсарин атындағы», «Қазақстан тәелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен және университеттің 80 жылдық мерейтойына орай «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Университеттің дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен марапатталды.

Екі ғалымның да ғылым мен білім жолындағы еңбегі шәкірт тәрбиелеумен тығыз байланысты. Олардың жетекшілігімен білім алған түлектер бүгінде еліміздің әр түкпірінде – жоғары оқу орындарында, колледждер мен мектептерде басшылық қызметтер атқарып, білім беру саласының дамуына зор үлес қосуда. Бұл – ұстаз еңбегінің жалғастығы мен ғылыми мектептің өміршеңдігінің айқын дәлелі.

Ұзақ жылдар бойы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің физика кафедрасында және университеттің басқару құрылымдарында қызмет еткен бұл ғалымдар оқу орнының ғылыми әлеуетін арттырып қана қоймай, оның беделін көтеруге де үлкен үлес қосты. Олардың өмір жолы – табандылықтың, ғылымға адалдықтың және ұстаздық миссияның жарқын көрінісі.

Жамбыл жерінен бастау алған бұл ғылым жолы – туған өлкенің рухани қуатын, білімге деген құрметін және ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесін айқын көрсетеді. Айнакүл Қапасқызы Ершина мен Гүлназия Түгелбайқызы Түгелбаеваның өмірі мен еңбегі – жас ұрпаққа үлгі болатын, ғылым мен білім арқылы ел дамуына қызмет етудің биік өнегесі.

Физика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD Қаптағай Гулбану Әлібекқызы, физика магистрі, аға оқытушы Байкадамова Лаура Сериковна

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow