Жамбылда бұқаралық спортты дамытуға 449,1 млн теңге бөлінді  

Бүгінде Жамбыл облысы бойынша 21 спорт нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр.

Жамбылда бұқаралық спортты дамытуға 449,1 млн теңге бөлінді   

Жамбыл облысында жыл соңына дейін 7 жаңа спорт кешенін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Нәтижесінде өңір халқының спорттық инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі 72 пайызға жетпек. Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимов баяндады.

 

Кеңес барысында спорт инфрақұрылымы мен бұқаралық спортты дамыту, сондай-ақ отбасын қолдау орталықтарының қызметін жетілдіру мәселелері жан-жақты қаралды.

 

Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде облыс бойынша 2 355 спорт нысаны жұмыс істейді. Қазіргі таңда 21 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Оның 18-і бюджет қаражаты есебінен, ал үшеуі демеушілердің қолдауымен салынуда.

 

Биылғы жылы Мойынқұм, Талас және Қордай аудандарында үш денешынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 7 нысан іске қосылып, қалған 11-і келесі жылы қолданысқа берілмек.

Сонымен қатар Ж. Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, нысанның сыртқы футбол алаңы жаңартылған.

 

Жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде облыс халқының спорттық инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі 70,8 пайызға жетіп отыр (2024 жылы – 68,3%). Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 72 пайызға дейін арттыру көзделген.

 

Ернар Ибраимов баяндамасында «Тараз» орталық стадионының Қазақстан футбол федерациясы мен УЕФА талаптарына сәйкес келмейтінін айтты. Спорт нысаны 1936 жылы пайдалануға беріліп, 2002 жылы қайта жаңғыртылған.

 

Тараз қаласы мен аудандарда бұқаралық спортты дамытуға 449,1 млн теңге бөлінді. Бүгінде облыс халқының 41,9 пайызы, яғни 511 мыңнан астам адам спортпен жүйелі түрде айналысады (2024 жылы – 41,2%).

 

Жыл басынан бері өңірде 3 171 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, оған 299 мыңнан астам адам қатысқан.

 

Облыс әкімі спорт нысандарының тұрғындарға қолжетімді болуын қамтамасыз етуді, заманауи спорт алаңшасы жоқ елді мекендердің тізімін жасап, оларды қамту бойынша арнайы жоспар бекітуді, сондай-ақ спортпен шұғылданушылар санын арттыру үшін бұқаралық спорттық іс-шараларды жиі ұйымдастыруды жүктеді.

 

Сондай-ақ орталық стадионды құрылыс басқармасының теңгеріміне өткізіп, талаптарға сәйкестендіру үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуді және оны мемлекеттік сараптамадан өткізуді тапсырды.

 

Жиында облыс әкімінің орынбасары Айжан Есмағамбетова өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсетуді тиімді ұйымдастыру және отбасын қолдау орталықтарының жұмысын жетілдіру мәселелеріне тоқталды.

«Анаға тағзым» отбасылық даму орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали орталықтар мен мобильді топтардың жұмысына жүргізілген талдау нәтижелерін таныстырды.

 

Өңір басшысы баяндамаларда айтылған кемшіліктерді жүйелі түрде және нақты шешуді талап етіп, олардың нәтижелері кеңесте қайта қаралатынын ескертті.

 

 

Өткен жылы өңірде неше спорт кешені пайдалануға берілді?

 

Жамбыл облысында 2024 жылы 115 спорт нысаны пайдалануға берілді. Оның ішінде 9 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 3 спорт кешені және 103 спорт алаңшасы бар. Бұған дейін бұл туралы мәлімет Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде айтылған болатын.

Жиында спорт саласында атқарылған жұмыстар мен алдағы мақсат-міндеттер талқыланды.

Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимовтың хабарлауынша, 2024 жылы 15 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілді. Оның 9-ы қолданысқа беріліп, биыл қалған 6 спорт нысаны табысталады.

 

​Бұдан бөлек, Тараз қаласы мен аудандарда 103 спорт алаңшасы ел игілігіне тапсырылды. Демеушілердің есебінен 3 ауылдық елді мекенде спорт кешені ашылды.

 

​Нәтижесінде облыс халқының спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі 68,3 пайызды құрады.

 

​Жалпы облыста 2 353 спорт нысаны бар.

 

​Биыл 8 жаңа спорт кешенінің құрылысы қарқын алады деп күтілуде.

​Өткен жылы спорт саласының шығындарына 15,8 млрд. теңге бөлінсе, биыл 17,6 млрд. теңге қарастырылып отыр.

​Ағымдағы жылы бұқаралық спортты дамытуға 460, 9 млн. теңге жұмсалады.

 

​Бүгінде 28 872 спортшымен 1 195 жаттықтырушы тұрақты түрде жұмыс жүргізуде.

 

​18 спорт түрі бойынша 6 871 бала (5-17 жас аралығындағы) спорт секцияларына тегін қатысып жүр.

Бұқаралық спорттың дамуына тың серпін беру, тұрғындарды дене шықтыру және спортпен жүйелі айналысуға тарту мақсатында облыста 285 спорт нұсқаушысы жұмыс істейді.

 

​2024 жылдың қорытындысы бойынша 4 034 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, 363 мың жамбылдық қамтылды.

 

​503 мың адам немесе облыс халқының 41,2 пайызы спортпен жүйелі түрде шұғылданады.

 

​Облыс спортшылары 1 797-і медальді қанжығасына байлады (алтын - 658, күміс - 570, қола - 569).

 

​Парижде өткен ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарында дзюдодан Елдос Сметов чемпион атанса, XVII жазғы Паралимпиада ойындарында пара жүзуден Нұрдаулет Жұмағали күміс жүлдеге ие болды.

 

​V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 17 жамбылдық спортшы сегіз спорт түрі бойынша ел намысын қорғады. Нәтижесінде қоржынға 7 алтын, 7 күміс, 4 қола медаль түсті.

 

​Сондай-ақ басқарма басшысы баяндамасында спортшылар мен жаттықтырушыларды қолдау, байрақты бәсекелерді жоғары нәтижеге қол жеткізу, бәсекелестікті арттыру, олимпиадалық және ұлттық спорт түрлерін дамыту, бюджет қаражатын ұтымды пайдалану мәселелеріне кеңінен тоқталды.

 

​Облыс әкімі бұқаралық спортты дамыту мәселесіне көңіл бөліп, спортпен шұғылданушылар санын және халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейін одан әрі арттыру бойынша жұмысты жандандыруды жүктеді. Спорт нысандары халыққа қолайлы әрі қолжетімді болуы тиіс.

 

​Ербол Қарашөкеев өңірдегі спорт нысандарының жай-күйіне ерекше назар аударды. Ол дене шынықтыру және спорт басқармасына құрылысы жүріп жатқан және қолданыстағы спорт нысандарын жүйелі түрде зерделеуді, ондағы анықталған кемшіліктерді қалпына келтіруді, сондай-ақ 2028 жылы өтетін Олимпиада және Паралимпиада ойындарына дайындықты қазірден күшейтуді тапсырды.

 

​Басқосу барысында Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің спорт саласын дамыту туралы есебі тыңдалды.

 

​Сондай-ақ облыс әкімінің Шу ауданы халқымен кездесуде және жеке қабылдауда берген тапсырмаларының орындалуы барысы қаралды.

​- Халық көтерген мәселелерге құлақ асып, шешу жолдарын қарастыруды қатаң бақылауға алуды тапсырамын, – деп облыс әкімі кеңесті түйіндеді.

 

Аймағымыз спорттық өңір атанды

 

2024 жылы Жамбыл облысының споршылары республикалық және халықаралық жарыстарда 1797 медаль жеңіп алды. Сөйтіп, жыл қорытындысы бойынша республика «Үздік спорттық өңір» атанды.

 

Соңғы жылдары аймақта спорт нысаны да көбейді.  Парижде өткен 33-ші жазғы Олимпиада ойындарында Жамбыл облысының 5 спортшысы бақ сынады. Төртжылдықтың басты додасында Елдос Сметов топ жарып, дзюдодан алтын медаль алды. «Жылдың үздік спортшысы» атанды. Ал бапкері Ғалымжан Жылгелиев «Үздік бапкер» атағын иеленді.

 

 

Ғалымжан Жылгелдиев, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы:

- Бұл марапаттардың артында қаншама тер болды, қаншама еңбек болды. Ең бастысы, спортшыны тәрбиелеу керек. Спортшыны тәрбиелегеннен кейін осындай марапаттар жасалып жатса, әрине, қуанасыз әрдайым. Осындай мотивация бәріне, бұл үлкен мотивация ғой бапкерлерге де, спортшыларға да.

 

 

Спорт саласы үздіктерінің  арасында Париж Паралимпиадасында паражүзуден күміс алған Нұрдәулет Жұмағали бар. Ол 11 жасынан бастап жүзумен айналысады. «Спортшыға бар жағдай жасалса ғана мол нәтижеге қол жеткізуге болады», – дейді жүлдегер.

 

Нұрдәулет Жұмағали, Париж Паралимпиадасының күміс жүлдегері: - Үкімет тарапынан беріліп жатқан қолдаудың арқасында біз оқу жаттығу жиындарына шығамыз. Көптеген әлемдік сериаларға, жарыстарға шығамыз. Витаминдер аламыз түрлі-түрлі. Сол беріліп жатқан витаминдер уақытылы беріліп, жиын жаттығуларымыз уақытылы өтіп жатқаны бізге өте үлкен пайдасын тигізеді. Себебі ол спортшы үшін өте маңызды.

 

Жалпы жамбылдық жампоздар бір жылда әлемдік, халықаралық және республикалық додалардан 1797 медал иеленді. Азия-Тынық мұхит ойындарында облыс саңлақтары 2 алтын, 13 күміс, 5 қола медальға қол жеткізді. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарынан 18 жүлде болса, палуандар әлем біріншіліктерінің жеңімпаз-жүлдегерлері атанды.

 

Ал боксшылары Азия чемпионатының 3 жүлдесін қоржынға салды. Жалпы 2024 жылы өңірдің спорт саласын дамытуға 15,8 млрд теңге бөлінді.

 

Ернар Ибраимов, облыстық спорт басқармасының басшысы:

- Облыс бойынша 2353 спорт нысаны жұмыс атқарып жатыр. Жалпы 54 спорт мекемесі бар басқармаға бағынысты. Биылдыққа 15 спорт нысанының құрылысы басталып, оның жетеуі қолданысқа беріліп, 2025 жылдың аяғына дейін 8 спорт нысаны аяқталып, қолданысқа беріледі.

 

Аймақта спорттың 85 түрі қамтылған. Бүгінде 29 мыңнан аса адам кәсіби түрде спортпен шұғылданады. Сонымен қатар 503 мың тұрғын жүйелі түрде бұқаралық спортпен айналысады.

 

Бапкерлердің біліктілігін арттыру не үшін керек?

 

 

Жалпы Жамбылда жергілікті бапкерлердің біліктілігін арттыру жолға қойылған. Сондай-ақ және дене-шынықтыру мұғалімдеріне арналған біліктілікті арттыру бағдарламаларын көбейту — кадр тапшылығын азайту үшін аса керек.

 

Бұл нені білдіреді?

 

Жамбыл облысында жаңа спорт нысандары көптеп салынып жатыр, бірақ соны толыққанды жүргізу үшін жеткілікті кәсіби жаттықтырушылар мен ДШ мұғалімдері әрқашан бола бермейді. Қандай да бір ауылдық немесе жаңа ашылған спорт кешенінде зал бар, алайда оны жүргізетін жоғары деңгейлі маман тапшы болса — нысан толық тиімді жұмыс істемейді.

 

Неге біліктілікті арттыру маңызды?

          1.       Кадр тапшылығының орнын толтыру

Жергілікті мамандарды оқыту арқылы жаңа жаттықтырушыларды сырттан шақырмай-ақ, өңір ішінде кадр даярлауға болады.

          2.       Спорт сапасын көтеру

Жаңартылған жаттығу әдістемесі, заманауи дайындық әдістері — облыстың спорт нәтижелерін жақсартады.

          3.       Ауыл мен қала арасындағы теңсіздікті азайтады

Көп ауылдарда спорт залы бар, бірақ кәсіби бапкер жоқ. Оларды оқыту — ауылдағы спортты жандандырады.

          4.       Жаттықтырушы — спорт нысанындағы ең басты ресурс

Қанша нысан салынса да, маман болмаса, нәтиже шықпайды.

 

Қандай бағдарламалар болуы мүмкін?

                   Жергілікті ДШ мұғалімдерін қысқа 1–2 апталық курстардан өткізу (гимнастика, футбол, дзюдо, бокс, шахмат сияқты бағыттар).

                   Ұлттық федерациялармен бірлескен семинарлар (мысалы, дзюдо федерациясы жаттықтырушыларды сертификаттау).

                   Онлайн форматтағы спорт психологиясы, спорттық медицина, балалармен жұмыс әдістемесі бойынша курстар.

                   Арнайы «ауыл жаттықтырушысы» бағдарламасы, яғни ауылға бағытталған жеңілдетілген оқу.

 

Қорытынды

 

Біліктілікті арттыру — жаңа нысандар саны көбейген сайын аса қажет құрал. Бұл шара Жамбыл облысының спорттық әлеуетін нақты көтеретін негізгі тетіктердің бірі.

 

 

Ұлдана Жұбай - jambylmedia.kz

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow