Табиғатқа зиянсыз өнім өндіру
Табиғатқа зиянсыз өнім өндіру - экономикамен қатар, экологияға да пайда әкеледі. Осы орайда, «Тараз-Аса» бағытындағы тас жолдың бойында тау-тау болып үйілген фосфогипс қалдықтары кәдеге аспай тұр. Тараз қаласымен іргелес жатқан экологиялық қауіпті аумақта Жамбыл ауданына қарайтын бірнеше ауыл орналасқан. Осы аумақта «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «Минералды тыңайтқыштар» зауыты жұмыс істейді.
Жалпы, өңірдегі ірі өндіріс орны елімізге ғана емес, бірқатар шет мемлекетке де танымал. Күніне мыңдаған тонна өнім өндіретін кәсіпорын ел экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қосуда. Алайда Жамбыл ауданы, Шайқорық ауылы тұрғындарының аталған фосфогипс төгінділеріне байланысты шағымданып жүргеніне талай жылдың жүзі болды. Жел тұрған күндері зауыттан шыққан әлгі қалдықтар ұшып, ауылды шаң басып қалады екен. Сондай-ақ жергілікті жұрт мұның адам денсаулығына зияны бола ма деп те алаңдаулы.Қазіргі кезде бұл жерде шамамен 17 миллион тоннадан астам фосфор өнімінің қалдығы бар.
– Барлық ауылдың тұрғындары болып өтініш те, хат та жаздық. Бұл мәселені бәрі біледі. Жел болған кезде жиналған фосфор қалдығы ұшып, ауылдарды тұман басып қалады. Тіпті, көліктердің үстіне желмен ұшып келген фосфогипс қатып қалғанда тазалау мүмкін болмай қалады. Бұған дейінгі зауыт әкімшілігіне кіріп, жүздеген, мыңдаған халықтың талап-тілегін жеткізген болатынбыз. Бірақ әрекетімізден нәтиже шықпады. Шынын айтқанда ауылдарда соңғы жылдары 50 жасқа жетпей өмірден өтіп жатқан адамдардың саны күрт өсті. Жеміс-жидек, көкөністердің өсуіне де орасан зиян келтіріп жатыр, – дейді Шайқорық ауылының тұрғыны Жанат Иманәлиев.
– «Облыс әкімдігінің ауылшаруашылығы басқармасы егістік алқаптарына фосфогипс қалдықтарын енгізу бойынша жоспар әзірлеген. Қазіргі таңда фосфогипс қалдықтарының үшінші үйіндісінің құрылысы облыстық экология департаментінің шешімі бойынша қаладан 20 шақырым қашықтықта «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Жамбыл филиалы аумағында жүргізілуде. Аудан әкімдігі мен аймақтағы шаруа қожалықтар «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және Қазақстан сушаруашылығы ғылыми зерттеу институтымен үшжақты келісімшарт жасасып, 15 560 тоннасы егістік алқаптарға тыңайтқыш ретінде төгілді, – делінген жауапта.Ауылдықтар фосфогипстің желді күні көз аштырмайтын шаңы өз алдына, қауіпсіздік мәселесіне де алаңдап отыр. Бұл мәселе – тұрғындардың бәріне ортақ. Ауылдықтар қалдықтарды көшірмесе де, халыққа бір зияны тимейтін әрекет жасалса дейді.
Бірнеше жыл бұрын Сенатор Бекболат Орынбеков бұрынғы Үкімет басшысы Әлихан Смайловтың атына жолдаған өзінің депутаттық сауалында ауыл тұрғындарының проблемаларын талқыға салды.
– Бұл үйінділер Тараз қаласы мен Шайқорық, Танты елді мекендерінің маңына жақын орналасуына байланысты адам өміріне және қоршаған ортаға үлкен қауіп төндіруде. Мәселен, жел көтерілген кезде үйінділерден елді мекендерге қарай шаңды заттардың ұшуы байқалады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, фосфогипс салдары ауылшаруашылығы мен бақша шаруашылығына үлкен зиян келтіруде, – деді сенатор.
Бекболат Орынбеков осыған байланысты фосфогипс қалдықтарының көлемін азайту жөнінде шаралар қабылдауды және ауылшаруашылығы саласында пайдалануды ұсынды.
– Сонымен қатар, фосфогипсті жол төсемдерінің негіздерін орнату үшін пайдалану зерттелуде. Осы бағытта «Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» автомобиль жолдарының топырақтарын тұрақтандыру үшін фосфогипс материалын сынау мақсатында тәжірибелік-эксперименттік участке бөлініп, бүгінгі күні зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді Сенат депутаты.
Қазақстанда тұзды жерлер аумағы 798,4 мың гектарды құрайды. Оның ішінде 133,6 мың гектары қатты сортаңданған. Мұндай жерлердің негізгі аумағы Қызылорда, Түркістан, Алматы, Жамбыл, Жетісу облыстарында. Осы сортаң жерлерді фосфогипс күлімен тыңайтуға болады. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің доценті, ғалым Қамбар Тұрсынбаев Кеңес дәуірінде-ақ фосфогипсті ауылшаруашылығында тыңайтқыш ретінде қолдануға әрекет жасалғанын айтады.
– Бірақ фермерлер оны қате технологиямен қолданған. Фосфогипсті жер бетіне трактор арқылы румспен шашқан. Ол ылғалды өзіне тартып алып, кесекке айналып, жер бетіне қатпаршақ болып қалады. Топырақпен реакцияға кірмейді. Салдарынан топырақта ешқандай өзгеріс болмаған. Қазіргі таңда фермерлер тағы да әрекет етіп жатыр, бірақ нәтиже жоққа тән.Аймақта «Қазфосфаттан» шығатын өндіріс қалдығы 17 миллион тоннадан асып кетті. 2016 жылы елімізде «Органикалық өнім өндіру туралы» Заң қабылдады. Сонда маған бұл тыңайтқышқа сұраныс көп, арзан және қолдану да оңай ғой деген ой келді. Топырақтың құнарлылығын арттырады. Тұзды жерлердің тұз мөлшерін төмендетеді.
Өнімділігін 30-40 пайызға өсіреді. Ылғалды сақтауға ықпал етеді. Көңмен бірге қосылғанда құрамындағы зиянды заттар жоғалады.2022 жылдан бастап тәжірибе жасап көрдім. Саяжайда қызанақ және тәтті бұрыш егілген топыраққа фосфогипс пен көңді араластырып қолданып байқадым. Қызғылт қызанақтың салмағы 300-500 грамм, ал тәтті бұрыш салмағы 240-350 грамм болды. Бұл жаңалықтан хабардар болған бір шаруашылық келісімшарт жасап үлгерді, – дейді Қ.Тұрсынбаев.
Егер зауыт қалдығынан жұрт зардап шекпесін десек, күрделі мәселенің күрмеуін шешетін бір жолдың қарастырылғаны дұрыс. Ал, бұл мәселенің шешімі – мамандар айтқандай фосфогипс қалдығын ауылшаруашылығы саласында тыңайтқыш, жол салуда – құрылыс материалы, сонымен бірге жоғары сапалы цемент жасауға шикізат ретінде пайдалану.
Сіздің реакцияңыз қандай?