600 млн теңге: Қант зауыты қарызын қайтарады
Жамбыл облысындағы «Меркі қант зауыты» тәулігіне 4 мың тонна қызылша қабылдауға көшті. Нәтижесінде кезегін күткен көліктер кеш батқанша кіріп үлгеріп жатыр. Қабылдау науқаны бір апта бұрын басталған болатын.
Бүгінге дейін 25 мың тонна өнім жиналған. Шаруалардан қызылша келісі 13 теңгеден қабылданып жатыр. Биыл өңір дихандары кәсіпорынға 300 мың тонна өнім өткізбек. Зауыт желтоқсан айының ортасына дейін қабылдап үлгереміз дейді. Серіктестік өткен жылы тәтті түбір тапсырған 130-ға жуық шаруаға 6 млрд теңге төлеген болатын.
Алайда 60-қа жуық адамға 600 млн теңгедей қарыз болып қалған. Былтырғы жылдың берешегін бір айда қайтармақ. Айта кетейік, биыл облыста бір ғана зауыт болуына байланысты қызылша 6 мың гектарға егілді. Бұл былтырғы көлемнің тең жартысы ғана.
«Енді қазір қалған отыз пайызы бойынша жұмыс жүргізілуде. Ол үшін зауыт өзінің қантын форвардтық механизм бойынша өткізеді. Ол үшін алдымен Алматы қаласының әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы келісім шартқа тұрады. Бүгінде екіжақты келісім есебінен осы қарызды төлеуге жұмыстар жүргізіліп жатыр» – деді Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшенов.
Ұлдана Жұбай - jambylmedia.kz
Сіздің реакцияңыз қандай?