Үкімет халық табысын арттыруға бағытталған 2026–2028 жылдарға арналған жоспарды бекітті

Үкімет халық табысын арттыруға бағытталған 2026–2028 жылдарға арналған жоспарды бекітті

Министрлер кабинеті экономика өсімін жылына кемінде 5 пайыз деңгейінде ұстап, халықтың нақты табысын 2–3 пайызға арттыруды көздейтін бірлескен бағдарламаны мақұлдады.

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин таныстырған бағдарлама Үкімет, Ұлттық банк және қаржы нарығын реттеу агенттігінің бірлескен іс-қимылын қамтиды. Оның басты мақсаты – инфляцияны төмендете отырып, экономиканың сапалы әрі тұрақты өсуін қамтамасыз ету. Жыл сайын өңдеу өнеркәсібі мен агроөнеркәсіп саласында 100-ден астам инвестициялық жоба іске қосылады. Металлургия, машина жасау, мұнай-газ химиясы және агроөнеркәсіпте 17 ірі жоба жалғасады.

Министрдің айтуынша, еңбек өнімділігін арттыру, технологиялық жаңғыру және тиімді жұмыспен қамту арқылы экономика әлеуетін күшейту жоспарланды. Бұл шаралар жалақы өсімі мен ЖІӨ өсімі арасындағы алшақтықты қысқартуға бағытталады. Табиғи монополиялар тарифтері инфляцияға жылына 1 пайыздан артық әсер етпеуге тиіс, ал 2026 жылдың екінші тоқсанынан бастап тарифтер инфляция болжамымен байланыстыра отырып реттеледі. Тұрмысы төмен азаматтарға көрсетілетін тұрғын үй көмегі адресаттылығы күшейтілген түрде сақталады.

2026–2028 жылдары коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға 3 трлн теңге инвестиция тартылып, 30 мың шақырым инженерлік желі жөнделді. Үкімет инфляцияны тежеу үшін нарықты өніммен қамтамасыз ету, сақтау және жеткізу инфрақұрылымын дамыту, баға белгілеуді реттеу және монополияға қарсы шараларды күшейтпек. Маркетплейстердегі баға қалыптастыру ашықтығы да арттырылады: комиссиялар мен төлемдер туралы ақпарат жария етіледі, ал сатушылар мен тұтынушылар үшін комиссия деңгейін оңтайландыру тәсілдері әзірленеді. Сонымен бірге онлайн саудада тауарды бөліп төлеумен және бөліп төлемсіз сатып алудағы екі түрлі баға көрсетілетін жүйе енгізіледі.

Бағдарламада «Инвестицияға тапсырыс» жобасы да басымдыққа ие. Құны 29,5 млрд теңгеден асатын жобалар үшін 25 жыл бойы заңнаманың тұрақтылығына кепіл беретін инвестициялық келісімдер жасалады. Шетелдік капитал тартуда Астана халықаралық қаржы орталығының әлеуеті қолданылмақ. Маңызды мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларына халықаралық қаржы ұйымдары тартылады. Нәтижесінде негізгі капиталға салынатын инвестициялар үлесі 2028 жылы ЖІӨ-нің 21 пайызына дейін өседі деп жоспарланған.

Бюджет тапшылығы 2028 жылы ЖІӨ-нің 0,9 пайызына дейін, ал мұнай-газ секторын есептемегендегі тапшылық 2,7 пайызға дейін қысқарады. Мемлекеттік қарыз ЖІӨ-нің 26 пайызынан аспайтын деңгейде ұсталады. 2027–2028 жылдары ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі қаралады. 2026–2028 жылдары халық табысының нақты өсімі жылына кемінде 2–3 пайыз болуы тиіс.

Премьер-министр Олжас Бектенов инфляцияны бақылау, отын теңгерімін қадағалау және азық-түлік нарығындағы баға тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша тапсырмалар берді. Ол ішкі нарықты отандық өніммен толықтыру, импортқа тәуелді тауарлар өндірісін арттыру және тұрақтандыру қорларын тиімді пайдалану қажет екенін атап өтті.

Экспортты әртараптандыру аясында жоғары қосымша құны бар өнім өндірушілерді қолдау құралдары кеңейтіледі. Премьердің айтуынша, банк секторы кәсіпкерлікті қаржыландыруға белсендірек араласуы керек, ал «Бәйтерек» холдингі жаңа бағыттарды бастамашыл түрде дамытуға тиіс. Үкімет бағдарлама жобасын толық мақұлдады.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow