«Таза Қазақстан» табиғатты ғана емес, сананы тазартады
“Жамбыл облысында биылға бекітілген іс-шаралар аясында «Таза Қазақстан» акциясына 39,5 мың адам атсалысты” деп хабарлайды jambylmedia хабар агенттігі.
Жамбылды жасылдандыру жоспарына үлес
Сонымен қатар шарапатты шараға 1,5 мыңнан аса кәсіпорын мен мекеме қатысты. Жалпы 49 мың жасыл желек отырғызылып, 3,5 мың шақырым көше жолы, 831 шақырым арық жүйесі мен канал, 685,5 мың шаршы метр саябақтар мен скверлер тазаланды, 6,1 мың тонна күл-қоқыс шығарылды.
Тазалыққа “телеграмм” да жауапты
«Таза Қазақстан» акциясының ақпараттық сервисі бойынша телеграмм-бот арқылы жыл басынан жалпы 463 өтінім түсті, оның ішінде: 450 өтінім мерзімінде қарастырылып, 7 өтінім қаралу үстінде, 6 өтінім иесіне бас тартылды.
Акция шеңберіндегі шаралар
Экологиялық акция аясында жоспарланған 10 акция өткізілді. Олардың қатарында «Тазарту күні», «Мөлдір бұлақ», «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні», «Болашақты бірге отырғызамыз», «Жасыл қала», «Жасыл аймақ», «Таза кәсіп - таза аймақ», «Таза өлке», «Киелі мекен», «Өнегелі ұрпақ» шарасы бар.
Экологиялық акция қоғамды өзгертті
Жалпы елімізде экологиялық акция басталғалы тазалық мәдениеті қалыптастасты. Қоғам өзгерді, сана жаңғырды. Демек, «Таза Қазақстан» табиғатты ғана емес, сананы тазартатын бірегей жобаға айналды.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, «Таза Қазақстан» акциясы басталған екі жыл ішінде 1,5 мың экологиялық іс-шара ұйымдастырылған. Осы уақыт аралығында 2 миллион тонна қоқыс жиналып, 5,5 миллионға жуық тал егілген. Жыл сайын бұл бастамаға 6,5 миллион адам, соның ішінде 780 мың волонтер қатысады.
Елімізде енді экопарктер құрылады
Сондай-ақ, салаға жауапты министрдің айтуынша, 2021-2025 жылдары орман қорын толықтыру үшін 1 миллионнан аса гектарға 1 648,4 миллион түп көшет отырғызылған. Елді мекендерде бес жыл ішінде 18,4 миллион ағаш егілді. Алдағы уақытта 1 760 мың гектар жерді қамтитын 46 экоаумақ құрылады.
Бұл бағыттағы жоба Таразда да жалғасады. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында экопарктер құру үшін Тараз қаласының Талас өзені бойындағы «Мамыр саябағы» эко-паркінің жобасы әзірленді. Жоба құны - 979,6 млн. теңге. Саябақ аумағы 15,8 гектарды құрайды.
Эко-парк аумағына қандай нысандар салынады?
Эко-парк аумағында серуендеуге арналған жолдар, воркаут аймақтары, терренкурлар, ересектер мен балаларға арналған демалыс аймақтары, глэмпинг, спорт алаңдары қарастырылды.
Мүгедектігі бар азаматтар үшін де қолжетімді ортаны қалыптастыру жоспарланған.
Нәтижесінде, саябақ аумағында экологиялық туризм, тұрғындардың салауатты өмір салтын қалыптастыру бағыттары кең көлемде орын алады.
Бүгінгі күні, тапсырыс беруші қала әкімдігі мен мердігер «Сырым Блеке» ЖШС келісім-шарт рәсімделді.
Қазіргі таңда, құрылыс жұмыстарын бастау үшін облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасынан құрылыс жұмыстарын бастау туралы хабарлама беру жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы саябақ құрылысын жоспарға сәйкес, 2027 жылдың маусым айында аяқтап, тұрғындар игілігіне беру жоспарланған.
Қуаныш Арыстанбек, jambylmedia.kz
Сіздің реакцияңыз қандай?