Қала тазалығындағы қажырлы еңбек
Тараз – тазалығымен ерекшеленетін шаһар. «Еліміздегі ең жасыл қала» деген ресми мәртебесі тағы бар. Ал бұл мақтаулы мәртебенің, айтулы абыройдың артында алдымен жұмысы ауыр жандардың еңбегі жатыр. Бұл Көне қала көшесінің тазалығын жарқыратып, жасыл-желегін жайнатып жүрген адамдардың арқасы.
Біз бүгін де осы салада зор жауапкершілікті арқалап жүрген «Жасыл ел – Тараз» серіктестігінің мамандары туралы сөз қозғауды жағастырамыз. «Жасыл ел – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде бас агроном қызметін атқаратын Жасұлан Молдабаевтың сөзінше, олар жасыл желекті көбейтіп, оны жүйелі түрде күтіп баптап, ұзақ мерзімді экожүйе қалыптастыруды көздейді.
– Біздің басты бағытымыз – жасыл желекті көбейту әрі оны сақтап қалу. Қаладағы әрбір ағаш пен саябақ белгілі бір жоспарға сай күтіледі. Мәселен, «Тектұрмас» этно-тарихи кешені мен «Ұлы дала» ықшамауданында тамшылатып суару жүйесі енгізілді. Бұл тәсіл суды үнемдеуге және әр ағашқа қажетті мөлшерде ылғал жеткізуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта мұндай жүйені облыстық онкология ауруханасы маңындағы саябаққа және өзге де 40-қа жуық аумаққа енгізу жоспарланып отыр.
Қазіргі ұжымның жартысына жуығы – 50-60 жас аралығындағы тәжірибелі мамандар, қалған бөлігі – жастар. Жастардың бұл салаға қызығушылығы артып келеді.
«Тектұрмас» этно-тарихи кешенінде, «Бәйтерек», «Арай-2», «Ұлы Дала» ықшамаудандарында және өзге де аумақтарда мыңдаған ағаш отырғызылып, жаңа саябақтар қалыптастырылды. Тараздың жасыл келбетін сақтау әрі келер ұрпаққа көрікті қала қалдыру біздің борышымыз, – дейді Жасұлан Бердібекұлы.
Серіктестіктегі жасыл желекті суарып, өз бақылауында ұстайтын мамандардың бірі – Ақылбек Қалыбеков. Оның еңбек жолы түрлі бағытта өрбіген. Бүгінде ол Тұңғыш Президент саябағындағы жасыл желектердің күтіміне жауапты.
– 1985 жылы әскерден келген соң Алматы қаласындағы Архитектуралық құрылыс институтына оқуға түстім. Ол кезде мамандықтың атауы қазіргіше айтқанда технологиялық өңдеу бағыты болатын. Оқуды аяқтағаннан кейін 1990 жылы Ақтөбе қаласына жолдамамен жіберіліп, сонда еңбек жолымды бастадым. 168/2 түзеу мекемесінде сапа жөніндегі инженер болып, жиһаз жасаушыларға жетекшілік еттік. Қызмет барысында аға лейтенант шеніне дейін көтерілдім. Ол кез КСРО дәуірінің құлдырауға бет алған шағы еді. Кейін басқа қызметке ауысу жоспары болғанымен, ол мүмкін болмады. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында еліміздің экономикалық жағдайы қиындап, ірі өндіріс ошақтарынан бастап шағын мекемелерге дейін қаржы дағдарысына ұшырады, жұмыс орындары біртіндеп қысқара бастады. Жұмыссыз қалған адамдар саны көбейіп, ел сеңдей соғылды. Міне, сол кездері, яғни 1994 жылы мен де өз еркіммен жұмыстан кеттім. Одан кейін ол салаға қайта оралуға талпыныс жасағаныммен, бірақ нәтиже шықпады. Жұмыссыздық кезеңі менің отбасымда да басталып, түрлі уақытша жұмыстарды атқаруыма тура келді. Жас ұлғайған сайын тұрақты жұмыс табу қиындай түсті. Бір кездері жеке көлігіммен адам тасып, елге такси қызметін ұсынумен де айналыстым. Кейін «Жасыл ел – Тараз» мекемесі жас ерекшелігіне қарамай жұмысқа қабылдайтынын естіп, осы жылдың сәуір айында осында жұмысқа орналастым.
Қазір Тұңғыш Президент саябағында шымдар мен өзге де жасыл желектерді суару жұмыстарын атқарамын. Негізгі міндетіміз – суару жүйелерін бақылау, сусорғылардың үздіксіз жұмыс істеуін қадағалау, ағаштар мен өсімдіктердің қажетті ылғалды уақытылы алуын қамтамасыз ету. Еңбекақым шамамен 200 мың теңге көлемінде. Жұмыс келісімшартым 1 қарашаға дейін жасалған, әрі қарай жалғасу жалғаспау мәселесі сол кезде шешіледі. Егер ұзартылмаса, көктемде қайтадан жұмысшылар қабылданады деген ақпарат бар, – дейді ол.
Біздің тағы бір кейіпкеріміз Талғат Болатұлы 1999 жылдан бері қала тазалығы үшін аянбай тер төгіп келеді. 2006 жылы «Жасыл ел – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жұмысқа орналасқан, түрлі лауазымдарда тәжірибе жинақтаған. Ал бүгінде бас механик есебінде еңбек етеді. Оның қарамағындағы механизация бөлімі қала тазалығы мен көгалдандыру жұмыстарында қажет техникаға күтім жасайды.
– Қазіргі таңда механизация бөлімінде 100 техника есепте тұр. Олардың қатарында қар тазалайтын, қоқыс таситын және суару жұмыстарына арналған арнайы көліктер бар. Біз соның бәрінің техникалық жағдайын бақылап, күнделікті жұмысқа жарамдылығын қадағалаймыз. Қажет болған жағдайда техниканы әртүрлі бөлімдерге бөлу, қайта бағыттау жұмыстарын да атқарамыз. Сонымен бірге барлық жөндеу жұмыстары мен техникалық қызмет көрсету тәртібі толық бақылауда.
Құрамымызда бір механик, екі гараж меңгерушісі және 100 жүргізуші бар. Техниканың шамамен 70 пайызы ескі болғандықтан, жиі жөндеуді қажет етеді. Кейбір қосалқы бөлшектерді табу да қиындық туғызады, соның салдарынан кейде жұмыстар уақытша тоқтап қалатын жағдайлар болады.
Қызметкерлердің жас құрамы әртүрлі. Ең жас маманымыз 24 жаста болса, ең үлкені 64 жаста. Дегенмен жастардың бұл салаға қызығушылығы төмендеу екенін байқаймыз. Биыл автопаркті жаңарту жоспары бар, шамамен 70-80 жаңа техника алу көзделіп отыр. Бұл жұмыс сапасын арттыруға үлкен мүмкіндік береді деп ойлаймын. Жалақы мөлшері атқаратын қызметі мен санатына қарай әртүрлі, орта есеппен 200 мың теңгеден жоғары деңгейде, – деді Талғат Болатұлы.
Бүгін біз сөз еткен жандардың өмірі тағылым мен өнегеге толы. Олардың әрқайсысы қаланы шын жүрегімен сүйетіндіктерін іспен дәлелдеген жандар. Қыстың ызғарлы желі, қара суығы мен сақылдаған сары аязына, жаздың аптап ыстығына қарамастан тазалықты ту етіп, еңбек етуден аянбаған мамандардың есімі қоғамда ескерілуі тиіс. Әрі олар ең үлкен құрметке лайық деп білеміз.
Сіздің реакцияңыз қандай?