Таласта 2027 жылға дейін 7 ірі инвестициялық жоба іске асады
Бүгінде Талас ауданында Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер оң нәтиже көрсетіп отыр. Ауданда 2027 жылға дейін 7 ірі инвестициялық жоба іске асады – деп хабарлайды jambylmedia.kz ақпараттық порталы.
Ауданда 2023-2027 жылдарға 49,6 млрд теңгеге 7 ірі инвестициялық жоба жоспарланған. Онда 612 адам жұмыспен қамтылатын болады.
Өнеркәсіп өнімі – 32,5 млрд теңгеге, инвестициялар – 31,8 млрд теңгеге, бөлшек сауда – 4,7 млрд теңгеге, құрылыс жұмыстары – 12,1 млрд теңгеге ұлғайды. Ал пайдалануға берілген тұрғын үй – 22 155 шаршы метрге жетіп, ауыл шаруашылығы өнімі – 18,4 млрд теңгені құрады.
Талас ауданында шағын және орта бизнес тұрақты дамып келеді. Бүгінде олардың тіркелгені – 3811 субъект болса, мемлекеттік бағдарламалар аясында 2,4 млрд теңгеге ұзын - саны 64 жоба іске асуда.
Ауданда 23 елді-мекен бар. Қазіргі танда 17 елді мекен (15515 адам) газдандырылған немесе 73,9%-ды құрады. 2027 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізу көзделіп отыр.
Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Талас ауданының халқымен кездесу өткізді.
Басқосуда ауданның дамуына қатысты өзекті мәселелер талқыланып, азаматтардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
Ербол Қарашөкеев жергілікті атқарушы органдардың басты міндеті – халықтың әл-ауқатын арттыру екенін атап өтіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды.
- Талас ауданы тыныдырымды тірліктерінің арқасында әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң нәтижеге қол жеткізіп отыр. 2025 жылдың қаңтар–қазан айларында Талас ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты өсіммен жалғасты. Даму динамикасы бар. Инвестициялар көлемі айтарлықтай артты, ірі жобалар іске асуда, ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласында нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Аудан көлемінде 2023-2027 жылдарға 49,6 млрд теңгеге 7 ірі инвестициялық жоба жоспарланған. Онда 612 адам жұмыспен қамтылатын болады. Инженерлік инфрақұрылым жаңғырып, тұрғындардың газ, су, жол және әлеуметтік қызметтерге қолжетімділігі жақсарды. Алдағы кезеңде де экономиканы әртараптандыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатын болады, деді Жамбы облысының әкімі Ербол Қарашөкеев.
Ал 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында облыстың экономикалық өсімі 10,2 пайызды құрады. Негізгі капиталға 491 млрд теңге инвестиция тартылды.
Өңірдің инвестициялық қоржынында 2028 жылға дейін іске асырылатын, 6,3 мыңнан астам жұмыс орнын қамтитын 62 ірі жоба бар. Биыл құны 161 млрд теңге болатын 26 жоба жүзеге асырылып, 1,1 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ. Жыл басынан бері 8 жоба (13,3 млрд теңге) іске қосылып, 184 адам жұмыспен қамтылды.
Ербол Қарашөкеев қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтырудың, қылмыстың алдын алу мен қоғамдық қауіпсіздікті сақтау шараларын күшейтудің маңыздылығын баса айтты. Сонымен бірге жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық пен әлімжеттік мәселелерін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Сұрақ-жауап бөлімінде тұрғындар газ тарту, қоғамдық көлік бағытын ашу, әлеуметтік көмек, қаңғыбас ит-мысықтарды аулау, спорт нысандарының құрылысы және көшелерді жарықтандыру мәселелерін көтерді.
Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы ірі өндіріс орындарының жұмысымен танысты.
2015 жылы іске қосылған «Жамбыл Недр» ЖШС-і 70-ке жуық азаматты жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпорында жылына 300 мың тонна М-400 маркалы цемент өндіріледі. Ағымдағы жылдың 9 айында 6,4 мың тонна цемент, 9,1 мың тонна минералды ұнтақ өндірілді.
Кәсіпорын басшылығы жылына 75 мың тонна әктас өңдеуге қауқарлы зауыт құрылысын бастап кетті. Бұл жобаға 2 млрд.теңге инвестиция салынған. Қосымша 80 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
«Karatau Chemicals» пиросульфит өңдеу зауытының құрылысы толық аяқталған. Қазіргі таңда өндіріс ошағын іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жобаға 2 млрд. 800 млн. теңге инвестиция тартылды.
Облыс әкімі кәсіпорынға инфрақұрылым тарту, электр желісімен қамту мәселесін шешу бойынша қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Сапар соңында Ербол Қарашөкеев аудан әкімдігіне аралау барысында көтерілген мәселелер бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
Ұлдана Жұбай - jambylmedia.kz
Сіздің реакцияңыз қандай?