Өңір өндірісінде жарақат алу дерегі азайды
Елімізде өндірісте жарақат алу деңгейі төмендеді. Жалпы оқыс жағдайлар өткен жыл мен биылғы мамыр айы аралығында 16,9%-ға азайған. Бұл ретте өндірісті өңір саналатын Жамбыл жерінде де еңбек жарақатын алу едәуір азайды. Өйткені қауіпсіздік талабын қатаң сақтағаннан бөлек, аймақтағы кәсіпорындардың заманауи құрылғылармен қамтылу деңгейі жоғары.
Жамбыл облысында 903 өнеркәсіп саласындағы кәсіпорын бар. Оларда 41 мыңға жуық адам еңбек етеді десек, 19 мыңы зиянды және қолайсыз жағдайда жұмыс істеуге мәжбүр. Әсіресе химиялық тауар өндіретіндер қауіпсіздікке қатаң қарайды. Мәселен мына полиэтилен өнімдерін шығаратын кәсіпорында күнделікті жұмыс ережені еске түсіруден басталады.
«Бұл жерде өте қауіпті, өздеріңіз көріп тұрғандай кесіледі, пішіледі және тігіледі. Бұл жарақат алу қауіпі өте жоғары. Сондықтан қауіпсіздік ережесін өте жоғары деңгейде сақтаймыз. Соның арасында ешқандай жарақатсыз осы күнге дейін жұмыс жасап келе жатырмыз» – дейді, өндірістік шебер болып жұмыс істейтін Оралхан Құрманбетова.
Жылына 5 мың тонна тауар шығаратын кәсіпорында 100 адам жұмыс істейді. Олардың жабдықтары жаңа болғанымен барлығы бірдей қауіпсіз емес. Мұнда қанар тігіп, қапшық жасаудың өзі қауіпті. Алдымен мұндағы полипропилен шикізаты 240 градуста арнайы пеште балқиды. Ары қарай қазандығы бар құрылғымен қауіпсіздік талабын сақтап жұмыс істемесе қызметкер күйіп қалуы мүмкін.
Ал дәл осы кәсіпорында өңір бойынша еңбек жарақаты ең аз тіркелген. Кез-келген кәсіпорында алдымен адам өмірі мен қауіпсіздігін бірінші орынға қою гуманды көзқарас болуы керек деді, зауыт әкімшілігі.
«Біз бірінші жұмысқа келген операторларымыздың жағдайына, өзін қалай сезінуіне қараймыз. Жұмысқа жарамды болса ғана жұмысқа жібереміз. 15 жылдың ішінде 2 ғана жағдай болды. Оның өзі операторлардың қауіпсіздік қызметін дұрыс сақтамағандығынан болды» – деді сайтымызға берген сұхбатында зауыт директорының орынбасары Бекнияз Қаржауов.
Аймақта жыл басынан бері өндіріс орындарында 24 жазатайым оқиға болды. Салдарынан 28 адам жарақат алып, 4 адам қаза тапқан. Бірақ бұл былтырғы көрсеткіштен 8 оқиғаға аз. Өйткені өңірдегі өндіріс орындарда өлім-жітімді азайту мақсатында нөлдік жарақаттану бағдарламасы енгізілген.
«Жамбыл облысында «Vizion Zero» бағдарламасын 24 кәсіпорын, ал «Халықтық бақылау» жобасын 15 кәсіпорын енгізді, 941 өндірістік кеңес құрылып, 1 333 техникалық инспекторлар жұмыс жасауда. Мұның барлығы жұмысшы адамдардың еңбек қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау мақсатында қолға алынған» – деді, Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекторы Бақытжан Құраметов.
Сондай-ақ биыл аймақта еңбек инспекциясы мен облыстық прокуратура қызметкерлері «Қауіпсіз еңбек» жобасын іске қосты. Бұл бағытта ірі кәсіпорындарға Көмек-QR кодтары орнатылған. Жұмысшылардың еңбек құқықтары бұзылған жағдайда көмекке жүгіну мүмкіндігі қарастырылған.
Ұлдана Жұбай - jambylmedia.kz
Сіздің реакцияңыз қандай?