Жамбылда жасанды интеллекттің даму деңгейі қандай?
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа кезеңдегі негізгі бағыттары айқындалды. Президент барлық саланы заманауи талаптарға сай жаңғыртуды, соның ішінде цифрландыру мен жасанды интеллектіні кеңінен қолдануды стратегиялық басымдық ретінде белгіледі.
Бұл бағытта Жамбыл облысында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Қазіргі уақытта Smart Region стратегиясы әзірленуде. Бұл құжат облыстың барлық аудандарын және елді мекендерін қамтып, әлеуметтік-экономикалық салаларды толық цифрландыруға бағытталған.
Білім беру саласында жасанды интеллект негізіндегі FaceID технологиялары енгізілуде. 630 білім беру ұйымында орнатылған «ақылды бейнебақылау» жүйелері буллинг пен агрессивті әрекеттерді, қауіпті заттарды анықтап, балалардың қауіпсіздігін арттыруға ықпал етуде.
Денсаулық сақтау жүйесінде қатерлі ауруларды ерте диагностикалау құралдары енгізілді. Бүгінде облыстағы 22 медициналық нысан мен 33 пунктте заманауи жабдықтар орнатылған. Сонымен бірге, 91 медициналық мекемеде FaceID жүйесі қолданылып, қызмет көрсету сапасын едәуір жақсартты.
Жер қатынастары мен құрылыс саласында деректер жинақталып, өзектендірілуде. Жиналған ақпарат жасанды интеллект арқылы талданып, тиімді басқарушылық шешімдер қабылдауға негіз болуда.
Қоғамдық қауіпсіздік бағытында да айтарлықтай өзгерістер бар: облыс аумағындағы 2000 бейнебақылау камерасы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылып, іздеудегі және күдікті тұлғаларды автоматты анықтау мүмкіндігі іске асырылды.
Сонымен қатар, азаматтардың өтініштерін талдау саласында жаңа пилоттық жоба жүзеге асуда. 109 колл-орталығына жасанды интеллект енгізіліп, телефон арқылы түскен өтініштер автоматты түрде мәтінге айналдырылады және олардың тоналдығы анықталады. Бұл мемлекеттік органдардың халықпен байланысын нығайтып, өтініштерге жедел әрі сапалы жауап беруге мүмкіндік береді.
Инфрақұрылымды күшейту мақсатында облыс әкімдігі ғимаратында орналасқан серверлік орталықтың қуатын арттыру және ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қолға алынған. Сонымен бірге, өңірлік геоақпараттық жүйені деректерді талдау платформасына айналдыру бағытында да тұрақты жұмыс жүргізілуде. Қазіргі таңда 10 мемлекеттік деректер базасымен интеграция жасалды, алдағы уақытта олардың саны 30-ға дейін жеткізілмек. Бұл жол сапасын бағалау, қауіпсіз аймақтарды талдау, жер қойнауын пайдалануын бақылау, егістік алқаптарын спутниктік суреттер арқылы анықтау, сондай-ақ табиғи апаттардың алдын ала болжау сияқты нақты міндеттерді шешуге жол ашады.
Қорытындылай келе, Жамбыл облысында Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмаларды орындау бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Барлық бастамалар тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, мемлекеттік қызметтердің тиімділігін көтеруге және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруге бағытталған.
Сіздің реакцияңыз қандай?