№59 мекемесінде бейнебайланыс орнатуға арналған видеотаксофон іске қосылды
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №59 мекемесінде сотталғандардың жақын туыстарымен байланысын нығайту мақсатында жаңа қабылданған заң талаптарына сәйкес бейнебайланыс (видеотаксофон) қызметі ұйымдастырылды.
Қазақстанның түзеу мекемелерінде сотталғандардың туыстарымен әлеуметтік байланысын сақтау мақсатында арнайы бейнебайланыс терминалдары мен жүйелері орнатылуда. Осыған орай, №59 мекемесінде де сотталғандардың бейнеқоңырау арқылы жақындарымен сөйлесуіне арналған арнайы құрылғылар орнатылып, қажетті техникалық жағдай жасалды.
Бейнебайланыс арқылы сөйлесу арнайы терминалдар мен Skype платформасы арқылы бейнеқоңырау форматында жүзеге асырылады. Бұл мүмкіндік сотталғандардың қоғамнан және отбасынан қол үзіп қалмауына, жақындарымен тұрақты байланыста болуына жағдай жасап, әлеуметтік пайдалы қарым-қатынастарын сақтауға оң ықпал етеді.
Бейнебайланыс сеанстары мекеменің ішкі тәртіп ережелеріне сәйкес және белгіленген арнайы кесте бойынша ұйымдастырылады. Байланыс барысында мекеме әкімшілігі белгіленген тәртіптің сақталуын қамтамасыз етіп, сотталғандардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуына ерекше назар аударады.
Туыстарымен тұрақты байланыста болу сотталғандардың моральдық-психологиялық жағдайын жақсартуға, отбасылық қарым-қатынастарды сақтауға және олардың қоғамға қайта бейімделуіне маңызды әсер етеді.
№59 мекемесінде сотталғандардың заңмен белгіленген құқықтарын қамтамасыз ету, әлеуметтік байланыстарын сақтау және отбасымен қарым-қатынасын нығайтуға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Сіздің реакцияңыз қандай?