2029 жыл: жалпы құны 4,1 трлн теңгені құрайтын 62 жоба іске асады
Елімізде өңдеу өнеркәсібіндегі қосымша құн көлемі бес жылда 25 пайыздан астам өсті. Бұл – тау-кен саласынан едәуір жоғары көрсеткіш – деп хабарлайды jambylmedia.kz ақпараттық порталы.
Президент Астана төріндегі ауыл әкімдерінің диалог түріндегі форумында «Шикізаттық емес экспорт көлемі 2 есеге жуық ұлғайды» деп атап өтті.
Соңғы жылдары елімізде негізгі капиталға тартылған инвестиция 70 пайызға көбейді.
Нақты сектордағы еңбек өнімділігі 40 пайызға артты.
Шикізаттық емес экспорт көлемі 2 есеге жуық ұлғайды.
Тауарын шетелге өткізетін кәсіпорындар саны 3 есе көбейді. Соның арқасында бүгінде өнімдеріміз 140 мемлекетке шығарылады. Қазақстан тауарлары әлемдік нарықтан өз орнын алып жатыр деп күмәнсіз айтуға болады. Осы орайда, шағын және орта бизнестің рөлі айрықша екені сөзсіз.
Жалпы, еліміздегі кәсіпкерліктің даму қарқыны – белсенді, бүгінде олардың экономикадағы үлесі 40 пайызға жетті.
Бес жылда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1,5 есе артты, ал шығарылатын өнім көлемі 2,5 есе көбейді. Елімізде жұмыс істейтін азаматтардың жартысына жуығы, яғни 4,5 миллион адам бизнес саласында еңбек етеді».
Мемлекет басшысы: «Еліміздің ішкі жалпы өнімі алғаш рет 300 миллиард доллардан аспақ»
«Бәсекеге қабілетті бизнес – кез келген мемлекеттің тірегі. Биыл Қазақстан экономикасының өсімі 6 пайыздан асады деп болжануда. Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Еліміздің ішкі жалпы өнімі алғаш рет 300 миллиард доллардан аспақ.
Өздеріңіз білесіздер, қазір біз инфрақұрылымды дамытуға, экономиканы әртараптандыруға баса мән беріп жатырмыз.
Сондықтан Үкімет дайын өнім экспортын арттыру ісімен белсенді түрде айналысуы қажет. Қазіргі таңда бұл салада біраз жетістіктеріміз бар».
2029 жылға дейін жалпы құны 4,1 трлн теңгені құрайтын 62 жоба іске асады
Бұл ретте Жамбыл облысына тоқталар болсақ, аймақта 10 аудан, облыстық маңызы бар Тараз қаласы және аудандық маңызы бар Қаратау, Жаңатас, Шу қалаларымен қоса жалпы 371 елді мекен бар.
Жамбыл облысында жыл соңына дейін 24 ауылдық елді мекен және Тараз, Шу, қалаларының 9 тұрғын алқабы ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
Президенттің тікелей тапсырмасына сәйкес, Жамбыл облысын 100% ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында биыл 13,9 млрд. теңгеге 24 ауылдық елді мекен мен 9 тұрғын алқапта ( Тараз қаласы - 5, Шу қаласы - 4 ) құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 11,1 млрд. теңгесі игерілді.
Жалпы, облыста 371 елді мекен бар (1,222 млн. адам), оның 4-уі қала және 367-сі ауылдық елді мекен.
Бүгінгі күнге, 19 елді мекенде (Байзақ ауд. - 2, Жамбыл ауд. - 4, Қордай ауд. - 3, Меркі ауд.- 2, Мойынқұм ауд. - 2, Т.Рысқұлов ауд. - 4, Талас ауд. - 1, Шу ауд. - 1) және 5 тұрғын алқаптың (Шу қ. - 4, Тараз қ. - 1) құрылыс жұмыстары толық аяқталып, тұрғындар сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді.
Сондай-ақ, 3 елді мекен мен 4 тұрғын алқаптың құрылыс жұмыстары аяқталып, нысандарды қабылдау-тапсыру жұмыстары жүргізілуде. Қалған 2 нысандағы құрылыс көлемі 90%-ға дейін аяқталып отыр.
Жалпы барлық нысандардағы құрылыс жұмыстары тұрақты бақылауда. Жыл соңына дейін барлық нысандардағы құрылыс жұмыстарын аяқтап, тұрғындар 100% сапалы ауыз сумен қамтылатын болады.
Бұл нысандар бойынша бүгінде жұмыстар күшейтіліп, тұрақты бақылауға алынған. Жалпы ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша нысандардағы құрылыс жұмыстары қатаң бақылауда жыл соңына дейін барлық нысандардағы құрылыс жұмыстарын аяқтап, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады.
Ал биыл Жамбы облысында соңғы 10 айда экономикасына 553,6 млрд теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,4 есеге көп. Инвестиция көлемінің өсу қарқыны бойынша өңір республикада үздік үштікке кірді.
Тартылған қаражаттың негізгі бөлігі – 82%-ы жеке сектордың үлесінде, бұл бизнестің өңірдегі экономикалық ахуалға деген жоғары сенімін көрсетеді.
Жыл басынан бері 21 млрд теңгенің 10 жобасы іске қосылып, 282 жұмыс орны ашылды. Ал 2025 жылға арналған жоспар бойынша 26 жобаны жүзеге асырып, 1,1 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделген.
2029 жылға дейін жалпы құны 4,1 трлн теңгені құрайтын 62 жобадан тұратын (8,3 мың жаңа жұмыс орны) инвестициялық қоржын қалыптастырылды. Бұл бастамалар минералды тыңайтқыштар өндірісі, металлургия, химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және жоғары технологиялар сынды негізгі салаларды қамтиды.
Өңірде индустриялық инфрақұрылым да қатар дамып келеді. «Тараз» индустриялық аймағында жалпы құны 113 млрд теңгені құрайтын 23 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның ішінде 9 жоба іске асырылып, 200 жұмыс орны ашылды.
Сонымен қатар «Тараз» индустриялық аймағы мен «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағының аумағында 40 мың шаршы метр өндірістік ғимараттар қолданысқа берілді. Олар – жеңілдетілген жалдау шарттары мен толық инфрақұрылымымен ерекшеленетін, кәсіпорындардың іске қосылу уақытын айтарлықтай қысқартатын нысандар.
Жоғары сұраныс қазірдің өзінде байқалуда – құны 1,7 млрд теңге болатын 3 жоба іске асырылды. Оның ішінде есік өндірісі, фиброцемент плиталары мен шыңдалған шыны өндірісі бар.
«Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағының жалпы аумағы 905 гектарды құрайды. Инвесторлардың қызығушылығының артуына байланысты оның аумағы 1,2 мың гектарға дейін кеңейтіледі. Жоспарланған 18 инвестициялық жобаның ішінде жалпы құны 29,2 млрд теңгені құрайтын алты жоба іске қосылды. Қалған жобалардың жалпы құны – 1,6 трлн теңге. Аймақта глифосат, полиэтиленнен жасалған құбырлар мен шлангтар, аммоний бифториді және басқа да өнімдер өндірісі жолға қойылды.
Ұлдана Жұбай - jambylmedia.kz
Сіздің реакцияңыз қандай?