Қазақ өнерінің қаранары Асанәлі Әшімов өмірден өтті
Қазақ өнерінің қаранары Асанәлі Әшімов өмірден өтті
Бүгіг қазақ өнері қара жамылды. Асанәлі ағаның да соңғы сағаты соғыпты.
Ол Қазақстан киносы мен театр өнеріндегі тау тұлға еді.
Бүгін Қазақ КСР халық әртісі Асанәлі Әшімов өмірден өтті деген хабарды естіп қабырғамыз қайысты.
Асанәлі Әшімов елдің ұлы, халқының сүйікті перзенті, біздің жамбылдық жерлесіміз.
1937 жылы Жамбыл облысы Сарысу ауданында дүние есігін ашты.
Ол кино және театр актері, режиссер, театр педагогы, профессор ретінде қазақ өнерінің қарыштап дамуына қомақты үлес қосты.
Өнердің биік шыңын бағындырып, еселі еңбегі үшін мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты атанды.
Соңғы сапарына шыққан ағамыздың рухы шат болсын! Оның отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын.
Асанәлі Әшімов 1958 жылы түсірілген әйгілі “Ботагөз” фильміне студент кезінде-ақ түсті.
Ал көптің көзайымына айналған Шәкен Аймановтың «Атаманның ақыры» фильміндегі рөлін ел ерекше ықыласпен қабылдады. Кинокартинаны 1972 жылдың өзінде 30 миллионға жуық көрермен тамашалады.
Сондай-ақ «Транссібір экспрессі», «Маньчжур нұсқасы», «Қыз-Жібек» фильмдері халықтың жүрегінен орын алды.
Жалпы ол кино мен театрдың терезесін тең ұстады. Өнердегі өнегелі еңбек жолында 30-дан астам фильмге түсіп, Әуезов атындағы қазақ драма театрының сахнасында 50-ге жуық рөлді сомадады, 1963 жылдан бастап актер және режиссер ретінде еңбек жолын бастады. Театр және кино өнеріндегі еңбегі үшін КСРО Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты және Қазақстанның Еңбек Ері (2017) атағын алды.
Ол Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры сахнасында Мұхтар Әуезовтің «Абайында» - Керім рөлін, «Еңлік-Кебегінде» - Кебекті, «Қара қыпшақ Қобыландысында» - Айшуақты, «Таңғы жаңғырығында» - Жарасбайды, Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» - Қодарды және өзге де кейіпкерлерді ерекше сомдап, актерлік шеберліктің шыңын танытты.
Көрнекті артист басшылық қызметтерді де абыроймен атқарды. Ұзақ жылдар бедерінде Қазақстан театрлар ассоциациясының президенті қызметін атқарды. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі болды.
Жаныңыз жанатта болсын, жақсы аға!
Сіздің реакцияңыз қандай?