Тараздың тазалығына жауаптылардың жұмысы

Тараздың тазалығына жауаптылардың жұмысы
Шаһардың көшесі таза болып, жасыл желегі жайқалып тұрғаны кімге де болсын жайлылық сыйлайды. Бірақ осының артында жасына да, басқасына да қарамай, қажыр-қайратымен қаланың келбеті үшін тынымсыз еңбек еткен жандардың маңдай тері жатыр. Бүгін осы салада үлкен жауапкершілікті арқалап жүрген «Жасыл ел – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен оның маңдайалды мамандары туралы сөз қозғауды жөн көрдік.

Тараздың тарихына көз жүгіртсеңіз, тамырын тым тереңнен табасыз. Сөзімізге тұздық, XVIII ғасырда Әулиеата аталған шаһар 1997 жылдан бастап бүгінгі атауын қайтарды. Бүгінде 427 мыңнан астам тұрғыны бар қаланың тазалығына «Жасыл ел – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жауапты.

1998 жылдан бері халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп келе жатқан мекеме қызметкерлері таңмен таласа, жұмысына асығады. Күннің ыстығы мен суығына қарамастан, тазалау, күтіп баптау сынды жұмыстарды атқарып, тынбай тер төгеді. Бүгінде серіктестік құрамында 1000-нан астам адам еңбек етеді. Ал басшылық қызметке 2025 жылдың тамыз айында Ғалымжан Қайназаров тағайындалған. Түрлі салада тәжірибе жинақтаған оның айтуынша, ұжым тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруды мақсат тұтады.

– Еңбек жолымды 1990 жылы облыстық статистика департаментінде 3-разрядты кесу құрылғысының машинисі қызметінен бастадым. 1996 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққанға дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінде жедел және басшылық лауазымдарда қызмет атқардым. Ал 2019 жылы «Қазақстан темір жолы» компаниясы құрамындағы корпоративтік қауіпсіздік саласында еңбек еттім. 2025 жылдың тамызына дейін «Тараз индустриялық аймақ» басқарушы компаниясының директоры қызметін атқардым. Одан кейін сол жылдың тамыз айынан бастап бүгінгі күнге дейін осында жұмыс істеп келемін.

Серіктестіктің негізгі міндеті – қаланың санитарлық және экологиялық жағдайын тұрақты деңгейде ұстап тұру, тұрғындарға қолайлы әрі таза өмір сүру ортасын қалыптастыру. Қазіргі таңда мекеме құрылымы 10 бөлім мен 9 учаскеден тұрады. Жалпы штаттық кестеге сәйкес 1073 қызметкер еңбек етеді.

Негізгі жұмыстар қатарында қала көшелері мен жаяу жүргіншілер жолдарын, арық-каналдарды тазалау, саябақтар мен скверлерді күтіп ұстау, қураған ағаштарды кесу, көгалдандыру, гүл өсіру және суару жұмыстары бар. Сонымен қатар тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару, арнайы техникаларды пайдалану және жөндеу, құрылыс-жөндеу, энергетика, күзет, диспетчерлік қызмет, еңбек қауіпсіздігі, кадр, заң және есеп бөлімдері де тұрақты жұмыс істейді. Барлық бөлімдер мен учаскелер қала инфрақұрылымының тазалығы мен көркеюін қамтамасыз етіп, тұрғындарға сапалы коммуналдық қызмет ұсынуға үлес қосып келеді.

Соңғы жылдары футбол алаңшаларын жөндеу, қоғамдық көлік аялдамаларын алмастыру, саябақтарды жарықтандыру, балалар ойын алаңшаларын қалпына келтіру, қоқыс алаңшаларын жаңарту және суармалы жүйелерге ұңғымалар орнату бағытында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар қала аумағында жасыл желектерді көбейтуге ерекше көңіл бөлінуде. Биыл көктемінде 15 мыңнан астам ағаш отырғызылды. Оның 10 мыңы «Жасыл белдеу» жобасы аясында егілді. Ал күз мезгілінде қосымша түрлі тал көшеттерін отырғызу жоспарланған, – деді Ғалымжан Уәлиханұлы.

Серіктестік директорының айтуынша, мекеме жанындағы жылыжайларда биыл 1 миллионнан астам гүл өсіріліп, қаладағы гүлзарларды безендіруге пайдаланылып жатыр екен. Ол өз сөзінде кейбір тұрғындардың ортақ мүлік пен аулалардың тазалығына жауапкершілікпен қарамауы маңызды мәселелердің бірі екенін тілге тиек етті. Соның салдарынан кейбір аумақтардың санитарлық жағдайы төмендеп, барлық жауапкершілік коммуналдық мекемеге жүктеледі екен. Алдағы жоспарлармен бөліскен мекеме басшысы баршаға шаһар тазалығы ортақ жауапкершілік екенін жеткізгісі келетінін айтты.

– Күн сайын мекеме басшылығының қатысуымен арнайы жиналыс өткізіліп, атқарылатын жұмыстардың жоспары бекітіледі. Соған сәйкес жұмысшылар мен арнайы техникалар округтер бойынша бөлініп, қала тазалығын қамтамасыз ету жұмыстарына жұмылдырылады.

Қазіргі таңда тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау жұмыстарымен жеке кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Сонымен қатар қалдықтарды қайта өңдейтін зауыт салу бойынша шетелдік инвесторлармен бірлескен жоба жасау жоспарлануда. Алдағы уақытта тиісті келісімшарттарға қол қойылып, зауыт құрылысына қажетті құжаттарды рәсімдеу және жобалау жұмыстары басталмақ.

Мекемеде қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөлінуде. Жұмысшылар ыстық тамақпен, арнайы жұмыс киімдерімен және қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған. 2026 жылдан бастап қарапайым жұмысшылардың жалақысы өткен жылмен салыстырғанда екі есеге өсіп, орташа есеппен 206 мың теңгені құрады. Сонымен қатар үздік қызметкерлерге сыйақылар мен марапаттар табысталады. Мамандарды жұмысқа қабылдау кезінде ең алдымен жауапкершілікке, тәртіпке және өз жұмысына деген адалдыққа мән беріледі. Сонымен бірге кәсіби біліктілігімен қатар ұжыммен жұмыс істей білуі, еңбекке деген ынтасы мен сенімділігі де маңызды рөл атқарады.

Алдағы уақытта жүзеге асырылып жатқан жобаларды сапалы аяқтап, тұрғындардың игілігіне беруді көздеп отырмыз. Сонымен қатар қаланың экологиялық жағдайын жақсарту, көгалдандыру жұмыстарын кеңейту және тазалық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасады. Осы мақсатта "Таза қала- таза болашақ" атты байқау ұйымдастырылуда.

Қала тазалығы – баршамызға ортақ жауапкершілік. Сондықтан барлық тұрғындарды туған қаламызды таза ұстап, санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстарына бірге атсалысуға шақырамыз. Тазалық әр адамның өз ауласынан, өз көшесінен басталады. Қала тұрғындарын табиғатты аялауға, қоғамдық орындарды таза ұстауға және қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға шақырамыз, – деді Ғ.Қайназаров.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow