QJ League төртінші маусымы мәреге жетті

QJ League төртінші маусымы мәреге жетті

Қазақстандағы жасөспірімдер футболын жаңа деңгейге көтеруді мақсат еткен Freedom QJ League жарысының биылғы маусымы мәресіне жетті - деп хабарлайды jambylmedia.kz хабар агенттігі. 


2023 жылы бастау алған бұл жоба еліміздегі жасөспірімдер футболының дамуына тың серпін беріп, жас ойыншылардың кәсіби тұрғыда қалыптасуына жаңа мүмкіндіктер ашты. Матчтардың тікелей эфирде көрсетілуі, сапалы қонақүйлер мен жол жүру логистикасының ұйымдастырылуы және өзге де жағдайлардың жасалуы – барлығы жас футболшылардың дамуына бағытталған жүйелі жұмыстың көрінісі.
«Тараз» футбол клубы лига құрылған жылдан бері жарысқа қатысып келеді. 2024 жылғы маусымда U-18 жас санатындағы командамыз қола жүлдеге қол жеткізген болатын. Ал биылғы маусымда төрт жас санатындағы командамыз қандай нәтиже көрсетті? Саралап көрейік.

Айта кетейік, биылғы маусымда барлық төрт жас санатында да алматылық «Қайрат» қарсыластарынан басым түсіп, чемпиондық атаққа ие болды.

U-18: Самат Наурызбаев жаттықтыратын команда маусым барысында сәтті ойындар сериясын көрсеткенімен, жалпы алғанда, тұрақтылық жетіспеді. 22 кездесуде 5 жеңіске жетіп, 6 рет тең түсіп, 11 ойында жеңіліс тапты. Нәтижесінде 21 ұпай жинаған «Тараз» U-18 командасы 12 ұжымның арасында 9-орынға тұрақтады.
Өткен маусымдағы қола жүлдеден кейін биылғы нәтиже көңіл көншітерлік емес. Команда жекелеген матчтарда жақсы ойын көрсеткенімен, оны бүкіл чемпионат бойы тұрақты жалғастыра алмады.

U-17: Асқар Кушикбаев баптайтын «Тараз»-U17 командасы маусымды 7-орынмен аяқтады. Чемпионаттың соңғы кезеңіне дейін алтыншы сатыда келе жатқан ұжым тек соңғы турда бір орынға төмендеді.
Команда 22 матчта 8 жеңіске жетіп, 3 кездесуді тең аяқтады және 11 рет жеңіліске ұшырады. 27 ұпай жинаған жас футболшыларымыз турнирлік кестенің орта тұсында орнықты.
Басқа жас санаттарымен салыстырғанда, U-17 командасының нәтижесі біршама тұрақты болды. Дегенмен, маусымның шешуші кезеңінде алтыншы орынды сақтап қала алмауы командаға әлі де жетілдіретін тұстар бар екенін көрсетті.

U-16: Маусым басталар алдында бұл командадан үлкен үміт күтілген еді. Алайда чемпионат қарсаңында төрт футболшының қарағандылық «Шахтер» академиясына ауысуы ұжымның құрамына әсер етті. Кейін тағы бір ойыншының шетелге қоныс аударуына байланысты команда бұрынғы қарқынын сақтай алмады.
Бекмурат Хайтмуратов жаттықтыратын ұжым 22 кездесуде небәрі 3 жеңіске жетіп, 2 рет тең түсіп, 17 ойында жеңіліс тапты. 11 ұпай жинаған команда 12 қатысушының арасында 11-орынға тұрақтады.
Әрине, негізгі ойыншылардың кетуі команданың мүмкіндігіне әсер етпей қоймайды. Дегенмен, мұндай жағдайда құрамдағы өзгерістерге бейімделіп, ойын жүйесін қайта қалыптастыру да маңызды. Маусым қорытындысы командаға келесі чемпионат алдында осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігін көрсетті.

«Тараз»-U15 командасы маусымның алғашқы жартысында жекелеген ойыншылардың шеберлігінің арқасында біршама ұпай жинай алды. Алайда екінші айналым қарсаңында екі футболшының қарағандылық «Шахтер» академиясына ауысуы ұжымның мүмкіндігіне әсер етті.
Одан кейін команда тізгінін Исмаил Ходжаев қолға алғанымен, маусымның қалған бөлігінде нәтижені түбегейлі жақсарту оңайға соқпады.
22 матчтың қорытындысы бойынша команда 5 жеңіске жетіп, 3 рет тең түсіп, 14 кездесуде жеңіліс тапты. 18 ұпай жинаған «Тараз» U-15 ұжымы турнирлік кестеде 9-орынға жайғасты.
Маусымның алғашқы бөлігінде байқалған әлеуетті толық іске асыру мүмкін болмады. Сондықтан келесі маусымда ойыншылардың жеке шеберлігін дамытумен қатар, командалық үйлесімділік пен ойын тұрақтылығына басымдық беру қажет.

КЕЛЕСІ МАУСЫМҒА ҚАНДАЙ САБАҚ?
«Тараз» футбол клубы үшін Freedom QJ League-дің төртінші маусымы бірқатар сұрақты күн тәртібіне шығарды. Төрт команданың ешқайсысы жүлделі орындарға таласқан жоқ. Әрине, жасөспірімдер футболында нәтиже ғана емес, ойыншылардың дамуы мен олардың келешегі де маңызды. Ендігі мақсат – сабақ болған жәйттарды тәжірибеге енгізіп, келесі маусымда «Тараз» командаларының нәтижесін жаңа деңгейге көтеру

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow